Ғибратты ғұмыр

111
0

 

Пайғамбарымыз с.а.у.с .  «Кімде-кімнің  үш қызы дүниеге келсе, сол үшін қызының қиыншылығына  шыдап, қуанышына  бөліссе, жақсылап тәрбиелеп, өсіріп жеткізсе Алла Тағала   осы қыз балаға жасаған рақымы үшін ол кісіні жұмағына кіргізеді»  деген.   Біздің анамыз Знаш Әлтенқызы  төрт  қыз, алты ұл, он құрсақ көтерген. Тұңғышы  1948 жылы Алмагүл деген әпкеміз  3-4 жасқа келіп қалғанда қызылшадан ауырып шетінеген екен.  Жалпы балиғат жасына толмай, сәби кезінде  шетінеген  бала ата- анасына қияметте  шапағатшы болады деген де хадис бар. 

Анамыз   Знаш Әлтенқызы 1929 жылы туған.  Қоңырат, Жетімдер руынан. Әкесі  Әлтен  Темірбайұлы Шорнақ ауданына қарасты «Мир» колхозын құрып,  1930 -1946 жыл арлығында колхоз төрағасы болған. Шешесі  Күләнда  Қоңырат, Жауғашты руынан шыққан  Сәрсенбай  болыстың қызы.  Аты аталған ата-аналарымыздың  жандары фердауси жәннәтінен болсын.  Бір риуаяттарда «Кімнің үйінде қыз бар болса, ол үйге күн сайын он екі береке түседі. Ол үйге перештелер тынбай келіп тұрады.  Әрбір күн, әрбір түн сайын олар /сол қыздың/ ата-анасына бір жылдық  құлшылықпен тең сауап жазып отырады» деген. Мен бүгін анамыздың    тұңғышынан   кейін өмірге келген  әпкеміз  Мақтагүл туралы  жазып,  туған күніне орай құттықтауды жөн көріп отырмын.

  Мақтагүл Айтбайқызы Орынбаева 1952 жылы 1 сәуірде дүниенге келген. Мақтагүл деп есімінің қойылуы әкеміз Айтбай Орынбайұлының   Мақтарал ауданында партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет етуімен байланысты. 

Мақтагүл әпкеміз Шымкент облысында бірінші сыныпқа барып, әкеміздің қызметіне байланысты мектепті Жаңақорған ауданында жалғастырып, он жылдықты «Красная звезда» савхозының орта мектебінде аяқтаған. Мектепте белсенді оқушы болып, сабақты өте жақсы оқыған. Он жылдықты бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы училищені тігінші мамандығы бойынша оқыды. Оқуды бітіріп  келіп, ауылдан Төменарық станциясына қарайтын «Дом быта» мекемесінің  филиалын  ашып, соның бастығы болды, негізгі жұмыстары – киім  тігу. Жұмыс орны совхозды кәрістердің басқаруы кезеңінде соққан екі  қабатты ғимратта   еді. Небір стильдегі кастюм шалбар, күздік пальто, қыздардың  киімдері сол жерде пішіліп, тігілетін.  Өлшеп, пішетін Мақтагүл әпкеміздің өзі. Небір қалың қағаздан жасалған киім үлгілері жұмысында да,   үйде де самсап тұратын.  Жұмыстарында сұраныс көп,  кей кездерде  түнге дейін істейтін, матаның да түр- түрі  бумамен  тұратын.    Қалған қиынды  маталардың өзін тастамай  әдемі құрақ  көрпешелер тігетін. Қасында   училищеде бірге оқыған Зүлия апамыздың қызы  Қатира әпке және  Төлеген  атамыздың қызы Қыздаркүл әпке  болатын (менің есімде қалғандары).

