Еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу аяқталуға жақын – Тамара Дүйсенова

7
0

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова проактивті форматта қызмет көрсетуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы тапсырманы орындау үшін әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруды тереңдету жөніндегі жұмыс жалғасады. Оның басты міндеті – әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу және проактивтік қызмет көрсету. Сол үшін биыл Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Бірінші тоқсанда азаматтарға әлеуметтік төлемдердің қандай да бір түрін алу құқығы туралы 59 мыңнан астам SMS-хабарлама жіберілді. Бүгінгі таңда орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар картаның деректерін қайта қарау, отбасылардың мәртебесін нақтылау және мұқтаж отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету үшін жедел шаралар қабылдау мақсатында тиісті жұмысты бастады», - деді Т. Дүйсенова Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде.

Оның айтуынша, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді кеңінен тарату мақсатында:

ұсынылатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру үшін Әлеуметтік қызметтер порталын,

онлайн еңбек шарттарын жасасу үшін Электрондық еңбек биржасын,

елімізге келіп кететін азаматтардың барлық санаттарын есепке алуды және мониторингті көздейтін көші-қон ағындарынының бірыңғай есепке алу жүйесін,

мүгедектікті проактивті түрде белгілеу үшін бірыңғай терезе жүйесін дамыту қарастырылған.

Сонымен қатар ол еңбек нарығын дамыту мәселесіне тоқталды.

«Министрлік Мемлекет басшысының Жолдауында айтқан тапсырмасын орындау үшін Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 2030 жылға дейін Еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді аяқтап қалды.

Жоспардың басты мақсаты- азаматтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Халықаралық практикада сапалы жұмыс орын деп кемінде өңірдегі орташа жалақы мөлшерінде еңбекақы төленетін, әлеуметтік кепілдіктері бар, қауіпсіз, сапалы әрі тұрақты жұмыс орындарын айтады. Осыған орай жұмыспен қамту ісінің заңнамалық негізін дамытып, осы саладағы кедергілер мен өңірдегі теңсіздіктер мәселесін шешу үшін нақты шаралар ұсынылады», - деді Т. Дүйсенова.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: