Қазақстан Республикасында қазіргі заманғы құқықтық жүйенің қалыптасуы елімізде қабылданып жатқан заңнамалар сапасының қарқынды дамуымен, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің санының және нормашығармашылық қызметтің артуымен тығыз байланысты.
Ал қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің санының артуы әртүрлі құқықтық ақауларға, атап айтқанда, қарама-қайшылықтар, қайталанулар, құқықтық сызаттардың орын алуына әкеп соғуы әбден ықтимал. Мұндай жағдай құқықтық реттеудің тиімділігі мен тұтастылығын әлсіретеді және жекелеген нормативтік құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлық көріністеріне жағдай туғызуына ықпал етуі мүмкін.
Сондықтан нормашығармашылық қызмет нәтижелерінің бірыңғай, тұрақты мониторингінің кешенді үрдісін ұйымдастыру – қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің сапасын арттырудағы туындап отырған басты қажеттілік.
Нормативтік құқықтық актілерді тұрақты талдау ондағы қайшылықтарды анықтап, заңдарға сәйкестендіру шараларын қолдану Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің және оның аумақтық органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Респубикасы Заңының 50 – бабының 2- тармағына сәйкес мемлекеттік органдар өздерi қабылдаған және (немесе) әзiрлеушiлері болған не өздерінің құзыретіне жататын нормативтiк құқықтық актiлердiң мониторингiн жүзеге асырады және оларға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу немесе олардың күшi жойылды деп тану жөнiндегi шараларды уақтылы қабылдайды.
Құқықтық мониторинг Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін және ескірген құқық нормаларын анықтау, оларды іске асырудың тиімділігін бағалау әрі оларға өзгерістер, толықтырулар енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану бойынша уақытылы шаралар қабылдау мақсатында жүргізіледі.
Бұл норма, нормашығармашылық қызметпен айналысатын мемлекеттік басқару органдары өздері қабылдаған нормативтік құқықтық актілеріне тұрақты тексеру жүргізіп отыру қажеттілігін жүктейді. Яғни уәкiлеттi органдар өздерi қабылдаған немесе әзiрлеушi болып табылатын нормативтiк құқықтық актiлердiң құқықтық мониторингiн жүзеге асыруға және оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, олардың күшi жойылды деп тану жөнiндегi шараларды уақытылы қабылдауға мiндеттейді.
Н.Бодыбаев,
Қызылорда облысының Әділет департаментінің
нормативтік актілерді тіркеу бөлімі басшысының
міндеті атқарушы.
Сурет ашық дереккөзден алынды.