Заңсыз ойын бизнесі: бей-жай қарауға болмайтын мәселе

21
0

Заңсыз ойынға қатысты қылмыстар ел экономикасына келтірілген залал ғана емес, жастардың құмар ойындарға әуестігі бүгінде әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307 бабы 1 бөлігімен қарастырылған заңсыз әрекеттер бойынша 2022 жылы Қызылорда облысы бойынша ЭТД-нің өндірісінде 18 қылмыстық іс болды. Оның 17-сі аяқталып, сотқа жолданған.18 ойын орны жабылды.Аяқталған істер бойынша заңсыз айналымнан 1-ойын рулеткасы, 1-ноутбук, 103-монитор, 123-процессор, 6-телевизор, 14-кассалық аппарат, 10-терминал, 6-бейне жазғыш және 795 920 теңге ақша алынды. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті хабарлады.

Мәселен, мамыр айында қызылордалық екі азаматқа сот шешімімен айыппұл салынды. Ойын мекемесін ашып,  лицензиясыз құмар ойындарды ұйымдастыру мақсатында  Қызылорда қаласы, Қорқыт ата көшесінен лицензиясы бар «Sport-BK» ЖШС букмекерлік кеңсесінің атынан  ғимарат жалға алып, 9 дербес компьютерді интернет желісіне қосқан.  1000 АЕК көлемінде (екі миллион тоғыз жүз он жеті мың теңге), Қызылорда қаласы Ә.Тәжібаев көшесінен пәтер жалға алып,«Game» бағдарламасын қолданып онлайн ойындар сайтына кіріп, «электронды рулетка» ойын құрылғысын орнатқан азамат Қ.Н.200 АЕК көлемінде (алты жүз он екі мың алты жүз теңге) айыппұлға тартылды. Жалға берілген ғимарат пен пәтер иелеріне бұдан әрі «заңсыз ойын қызметіне үй-жайларын берген жағдайда» қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескерту тапсырылды.

Шілде айында Қызылорда қаласының тұрғыны М.Д.қаладан 2 жерден пәтер жалдап, заңсыз ойын орнын ашқан және екі орында «Рулетка», «Покер», «Блек джек», «Видеоигры» сияқты  интернет-казино ойындарын ақша қаражатымен бәс тігу арқылы ойнатқан.  Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307 бабы 1 бөлігімен қылмыстық жауапкершілікке тартылған оған сот шешімімен 200  айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды.       

Ал қазан айында Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергелген заңсыз ойын бизнесіне қатысты бес қылмыстық іс бойынша сот үкімін шығарды. Олардың алды 58 жастағы егде азамат, ең жасы 30-дағы жігіт және бір әйел кісі бар. Бесеуі де күнделікті еңбек ақысын төлеп, оператор-кассирлерді жұмысқа алған. Аталған азаматтардың ойнатқан ойын түрлері сот компьютер-технологиялық сарапшылар қорытындысымен толық расталды. Қылмыстық әрекеттері олардың мойындауымен, куәгерлер жауабымен және жасырын бақылау хаттамасымен толық дәлелденген.Қызылорда қалалық №2 соты  аталған азаматтарды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, үшеуіне 200  сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасын, ал екі азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде - 612 600 теңге айыппұл жазасы тағайындалды.

Заңсыз ойын бойынша 2022 жылдың соңғы сот үкімі желтоқсан айында күшіне енген. Азаматша У.А. ҚР ҚК-нің 307 бабы 2 бөлігі 3 тармағымен 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді және әр жыл сайын жүз сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады. Алматылық әйел Қызылорда қаласында ойын ұйымдастыруды қолға алып, Қазыбек би көшесінен көп қабытты үйден бөлмелерді жалға алған. Қызылорда облысы бойынша ЭТД қызметкерлері әшкерелегенге дейін, осында бірнеше ай заңсыз ойын ойнатып, ірі көлемде пайда тапқын. Бухгалтерлік және  қаржы-бюджеттік сараптамалар жүргізуге құзыретті мамандардың оның барлық қызмет есептеріне жүргізген қорытындысына сәйкес, осы аралықта заңсыз ойын бизнесінен тапқан табысы 8 млн 190 мың теңге болған.


Сурет ашық дереккөзден алынды


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: