Биыл Сыр өңірінің мәдениет және өнер саласында жағымды жаңалық жетерлік. Таяу күндері кәсіби өнер ұжымдарының концерттері мен іс-шаралар өткізуге арнап салынған Өнер орталығының құрылысы аяқталады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихаттың кезекті VIII сессиясында айтты. – 1000 орындық Өнер орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Орталықта кәсіби концерттік ұжымдардың дайындығына, іс-шараларын өткізуіне толық жағдай жасалған. Бұл ғимаратқа 50 жылдық тарихы бар облыстық филармония орналасады. Теміржол вокзалының аумағындағы қазіргі филармония ғимаратының концерттік залын биыл өздеріңіздің қолдауларыңызбен құрылған Жастар театрына беру жөнінде шешім қабылдадық, – деді аймақ басшысы.
Жыраулық өнердің алтын арқауы үзілмеген Сыр елінің өнерсүйер қауымы үшін тағы бір жағымды жаңалық бар. Келесі жылы өңірде Жыраулар үйі ашылады. Қуантарлығы, бұл игі бастама артық шығынды қажет етпейді.
– Мәдениет қайраткерлерімен кездесуде сүлейлер елінде облыстық Жыраулар үйін ашу мәселесі жиі көтеріледі. Мәдениет және спорт басқармасына Жастар театры жанындағы қосымша ғимаратты Жыраулар үйі етіп ашуды тапсырамын. Ол үшін арнайы мекеме құрып, артық қаржы шығындаудың қажеті жоқ. Қолымыздағы бар мүмкіндіктермен филармонияның филиалы ретінде ұйымдастыру керек, – деді облыс әкімі.
Еске салсақ, жуырда елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өтті. Астаналықтар екі күн бойы Жастар театрында Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрының сахнагерлері ұсынған «Жәмилә», «Нарком Жүргенов» спектаклін тамашалады. Ал, 9 желтоқсан күні «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Сұлу Сырдан – Ару Астанаға» атты гала концерт өтіп, астаналықтарға, елордада тұратын жерлестерімізге елдің шығармашылық сәлемі тарту етілді. Көрермен Сыр өнерпаздарының шығармашылығына ерекше қошемет көрсетті.
Сурет ашық дереккөзден алынды.