Референдум

Абырой бигіндегі ел ағасы

152
0


  Пайғамбарымыз с.а.у.с.  «Қиямет күні мүміннің таразысында көркем мінезден де ауыр  басатын еш нәрсе болмайды» деген. «Көркем мінезді адам - Алла елшісінің сүйікті адамдарынан» деген  де хадис бар.  Алланың тура жолынан   таймаған,    Сыр бойына белгілі, беделді  азамат Жаңақорған топырағының  тумасы, кішіні інім деп  бауырына тартатын, жасы үлкенді ағам деп төбесіне көтере сыйлайтын кішпейіл, көркем  мінезді, жайсаң азамат, ардақты ағам Қазыбек Айтбайұлы Орынбаевтың ақсақалдық жасқа жетіп, мерейлі  70 жасқа толу  қарсаңында өткен күндерден естелік жазып, құттықтауды жөн санап отырмын.  

     Қазыбек ағамыз Шымкент облысы, Қазығұрт ауданында 1956 жылдың жаз айында  дүниеге келген (метрке 1957 жылы туған деп кейін алынған).  Қызыбек деп есімінің  қойылуы  да әкеміздің Қазығұрт ауданындық партия комитетінің  екінші хатшысы қызметінде жүргенімен байланысты.  Жаңақорған ауданы, «Красная звезда» совхозындағы №52 орта мектепті  бітірген. Сабақты өте жақсы оқыған, математика пәнінен облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Жастайынан еңбекке араласты,  9-10 сынып  оқып жүргеннің өзінде пошта мекемесінде газет, журнал таратушы болып жұмыс істеді.   Оныншы сыныпты  бітіре сала поштаға  бухгалтер болып қызметке орналасты. Поштаның бастығы сол кезде Дәніш Қарабалаев деген соғысқа қатысқан үлкен  кісі еді, біздің әкемізбен  қатар болатын. 

Біздің  әкеміз Айтбай Орынбаев  1923 жылы 4 сәуірде Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Соғыс ардагері, офицер аға литенант дәрежесінде соғысты аяқтаған. Жиырма бір жасында Шорнақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған. Шымкент облысының көп аудандарында партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған, мемлекет, партия қайраткері еді. Дәніш көкеміз  Қазбек ағамыздың математик екенін білетін болу керек, әйтпесе бухгалтерлік жұмыс  ерекше мамандық  қой. Бухгалтер болып бір жыл істеп,  кейін армияға кетті. Ресейдің  Челябы облысы, Златоуст қаласында ішкі әскер  армиясында  міндетін атқарды, яғни, қару    шығаратын құпия зауытты күзетті. Армияны аброймен атқарған, ефрейтер шенін алып, ауылға демалысқа келіп кетті. Одақтың кезінде армияның абыройы  асқақтап тұрған. Ол кезде институтқа оқуға түсу оңай емес, армиядан жолдама әкелсе, бірінші кезекте оқуға түсетін. Қазыбек ағамыз армиядан жолдама алып, Алматыдағы политехникалық институттың автоматика факультетіне оқуға түсті.Үшінші курста бір жылдық демалыс алып Шалхия кенішіне (комбинат Ачполиметал) шахтер болып жұмысқа тұрды. Кейіннен  Алматыдағы ауылшаруашылығы  институтына ауысып,  бухалтер мамандығы бойынша оқыды.  Содан Раушан жеңгемізге үйленді. 

 

Раушан жеңгеміз ауылдың қызы, өзінің сыныптасы, бір жағынан бізге жиен еді. Патша деген апамыз болған, сөзі нық айтқанын ауылға істетін атына сай  кісі  болатын. Раушан жеңгеміз партия мүшесі, Қазақстан жоғарғы кеңесінің депутаты, ауданмен теңестірілген  ауылдық комсомол комитетінің басшысы  еді. Келін болып түскеннен кейін  Раушан  жеңгеміз Әзия Қыстаубаевамен бірге Алматыға жоғарғы кеңестің сессиясына қатысып қайтқаны есімде. Қазыбек ағамыз үйленгеннен кейін шахтерлықты қойып,  ауылға келіп  совхозда учетчик,  нармировщик жұмыстарынан  бастап  бухгалтер, бас бухгалтердің орынбасары қызметтерін атқарды. Ол кезде совхоз директоры Сансызбай Бөкеев деген кісі болған, бас бухгалтер Тынысбек Дүйсебеков көкеміз, ол кісі  кейіннен бас экономист болып ауысып  орнына Нұрмахан Оразгелдиев ағамыз  бас бухгалтер болды. Нұрмахан, Қазыбек ағамыздың сыныптасы, жолдасы.  Сансызбай Бөкеев ағамыз қызметтен кетіп, орнына Өмірсерік Тақырбасов директор болып аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметінен ауысып келді. Өмірсерік ағамыз облысқа белгілі мықты қаржыгер  болатын, келе жаңалық енгізіп Қазақстан республикасы  бойынша сынақ есебінде совхоздың әр бөлімшелерін кіші кәсіпорын ретінде   заңды тұлға  құрып, совхоз әкімшілігі құрылтайшы ретінде басқаратын. Төменарық совхозынан банктің филалын ашып, жақын  совхоздарға Сунақата, Төменарық, «Красная звездаға»  қызмет көрсетті. Қазіргі   заңдылықтарға сәйкес  компания басқарудың жүйесі  үйреншікті болғанымен, ол кезде  капиталистік жүйенің алғашқы басқару жүйесіне сынақ жүргізілуде   еді. Сол кезде Жайылма бөлімшесі  бір кәсіпорын болып, Қазыбек ағамыз  Жайылмаға бас бухгалтер болып кетті. Үлкен апа -ағаларымыз сыртқа кетіп, ауылда  Қазыбек ағамыз  сол кезеңде үйдегі  үлкеніміз  ақылшы,  жол көрсететін қамқоршы еді.  Артынан ерген біз  бәріміз әлі жас едік. Қазақта сөз бар  «аға адасса, іні із  кеседі»  деген. Біз жол іздеп  адасқан жоқпыз, себебі біздің аға-апаларымыз өте қабілетті, талантты оныншы сыныпты бітіре сала, институт бітіріп диплом алмай-ақ қызмет істеген  кісілер еді. Қазыбек ағамыз  сол кезде ауылдағы ел ағаларымен тең  дәрежеде бірге  жүріп қызмет жасайтын. Қазыбек ағамыз отыз жастан енді  асқан азамат   болса да,   бізге ел ағаларындай     үлкен кісі болып көрінетін. 

Бір жылдан кейін  кәсіпорындар    жойылып совхозға  бірігіп, бұрығы  басқару  жүйесіне көштік, сол кезде Қазыбек ағамыз  Ленин бөлімшесіне басқарма бастығы (управляющий) болып кетті. Совхозда алпыс мың қой болатын  болса, әр бөлімшеде он бес мыңнан қой болды. Ленин ауылы-  біздің ата-бабамыздың орныққан жері  «Құтты қожа», «Жайылма» елі  Желкілдек батырдың билік құрған жері, басқаратын ел бөтен емес.   Сол кезеңде Өмірсерік Тақырбасов ағамыздың абыройы асқақтап,  совхоз көрсеткіштері   Қазақстан бойынша  бірінші орынды иеленіп тұрған. Совхоздың құрылған күні  мерейтойын  да республикалық  деңгейде  атап өткеніміз есімде. Содан да болар, Өмірсерік ағамыз тағы бір жаңалық енгізіп, Ленин бөлімшесінің ораталығын жаңадан ауыстырып, «Хорасан ата» әлиеге жақын жерден үйлер соғып,  орталығын сол жерге ауыстырып  еді. Қазыбек ағамыз сол жерге барып орналасты.  Әруақты сыйлаған халықпыз, сырттан Әулиеге зират етіп келген үлкен кісілерге қызмет жасайтын. Хорасан ата өте ғұлама әлие, баласы одан өткен ғұлама болған . Одақ кезінде дінге де қарсы заман болғанын  білесіздер, совхозда Төленбай Аманбаев деген көкеміз рабошком, соған жоғарыдан тапсырма беріпті ана Хорасан атаның басындағы ел түнеп жүрген кішкене үйді трактормен сүріп тастаңдар  деп. Төленбай ағамыздың  ауылдағы   трактористі     алып барып едім, сүрмей  таракторын  тастап   қашып кетті деп  құтылдым дегенін  естіп едім.   Сол кішкене үйді қазір жаңалаған ініміз Ғалымжан  Жусанбаев, Омар ағамыздың баласы   әулиге баратын автакөлік жолын салып бергенін жергілікті  ел біледі. 

Қазыбек ағамыз басқарма бастығы кезінде мен   совхозда кассир едім, елді  жағалап ақша таратқанымда қойышылар сұрайтын біздің генаралдың жағдайы қалай деп, Қазыбек ағамызды ел Генарал   деп атайды екен. Себебі   жүрген жүрісі, кісілік келбеті, киген киімі ақ жағалы тон, басында қаракөл жүнді папах Генаралға сәйкестендірсе, екіншіден қойшылардың жағдайын сұрап, ауыл  аралап, қажеттерін түгендеп жүреді екен. Бұл берген  атақтары, біз солдатпыз біздің қомқоршымыз Генарал дегенге сыйса керек...  Жалпы ел басқару білектің емес, жүректің ісі, себебі ауылдағы бүкіл елдің жағдайын жасау, отын-суы, малдың жем-шөбі, егістік жерін дайындап беру тағы басқада жұмыстар сол елдің басшысының мойнында. Ауылдағы шал-кемпір, бала-шағаны қабылдап жағдайларын жасап, жылы сөйлеп, арқадан қағып шығарып салудың өзі  ел ағалық сипатқа сай еді. Ол кезде Қазыбек ағамыз отыз жастан енді асқан кезіи еді.

 Өмірсерік Тақырбасов аудан әкімінің орынбасары болып ауысып, орнына Мүзәрәп Махмудов тағайындалды, ол кісі көп істемеді. Әзиз Әбуов директор болды, марқұм ол кісі өмірден жас  кетті, ол кісілерменен де қызметтес болды. 

Кейіннен совхоз тарап Қазыбек ағамыз Қызылорда қаласына көшті. Бұрын институтта бірге оқыған досы «Қызылорда ауданаралық жылу орталығының» бастығы Қалмырза Иманбаев деген кісі екен, соған бас бухгалтердің орынбасары, бір жылдан кейін бас бухгалтер болып он жылдай қызмет атқарды. Қалмырза қызметтен кетіп орнына Серік Дүйсенбаев  келді. Ол кісімен де біраз жыл қызмет істеді, қазір Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Содан кейін  «Сырдария мұнай» акционерлік қоғамында он шақты  жыл бас бухгалтер болып  жұмыс жасады. Президенті, құрылтайшысы Сапарәлі  Такиров деген кісі еді, республикаға «еңбегі сіңген геолог», «Құмккөл мұнай бассейінін» бірінші ашушы. 

     

Қазбек ағамыз жиырма жылдан аса Қызылорда қаласына аянбай еңбек етті десек артықтық болмас, себебі он жылдай қаланың ең қиын бөлімі –жылу беру саласында басшылық қызметте болса, он жылдан аса ең үлкен 500-600 адам жұмыс істейтін бірнеше миллиарттаған табысы бар компанияда қаржы саласын басқарып, он жылда бірнеше миллиардтаған мемлекетке  салық төлеп,  қаланың дамуына ерекше үлес қосқан азамат.  Азаматтардың  елінде сіңірген еңбегін ескеріп  бағалап  жүру, жылы лебіз білдіру де,  ел басқарып  жүрген  азаматтардың асыл қасиетінің  бірі, азаматтық парызы   деп білемін. Қазыбек ағамыз Астанада өзінің кәсібімен айналысып зейнетке шықты. Ұлдарын  үйлендіріп, қызын ұзатып, жеңгем екеуі  немерелерінің ортасында бақытты ата-әже болып отыр.  Қазір немерелері  де жетіліп келе жатыр. Рамазан немересі әскери колледжді бітіруге жақын, әскери салаға бет бұрып отыр. Атасы елдің Генарал деген атағын алса, немересі нағыз мемлекетіміздің  қорғаны болатын Генарал болатынына күмәнім жоқ. Димаш деген немересі әнші, көптеген  халықаралық  конкурстың  жеңімпазы. Мадина қызынан жиеніміз  Асыл балерина, биші көптеген халықаралық конкурстардың жеңімпазы.Ұрпақ жалғасып, өсіп жатыр.  

Қазыбек ағамның  келе жатқан 70    жасы құтты  болсын! Өмір жасы ұзақ, дендері сау, ауруларына шипа беріп, жеңгем екеуінің көрер қызығы мол болуын Алла нәсіп етсін!


Жанарбек ОРЫНБАЕВ, 

бауыры, «Желкілдек батыр», «Перзент парызы» қоғамдық қорларының президенті

15.02.2026ж



Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: