Біреу жазатайым не қасақана болсын қылмыс жасап, темір торға қамалса «ойбуй байғұс-ай» деп ол адамның болашағына күмәнмен қарап, енді қайтып адам қатарынан көре алмайтындай күйде болатынымыз жасырын емес. Десе де өмірде әркімнің маңдайына жазылған тағдыры бар. Бірі тоңып секіріп, қылмыс әлемінен бір-ақ шықса, «сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар» қаншама. Ендеше түрмеге түскеннің бәрі адамдығынан айрылады деп айтуға әсте болмайды. Өйткені түрме түзету үшін.
Елімізде түрме жүйесін рефорламау бағытында ілгері жылжу бар. Алайда көп жағдайда жазасын өтеушілер тиісті мерзімі аяқталып, қамаудан босаған соң қоғам өміріне сіңісіп кете алмай жатады. Соның салдарынан түрмеге бойы үйренген немесе қоғамдық қарым-қатынасты жат санайтын азаматтар қайта қылмысқа барады. Қазақстанда сотталушылардың 33 пайызы – бұрын да қамалып, қайта қылмыс істегендер. Оның себебі көп, бейімдеу ісінің кемшілігі, жұмыссыздық пен сотталғандардың өмірге басқаша көзқараста қарауы.
Жаза – «жазалау» үшін емес
Жалпы, елде ауыр қылмыс жасап, жазасын өтегеннен кейін азаматтардың сотталғаны туралы дерек 8 жыл бойы сақталады. Бұл дерек олардың жұмыссыз қалып, қоғамға сіңісе алмауына әсерін тигізеді. Себебі мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлер бұрын сотталғандарды жұмысқа қабылдауға құлықсыз екені айдан анық.
2012-2018 жылдары Қазақстан аумағындағы 8 түрме жабылды. Бірақ қылмыскерлер азаймады, әлі күнге 30 мыңның ширегінде тұр. 2017 жылы бірнеше қалада сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды. Орталық жазасын өтеп шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік, оның ішінде психологиялық, медициналық көмек пен жұмыспен қамту бағыты бойынша құқықтық қызмет көрсетеді. Ізін ала осы секілді орталықтар барлық аймақта ашылып, жұмысын жүргізе бастаған. Сотталып шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеу ісі әр өңірдегі жергілікті қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жүктелген. Ал осы мәселені тікелей бақылаушы құзырлы орган – Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті. Дегенмен, жаңағы айтқан бейімдеу орталықтарына жүгінгендердің саны аз болып шықты, шамамен жыл сайын 500-ге жетпейтін жан көмек алған. Өйткені бостандыққа шыққан азаматтар үшін орталықтың да талабы болды. Оған жазасын өтеп болған соң тұрғылықты жері жоқ және өмірде қиындыққа ұшыраған азаматтар ғана барды. Ал жұмыспен қамту басқармалары сотталғандарға күнкөрісі қиындаған кезде ғана көмек берді. 2017 жылы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтуға арналған 2 жылдық (2017-2019) кешенді стратегияның нәтижесі осындай. Алайда еркіндікпен қайта қауышқан азаматтарды оңалтуға бір стратегияның көмегі аз болары сөзсіз. Олардың санасын қалыпқа келтіру үшін психолог секілді арнайы мамандар жұмыстанады. Бірақ олардың да айтар өз уәжі бар.
– Сотталғандарды негізі екі топқа бөлуге болады. Біреулері – әртүрлі себептерге байланысты қылмысты әдейі жасағандар, ал екіншісі – заңсыз сотталғандар. Олардың жартысы – заңды құқын білмегендер, тағы бірі – Қазақстанда сотта, прокурор мен тергеушілердің бопсалауымен қамалғандар. Сол себепті көбісі қылмысқа қоғамға деген ашу-ызамен, ақша табудың басқа амалы болмаған соң барады. Заңда жазылған, егер тергеу барысында қандай да бір қылмыстық іс жүргізу талабы бұзылса, онда қылмысқа тартылып жатқан адамға қарсы қозғалған қылмыстық іс тоқтатылуы керек. Менің айтпағым – қылмыскерлердің азаймай тұрғанына сот жүйесінің де тікелей қатысы бар. Біріншіден, сот процесін өткізетін сот залдары кең және шыныдан болуы керек. Сонда соттың да, прокурордың да, сотталушының да іс-әрекетін кез келген адам (туыстары, журналистер, және т.б.) көре алар еді. Екінші, сотта әр ақталған адамға 10 миллионнан кем емес моральдық төлем берілуі тиіс. Мысалы, Алматыда және басқа қалаларда мыңдаған полиция қызмет атқарады, бірақ солардан ешқандай пайда болмай, әр мектеп, аурухана, сауда орындары өз адал ақшаларына өздерін күзететін күзетшілер жалдайды. Олай болса елімізге бюджеттен жалақы алатын полиция не үшін керек?! Полиция мүмкіндігінше қылмыс көп жасалатын аудандар мен қоғамдық орындарды жөнді қадағалауы қажет. Бейімдеу орталықтары жайлы айтып, біз тек салдарымен күресіп отырмыз. Бұл – көптеген елдердің бас ауруы. Себебі түрмеден шыққан адамның қоғам өміріне араласуы өте қиын. Сондықтан қылмыстың алдын алу шараларына баса мән берген жөн, – дейді заңгер Асылхан Едресұлы.
Бұл тұрғыда құзырлы органдардың да айтар уәжі бар. Мәселен, жыл басында Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мамандары сотталғандар арасында қылмыс әлемінің субмәдениетіне бой ұсынғандардың мәселесі өзекті екенін растады.
– Көмекті қабылдауды былай қойып, қылмыстық атқару жүйесінің қызметіне белсенді түрде кедергі келтіріп бағатындар бар. Үкім мен жаза адамдарды өзгерте алмайды. Кесілген мерзімді өтеп шыққан соң қайталап қылмысқа ұрынады. Әдетте ондай адамдар 1-2 рет емес, бірнеше рет сотталған болып шығады. Оларды заңды сақтайтын өмір жолына салу іс жүзінде мүмкін емес. Жататын орны бар, қажет деген дүниенің бәрін абақты қамтамасыз етеді. Осының бәрін ескерсек, сотталған адам жаза мерзімі біткеннен кейін айлап қана бостандықта жүріп, қайта оралады. Осылайша өмірінің көбі түрмеде өтеді. Мұның бәрі сотталған адамның өмірге масылдық түсінікпен қарауын тудырады, – деп мәлімдеген комитет.
Осы тұста бір сөзге зер салған абзал. «Үкім мен жаза адамдарды өзгерте алмайды» дейді. Ал қоғамда қылмыстың ауырлығын түрмедегі жылдармен өлшейтін дағды қалыптасқан. Заңгер Серік Рамазанов болса, осындай жалаң қағидалар мен түрмелер қылмыскерді түзетудің орнына кері әсер етіп жатқанын айтады.
– Бір жансақ қағида бар, адамдар қылмысына қарай жаза өлшеуге бейімделген. Қылмыскерге жаза оны қинауға емес, түзету үшін қолданылады. Аңғарсақ, бұл – қылмыскердің «жаза кезеңінен» кейінгі өмірін ойлау. Түзелуге ниеті бар адамға 3-4 жыл түрмеде отыру жеткілікті. Бір нәрсені айта кету керек, түрмеде көп жыл отырған адам түзелмейді, керісінше бұзыла түседі. Қамауда 10 жыл немесе одан артық уақыт отырған адамға мерзімінің ұзақтығы кері әсер береді. Осылайша, «өшіктіру» қылмыстан аластатпайды. 10 жыл бойы қамауда отырған адам, әрине қоғаммен түсініспейді. Бұған түрменің ішіндегі жағдайды қосу керек. Көбіне түрмелер жазалаушының міндетін атқарып жатқандай, – деді.
Кәсіпорындардың көмегі мол
Түрмеде де тіршілік бар, әсіресе олардың бос уақытын еңбекке бағыттау маңызды. Есесіне жазасын өтеп жүріп, табыс та табады, түзелуіне әсер етеді. Былтырғы дерек бойынша, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі 282 кәсіпорын 12 мыңнан астам жазасын өтеушіні жұмыспен қамтып отыр екен. Қазақстанда барлығы 63 түзеу мекемесі бар. Онда 30 мың сотталушы жазасын өтеуде. Соның 20 мыңын еңбекке жарамды жастағылар құрайды, яғни, олардың 60 пайызын қамти алдық. Қалған 8 мыңына «екі қолға бір күрек» табылмай жүр. Себебі, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен кәсіп ашудың кемшін тұстары бар. Сондықтан кәсіпкерлердің көбі тәуекелге бара бермейді.
Бас бостандығынан айырылғандар көбіне тоқыма өнімдерін, жиһаздар, ағаш пен темірден бұйымдар істейді. Істі болғандар құрылыс нысандарына, фермалар мен жылыжайларға да жұмысқа тартылады. Еңбегі үшін заңға сәйкес ақы алады. Еңбекақы ең төменгі жалақыдан, яғни 85 мың теңгеден кем болмайды. Көбіне кәсіпкерлер темір торда отырғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде ақы төлейді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен кәсіп ашудың екі әдісі бар. Біріншісі – колонияның ішінде өндіріс орнын құру. Бұл әдіс тұтқындарға түрме аумағынан шығуға рұқсат етілмеген мекемелер үшін қолжетімді. Екінші әдіс – түрмеге жақын жерде өндіріс ашып, сотталғандарды жалдау. Бұл әдіспен кәсіп ашу жеңіл баптармен сотталғандар отырған жалпы ұстау режиміндегі түзеу мекемелеріне тиімді. Ол жақта жазасын өтеушілер түрменің жолақты киімін кимейді, түрменің аумағынан шығуға және колониядан тыс жергілікті кәсіпорындарда жұмыс істеуге құқылы.
Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпкерлер бұл жұмыстарға құлықты емес. Әйтпесе кәрі құрлық елдерінде, әсіресе Германияда сотталғандардың түгелге жуығы тұрақты жұмыспен қамтылады. Оның үстіне олардың қолынан шыққан бұйымдар қоғамында сұранысқа ие. Еңбекпен күні өткен сотталушылардың қылмыс немесе өткен өмірі жайлы ойлауға уақыты болмайды.
Мәселен, қазіргі таңда Қызылорда қалалық пробация есебінде 600-ден астам азамат есепте тұрады. Пробация инспекторлары есептегі азаматтардың қайта қылмыс жасуын болдырмау үшін алдын алу шараларын үздіксіз жүргізеді. Оларды күнделікті мекенжайларынан тексеріп, жағдайларымен танысып, мәдени-спорттық іс-шараларға қатыстырып, қажетті көмек көрсету жұмыстарын жасайды.
– Біздің басты мақсатымыз – пробация қызметінің есебіндегі азаматтардың қайта қылмыстық құқықбұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзетуге профилактикалық шаралар жүргізу. Оларға әлеуметтік-құқықтық көмек түрлері жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, психологиялық көмектер беріледі. Жыл басынан 25 азамат жұмысқа тұрғызылса, 6 азаматтың құжаттарын қайта қалпына келтіруге көмек көрсеттік. Сонымен қоса 127 адамға психологиялық, 14 адамға медициналық көмек көрсетілді, − дейді қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары әділет капитаны Гүлнұр Байсариева.
Қызылорда қалалық пробация есебіндегі азаматтар қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге жіберіледі. Олармен профилактикалық жұмыстар ұдайы жүргізіледі. Жүргізілген жұмыстарға қарамастан, жаза өтеу мерзімінде сот жүктеген міндеттерді орындамай жүрген сотталғандар да бар. Солардың бірі ұрлық бабымен пробациялық бақылау белгіленген Т.есімді азамат. Пробация қызметінің инспекторы әділет капитаны Самрат Спановтың айтуынша, ол азамат сот белгіленген міндеттерді орындамай, жаза өтеу мерзімінде өзін теріс жағынан көрсетіп келген. Сонымен қатар, ол белгіленген күндері пробация қызметіне тіркелуге бірнеше рет себепсіз келмей қалған, тексеру кезінде мекен жайында болмаған. Одан бөлек, оған әкімшілік хаттама толтырылған. Сотталған азаматтың жоғарыда аталған заңбұзушылықтарына сәйкес, пробация қызметімен оған қатысты бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның өтелмеген мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру үшін сотқа ұсыным жолданған.
Сот шешімімен, оның бас бостандығын шектеу түріндегі 10 ай 26 күн өтелмеген жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, жазасын одан әрі өтеу үшін түзеу мекемесіне жіберілген.
Міне, сотталушылардың қайта қылмыс жасауына бірнеше себеп барын білдік. Қылмыс әлемінің субмәдениеті, жұмыссыздық, айналаның жатырқай қарауы – осының бәрі қоғамнан алшақтататын дүниелер. Әлем елдері адам құқықтары дегенде жазалау тәсілдерін, қамау мерзімін көп сарапқа салуда. Ал біз үшін бірінші кезекте сотталушылардың жұмыспен түгел қамтылуын ретке келтірген жөн секілді. Одан бөлек, жазасын өтеушілердің түрмеден кейінгі өміріне көңіл бөліп, қоғамға, ортаға бейімделіп кетуі үшін жұмыстарды жандандырған абзал-ау.
Сурет ашық дереккөзден алынды.