Мамыр айында Астана қаласынан Жетісай қаласына жол тарттық , мақсатымыз – марқұм Зікрия нағашымыздың қырық күндік асына қатысу, жалғыз емес Астанадан Қазыбек ағамның үйіндегі жеңгеміз Раушан, балалары Нұрбек , Исламбек төртеуіміз.
Шымкет қаласында бізді Қызылордадан келген Сәндібек інім, Ержан жиен күтіп алды, жақсы екі көлік дайындап қойған екен "Жетісай қайдасың?"- деп тартып отырдық .. әйтеуір сағат он бірдегі асқа үлгеріп құран бағыштап , жеңгемізге , балаларына көңіл айттық . Зікірия ағамыз өте жақсы адам еді , апамның балалары деп біздерді жақсы көруші еді , жағалап хабар алып тұратын, жатқан жері жәннәттә болсын ! Өзі Өзбекстанда архитектор болып қызмет жасаған кісі еді ..
Кешкісін бізді Мұхамедияр нағашы үйіне алып кетті. Үйде тоқсанға келген нағашы Ісенбек көкеміз күтіп отыр екен , ол кісі Жетісай қаласындағы атақты Совет одағына еңбегі сіңген гидротехник ..Шай үстінде өмірден өткен Нағашы ата -әжеміз туралы тарихи әңгіме көп айтылды. Менің білетінім, білмейтінім бар.
Мен Мұхамедияр ағама ұсыныс жасап: – Мына тарихты қозғап, архивтерден нақты анықтамалар алған дұрыс болар,– дедім. Ол кісі біз кеткен соң Жетісай, Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларындағы архивтерді жағалап, анықтамалар алып, маған жіберіп еді. Енді сол архив пен шежірелерден алған мағлұматтар туралы айтайын.
Темірбайұлы Алтен 1887 жылы Міртөбе деген жерде дүниеге келген . 1930жылдан Мир колхозының төрағасы болып қызмет атқарған , сауатты деп жазылған. Арабша , орысша сауатты болғанын шешем айтып отыратын. Ол кезде Қазақстанда төте жазу болған, 1940 жылдары кирилицаға ауысқаны белгілі.
Қазақстанда 1930-1933жылдардағы ашаршылықтың белең алған кезінде колхоз құрып , ел басқару кезіндегі қиыншылықты айту оңай емес, ол жүрекке үлкен салмақ. Сол жылдары қазақ халықының бір жарым миллионнан астамы ашаршылықтан қайтыс болғанын тарихтан білеміз.
1937-1938 жылдардағы саяси қуғын сүргіннің басталуы, халық жауы деп ату, қамау, жер аудару қазақ халқының он мыңдаған оқыған көзі ашық
азаматтарының репрессияға ұшырауын айтсақ , сол нәубеттен аман қалудың өзі де адам ретінде оңай болмаса керек.
Ал 1940-1945 жылдағы Ұлы Отан соғысы басталып, барлық ер азаматтар соғысқа аттанғанда, соғыстан бронмен қалып, бала - шаға, әйелдер қауымымен колхоздың жұмысын басқару сол заманның қасіреттерінің бірі еді…
Алтен атамыз сол Мир қолхозын 1930-1946 жылдарға дейін басқарған. Менің шешем айтып отырушы еді әкем Алтен аудандық партия жиналысында Айтекеңмен бірге қатысып, өткір сөздерін шешеме айтып отырғанын естіп едім деп. Айтекең деп отырғаны – біздің әкеміз офицер Айтбай Орынбайұлы 1қараша 1945-1947 жыл аралығында соғыстан келе Шорнақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған. Ол кезде шешеміз – Знаш Алтенқызы оқушы. 1947 жылдары үйленген. Мир қолхозы сол кезде Шорнақ ауданына қараса керек.
Енді әжеміз туралы архив құжатында Алтеннің әйелі Күләнда 1897 жылғы,1930 жылдан колхоз мүшесі деп жазылған. Күләндә әжеміз Қоңырат, жауғашты руынан Сәрсенбай деген болыстың қызы болған. Арабша сауатты, шебер күйші болған. Шешем айтып отырушы еді: – Атақты Дина Нүрпейісова үйге келіп, шешеммен бірге күй тартып отырушы еді, – деп. Намазын қаза қылмаған баласын дәретсіз емізбегенін айтатын ..
Архив құжатында баласы Алтенов Әбен 1920 жылғы делінген. Әбен көкеміз 1941жылы соғысқа аттанып, 1942 жылы жараланып елге оралған. Соғыстан келе әскер дайындайтын Түркістандағы жасырын әскери бөлімде қызмет атқарған. Соғыс аяқталғаннан кейін сүт өңдеу зауытының меңгерушісі болған. Қазақстан үкіметінің жарлығымен Мырзашөлде Достық каналының құрылысы басталып, мақта егу, тың игеру мақсатында 1951 жылы Жетісай ауылына Мир қолхозынан елді көшіру басталса керек , сол көшпенен Жетісай поселкелік кеңесі құрылып , 1953-1960 жыллары кеңестің төрағасының хатшысы қызметін атқарған. Соғыста алған жарақатының әсерінен 1970 жылы 31 қаңтарда өмірден озды.
Архив құжатында Алтенқызы Знаш 1928 жылғы, Алтенқызы Замиха 1932 жылғы деп көрсетілген екен.
Алтен атамыз 1951 жылы өмірден озып, Міртөбенің қасындағы ескі қорымға жерленгенін тоқсан жастағы Ісенбек көкеміз айтып отыр.
Тарихтың қойнауына қарасақ, Темірбайұлы Алтен атамыз он алты жыл Сталиндік тәртіптің қан тамған заманында колхоз басқарып, Түркістан өңіріне сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Ал, Алтенұлы Әбен көкеміз қан майданға қатысып, Жетісай қаласының құрылуына үлкен үлес қосқан азамат екенін ескерсек, ұрпақ есінде мәңгі қалдыру мақсатында Алтенұлы Әбенге Жетісай қаласынан, Темірбайұлы Алтен атамызға Түркістан қаласынан, Шорнақ ауылынан көше аттарын берсе, құба құп болар еді.
ЖАНАРБЕК АЙТБАЙҰЛЫ ОРЫНБАЕВ,
«Перзент Парызы» қоғамдық қоры,
«Желкілдек батыр» қоғамдық қорының президенті.
14.08.2025 жыл.
Суретте Алтенұлы Әбен