Төлеген атамыз  шешем үйлеріне барғанда «Орынбайдың жақсылығын көп көріп едім»  деп әрдайым   есіне  алып, айтып отырады екен.   Орынбай деп отырғаны біздің атамыз, әкеміз Айтбайдың әкесі.  Мәмірайымұлы Орынбай 1888 -1925 жыл аралығында  өмір сүрген атақты саудагер, Сыр бойына белгілі  керуен басшысы. Керуен басшысы ол – өте тәжірибелі, ақылды, батыл,  керуеннің қауіпсіздігін, жүретін жолының қысқалығын, суаттар, жайылымдар және ауа райы жағдайын білу, болжау, керуеншілердің тәртібін қадағалап, басқару деген сияқты көптеген қасиеттің иесі. Орынбай ата елден  қырық   жігітті қасына жиып,   Қытай,  Бұхара, Хорезімге мал айдап апарып сатып, елге қажетті қант-шай,  киім-кешек, мата тағы басқа тұрмысқа қажетті заттарды әкеледі екен.  Барып келу жолына бірнеше ай ауықыт кететін болған.  Ол заттарды  ауыл ортасына  тігілген сегіз қанатты үйге   жинап, кіші бір рулы елді асырап отырған үлкен жүректі азамат, сол заманның  ірі тұлғасы.   Төлеген атамыздың Орынбайдың жақсылығын көп көріп едім дейтіні  сол қырық жігіттің ішінде қызмет жасап жүрген үзеңгілес  інісі болған.  

Ел атамыздың керуен басшысы, шабандоз, палуандығынан бөлек, сымбаты мен дене-бітіміне қарап,  сұлу Орынбай деп атайды екен. Атамыз отыз жеті  мүшел жасында өмірден озыпты. Орынбай ата туралы «Желкілдек батыр», «Тарихтан тартқан тағылым» кітаптарында жазылған.

Мақтагүл әпкеміз  жиырма жасында партияға өтіп, Жаңақорған аудандық кеңестің  депутаты болды. Сол кезеңде совхоз директоры Шайзында Қарақожаев болатын. Әпкеміз  жастай басшылық қызметте болып үлкен кісілермен бірге   бес-алты жыл жұмыс істеді. Үйдің үлкені ретінде артынан ерген біздерге қомқорлық көрсетіп,   өз  жеке өмірін кейінге шегеріп, жоғары білім алуды  кейінге ысырды. Ол кезеңде Жаңақорған  аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов болған. Біздің әкеміз Жаңақорған аудандық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде   ол кісі Шиелі ауданында партияның  басшылығы қызметінде  болған, соғысқа қатысқан, әкеміздің жолдастары  екен. 

Мақтагүл әпкеміз  өте  өткір,  көшбасшылық  дарыны бар,  сөзге шешен, талантты,  ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары болған. Сингапурдың перемер министрі болған  Ли Куан Ю кітабында: «Көшбасшылық білімнен емес, туа бітті талант, қаннан, тектен келетін қасиет»  деген.   Әпкеміз партияның жолына түсіп қызмет қуғанда, үлкен шыңдарды бағындырар еді, ең кемі  аудандық партия  комитететінің  бірінші хатшысы болатыны ақиқат, бірақ қыз баланың жолы жіңішке, бірінші кезекте  отбасы.  Мақтагүл әпкеміз  институтқа  оқуға түсуге жолдама сұрап,  Ғафур Мұхамеджановқа  кіргісі келеді. Бірақ Ғафур көкеміз алдында жоғарғы оқу орнына өзіміз сырттай оқытамыз, райкомға кел деп  жұмысқа шақырғаны есіне түсіп,   идиалогия жағын басқаратын орынбасарына  кіреді. Ол кісі  жолдама таусылып қалғанын алға тартып, арқадан қағып  шығарып салғысы келеді. Алайда  Мақтагүл әпкеміз кабинетінде тұрып аудандық білім  бөлімінде  басшылықта қызмет істейтін Аппаз Төлтаеев көкемізге телефонмен  хабарласып, кімнің кабинетінен хабарласып тұрғанын айтып,  толық  жағдайды баяндап, сіздерде Қызылорда пединститутына жолдама бар ма?  - деп  сұрайды. Аппаз көкеміз бірден: – Айналайын  Мақтагүл, саған табылады  қазір маған келіп алып кет, – дейді. 

 Аппаз көкеміз   бауырмал, өте өткір, батыл кісі еді  өмірден ерте кетті  деп  әпкеміз айтып отырады. 

