Аймақтағы жедел жағдайға жалпы талдау жасай отырып қарасақ, құқық бұзушылықтардың тіркелуі алдыңғы жылдарға қарағанда төмендегені байқалады. Бірақ бұл – қылмыс азайды деген сөз емес. Қазір саннан гөрі сапаға көңіл бөлу ұстанымымен жұмыс жасалуда. Яғни, залал мөлшері көлемді (50 млн-нан жоғары) және бұған дейін жедел-іздестіру шаралары толық жүргізілген қылмыстық істерді анықтауға басымдық беріледі. Аса ірі емес құқық бұзушылықтар бойынша материалдар қаржы органдарына тексеруге ұсынылады, яғни салықтық әкімшілендіру шеңберінде қарастырылады.
Бүгінде басты назарда агенттік жүзеге асырып жатқан «Бизнесті қорғау» жобасы тұр. Бұл жоба өз ісін жауапкершілікпен және адал жүргізіп отырған кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және құқықтық қудалауға ұшырауы мүмкін азаматтардың санын азайтуға бағытталған.
Нәтижесінде биылғы 1 тоқсанда азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу фактілері орын алмаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының міндетін атқарушы Арман Жанәділов мәлімдеді. Сондай-ақ, Арман Барысханұлы департаменттің биылғы жыолдың алғашқы тоқсанында атқарған өзге де жұмыстары туралы баяндады.
ҚМА, ҰҚК, ІІМ және прокуратураның бірлескен бұйрығы негізінде жедел және тергеу кабинеттері бейнекамерамен жабдықталған. Бұл барлық тергеу әрекеттерінің заң аясында жүргізілетінінің негізгі кепілі. Мұндай қадам қызметкерлер немесе қылмыстық процеске қатысушы тарапынан заңсыз әрекеттердің алдын-алуға немесе болдырмауға мүмкіндік береді.
Есепті кезеңде өндірісте 27 іс болып, 11-і өндіріспен аяқталып, оның ішінде 6 іс сотқа жолданып, 5 іс ақталмайтын негізде тоқтатылған. Мемлекетке келтірілген залалдың мөлшері 620 млн теңгені құрап, 455 млн теңге мүлігіне тыйым салынған. Қатарлас қаржылық тергеп-тексеру барысында 47 млн тенгеге мүлік анықталып, тыйым салынған.
– Департамент қылмыстық істерді электронды форматта тіркеп, аяқтайды. Барлық басым бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде жыл басынан бері 19 қылмыстық іс тіркелді.
Осылайша есептік кезеңде, залал мөлшері 252 млн теңгені құраған 58 автокөлік құралын заңсыз тіркеу фактісі анықталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы мемлекеттік жеңілдетілген несие заңсыз алу және алаяқтық деректері анықталып, сотқа дейін тергеу жүргізілуде, – дейді Арман Барысханұлы.
Қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтықтан қайтсек қорғанамыз?
Қоғамның алаңдаушылығын тудырып отырған мәселенің бірі – қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтықтың қарқын алуы. Республикамыздың барлық өңірінде түрлі форматтағы алаяқтық жобалар көбейіп барады. Есептік кезінде «Q-Net» пирамида ұйымына қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданған.
Айта кететін болсақ Қызылордада «Qnet» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің ұйымдастырушысы ағайынды екі азамат 5 жыл мерзімге сотталды.Олар құрылымдық бөлімшені облыс аумағында 2020-2021 жылдар аралығында құрған. Қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметке тартылған қаражатты пайдаланбай, осы активтерді қайта бөлу және басқа қатысушылардың жарналары есебінен байыту жолымен ұйымдастырып отырған.
– Аталған қаржы пирамидасынан 40 салымшы зардап шеккен. Шығын көлемі 53 млн теңгені құрайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында келтірілген шығын салымшыларға толық қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 40 жәбірленушілерге 53 млн.теңге көлемінде келтірілген залал толығымен өндірілді. Қатарлас қаржылық тергеп-тексеру барысында 47 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыим салынды. Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан «Кибернадзор» жүйесі арқылы 185 сілтеме бұғатталды, 5 аккаунт жойылды, – дейді Арман Жанәділов.
Құмар ойындары құрдымға кетіруде
Жарнамасы мықты, ұсынысы көз қызықтырып адамдарды жолдан тайдырып отырған саланың бірі – заңсыз құмар ойындары.Түрлі форматтағы қаржылық алаяқтық жобалардың және заңсыз ойын орындарының құрығына ілігіп, қаражатынан айрылып, отбасы мен ортасының берекесін кетіріп жүрген жерлестеріміздің саны ондап, жүздеп, мыңдап өсіп барады.
Мысалы, департаментте 600 млн теңге көлемінде банктің ақшасын жымқырған қаламыздағы 2 денгейлі банктің қызметкеріне қатысты қылмыстық істі аяқталып, сотқа жолданған.
Тергеу барысында ұрланған ақшаның басым бөлігі құмар ойындары мен онлайн казиноларға жұмсалғаны анықталған. Қылмыскер өз атынан тіркелген логиннің счетына бір ғана букмейкерлік сайттың өзіне 160 млн теңге көлемінде ақша салған.
Құмар ойынның құрбанына айналмаудың бірден-бір жолы – алдын-алу жұмыстарын жүргізу. Департамент тарапынан халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, құмар ойынның құрбаны болудың алдын-алуға, күмәнді қаржылық пирамидалар мен ойындарға қатысудан бас таруға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылады.
– Кейінгі уақытта әлеуметтік желілірде заңсыз ойындар ұйымдастыру белең алуда Ағымдағы жылда заңсыз ойын бизнесі бойынша 2 қылмыстық іс тіркелді. Атап айтатын болсақ, облыстағы аудан тұрғыны «Instagram» әлеуметтік желісінде тікілей эфирде бәс тігушілердің қатысуымен ойын ойнады. Түскен қылмыстық кіріс 13 млн теңгеден астамды құрады. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Кейінгі екі жылда департамент өндірісінде заңсыз ойын бизнесіне қатысты 23 қылмыстық іс болып, 22 ойын орны жабылды. Барлық қылмыстық істер аяқталып, соттың шешімі шықты. Құмар ойындарының құрбанына айналудың алдын алу мақсатында жергілікті «Qyzylorda» және «Қазақстан» Ұлттық телеарнасымен бірлесіп бірнеше талдау материалдарын жасап, оған ойынқұмарлықтан, ішімдіктен зардап шеккен кейіпкерлерді, психолог-дәрігерді қатыстырдық. Мұндай шаралар адамдарға ой салады, оң нәтижесін береді деген ойдамыз. Департамент қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Білім беру, мектепке дейінгі оқу орындарында және ірі кәсіпорындарында қаржылық сауаттылық тақырыбы бойынша үнемі сабақтар өтеді. Сонымен қатар, облыстағы көлеңкелі экономика деңгейін төмендету, қауіп-қатерлерді жою және туындаған мәселелерді шешу үшін департамент бастамасымен облыс әкімдігінің алаңында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия кұрылды. Комиссия құрамына барлық мемлекеттік органдарының бірінші басшылары қосылды. Бұл комиссия аймақтық ерекшелігіне байланысты түйткілді мәселелерді қарайтын болады. Алғашқы кездесу жақын арада өткізу жоспарлануда, – деп атап өтті Арман Барысханұлы.
Жазалаудан – алдын алуға
Бүгінде департамент жұмыс бағытын жазалаудан превенция, яғни, алдын алу бағытына қайта бағдарлап отыр. Осылайша департамент «Қызылорда-Ұлытау облысы шекарасы» (216 км) көлік жолын қайта жаңғырту жобасына қашықтан талдау жүргізді. Нәтижесінде 1,5 млрд теңгеден астам соммаға бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану тәуекелдері анықталған. Аталған дерек бойынша департамент бастамасымен «Қазавтожол» АҚ-на және облыстық әкімдікке жол құрылысының сапасын бақылауға алу туралы хаттар жолданған.
– Уакытында қабылданған шаралар нәтижесінде жоба құнының негізсіз өсуіне жол берілмеді. Ұлытау облысындағы жүзеге асырылып жатқан осы тектес жобаның құны 90 млрд. теңгеден 140 млрд. теңгеге дейін, яғни 50 млрд. теңгеге қымбаттады. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда, тұрақты мониторинг жүргізулуде, – деді спикер.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру және қадағалау да департамент жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Облыс әкімі жанынан құрылған комиссияда ай сайын жергілікті жерде өндірілетін азық-түлік тауарларына (күріш, тұз) бағаны негізсіз көтеруді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуші делдалдардың бағаларын қадағалау қаралады.
Қадағалау нәтижесінде азық-түлік тауарларын сату барысында үстемесін асырудың 4 фактісі анықталған. Тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік органдарда сатып алу кезінде өнімсіз делдалдарды жоюдың оң тәжірибесі бар. 3 мемлекеттік мекемеде 11 өнім түрі бойынша 6 делдал алып тасталынып, нәтижесінде бағалар төмендеп 6 млн. теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген.
– Өздеріңіз білетіндей, еліміздің 10 өңірінде су тасқынына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Қазірге уақытта ҚР Қаржы мониторинг агенттігі еліміздің 3 өңірінде селден қорғау бөгеттерін ұстауға және өзендер арналарын кеңейтуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біздің департаменті облыста су тасқынына қарсы іс- шараларға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына талдау жүргізіп жатыр. Талдау қашықтан, бизнес қызметіне араласпай жүргізілетінін түсіндіргім келеді, – дейді Арман Барысханұлы.
Экономикалық қылмыстарды әшкерелеу ұзақ уақытты талап етеді. Қаржы саласындағы заң бұзушылықтардың көлемін анықтау мен растау барысында өзге қаржы органдарының (аудит, салық т.б.) мәліметтерін күтуге тура келеді. Қылмыстың ашылуы, залалдың мемлекетке қайтарылуы, тергеу сапасы, қылмыстық процестерге қатысушылардың конституциялық құқығының бұзылмауы секілді критерийлер бойынша нақты межелер мен мерзімдер бекітілген. Сондықтан экономикалық қылмыстардың ашылуы және залалдың қалпына келтірілуі бойынша жылдам нәтиже күту қиын. Десе де сала қызметкерлері алдағы уақытта да жоспарланған бағыттары бойынша нақты жұмыстарды атқара бермек.