Әпкеміз аудандық білім бөлімінен жолдама алып, Қызылорда пединститутына физика мамандығы бойынша оқуға түсті. Жалпы ол кезде жолдама, жақсы өндірістік мінездеме, партияда болу  жоғару оқу орнына түсудің алғы шартының бірі еді.  Институтта оқып жүргенде партия  жиналыстарында мұғалімдер мен бірге болып,  студенттердің   басшысы, студенттер қоғамдастығының белсенді өмірін ұйымдастырушы, көшбасшысы болған. Төртінші  курста бір жылдық демалыс  алып, ауылдық кеңестің жауапты  хатшысы қызметін атқарды. Бір жылдан кейін оқуын жалғасытырып,  жиырма жеті жасында институтты бітіріп, Мағымар жездемізге тұрмысқа шықты.  

 Жездеміз Мағымар Уайсов 1952 жылы Жалағаш ауданында мұғалім отбасында дүниеге келген.Алматыда институтты құрылыс мамандығы бойынша бітірген. Кейіннен  «қаржы және несие» мамандығы бойынша екінші диплом алды. Әпкеміз сияқты институтты  кеш,  яғни, армиядан кейін оқыған екен. Тұрмысқа шыққанан кейін әпкеміз  Жалағаш аудынында тұрды, мектепте мұғалім, жездеміз банкте қызмет істеді. Ләйла, Бауыржан, Ержан атты   жиендер өмірге келді. Кейіннен жездеміз Қызылорда облыстық қаржы басқармасына жұмысқа ауысып келді.  Әпкеміз Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы  педучилищеде мұғалім болып, көп жылдар қызмет атқарды. 

Жезденің балдыздары мен қайныларын  бауырына тартып,   қамқорлық көрсетуге асығатыны қазақтың қанына біткен қасиетінің бірі. Біздің Мағымар жездеміз де  өте жақсы адам болатын, сыпайы,  салмақты, артық сөзі жоқ, әрдайым әпкемізді  қолпаштап отыратын.  Жездеміз институтқа  армия бітіріп барған, қасындағы студент   жас жігіттерге  қамқорлық жасап жүреді екен. Ол жайында  институтта бірге оқыған, бір бөлмеде жатқан  жолдасы Махмуд Нәлібаев  айтатын. Ол  «бізді адам қылған Мәкең, Мағымар» деуші еді. 

Мағымар жездеміз өз ісінің нағыз маманы, Қызылорда облысының қаржы саласына еңбегі сіңген кісі  еді. Жездеміз қызмет жасағанда облыстық қаржы саласын Камал Шөкенов  басқарды, марқұм  белгілі  әнші  Батырхан Шөкеновтің әкесі. Ол кісі  Мағымар жездеміздің нағашылары болып келетін. Өте сыпайы, білімді, Қазақстанға белгілі қаржыгер болатын. Ол кісіден кейін Қамбар Әжібеков ағамыз басқарды, ол кісілерменен де қызметтес болды. Мақтагүл әпкемізді қарындасым деп, Мағымар жездемізді  күйеу бала қылатын.    Мағымар жездеміз алпыстан асқанда   5-6 жыл ауырып өмірден озды. Жаны жәннәттә болсын. 

Әпкеміз зейнетке шыққанан кейін де жетпістен  асқанша «Текей батыр Қарпықұлы» атындағы жоғары  колледжге сабақ беріп еңбектен ажырамады. Колледждың   құрылтайшылары, басшылары ғылым кандидаттары Мирамбек Исаев аға, Зауреш Қасаева апайлармен көп жыл бірге қызмет істеді. Қаншама шәкіртке білім беріп,  тәрбилеп ұшырды. Еңбегі еленбей қалған жоқ. Білім саласының үздігі, Алтынсарин медалінің иегері. 

Мақтагүл әпкемізді  бірінші сәуірде 74 жасқа толатын туған күнімен құттықтап, дені сау, өмір жасы ұзақ болып, балаларының қызығын көруді  Алла нәсіп етсін деп тілек тілеймін. 

Жанарбек Орынбаев, 

 «Желкілдек батыр», «Перзент парызы» қоғамдық қорларының президенті 

3 март 2026ж


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: