Референдум

Жүрген жолы кісілік пен ізгілік

221
0

Фото: автордан 

Қамшының сабындай ғана қысқа өмірде өлім шіркіннің біруді ерте, біреуді кеш тұзағына түсіріп  жататыны бар. Жақын-жуғымыздан, ағайын -бауырымыздан айырылған сайын бес күн  тірліктің жалған екеніне көз жеткіземіз. Халқымыз келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанған аяулыларын ешқашан ұмытқан емес, мен де  асыл ағам, марқұм Келесбек Айтбайұлы Орынбаев туралы естелік жазуды жөн көріп отырмын. 

    Ағам, Келесбек 1954 жылы   4 ақпанда    Шымкент облысы, Келес ауданында дүниеге келген. Келесбек деп есімін қоюы да  сол әкем Айтбай Орынбайұлының Келес ауданында райкомның екінші хатшысы қызметінде жүруімен байланысты. Бірінші сыныпқа  Шымкент облысында барған  болса, әкеміз Жаңақорған ауданына райкомның екінші хатшысы  қызметіне  ауысқанда сол жақта оқып, соңғы жылдарын «Красная звезда» совхозында аяқтаған. «Келесбек кішкене кезінде момын болды»,- деп шешем  марқұм Знаш Әлтенқызы   айтатын. Бірақ сабақты жақсы оқыған, содан болса керек, оныншы сыныпты бітіре сала ауылдық кеңеске  әскери қызметпен айналысатын маман болып орналасқан. Алла момынның ақысын жемейді деген. Ауылдық кеңесте қызмет істеп жүргенде  жұмыс бабымен ауданнан келген қызметкерлер  үйге келіп қонып, қонақ болатын. Бірде фотогроф Тұмарбай  деген кісі аудандық газетте қызмет істейтін болуы керек, үйге келіп қонақ болып отырған бейнелері есемде қалыпты. Сол кезде ағамыз Келесбек он жеті - он сегіз жасар бала,  ел ағаларымен қатар жүріп қызмет жасап, ел-жұртпен араласуы  іскерліктің бір белгісі   болса керек.  Келесбек ағамыз бір жылдай ауылдық кеңесте қызмет атқарып, Жамбылдағы (қазіргі Тараз қаласы) техналогиялық жеңіл өнімдер өнеркәсібі  инстетутына оқуға түсті. Екінші курсты бітіріп, жазды күні келгенде үйдегілермен  ақылдасып, үй соғайық дейді.  Ол кезде Мақтагүл әпшеміз ауылдағы киім тігетін мекеменің басшысы, өзі  жиырма екі жаста, аудандық  кеңестің  депутаты, партия мүшесі еді, үйдің үлкені сол әпшеміз келісім беріп, «жарайды» дегесін  үйді бастап кетті. Ол кезде ағайынгершілік, адамгершілік, қамқоршылық, ұйымшылдық деген ел ішінде қазақтың ертеден келе жатқан қасиеттерінің бар заман ғой, асарлатып үйдің фундаментін  құйып қойды. Енді жабылып кесегін құйдық, бәріміз атсалысып жүрміз,  кішкентай қарындасымыз,  екі-үш жасар болу керек, Райхан кесекті аударып жатып аяғына түсіп кетіп жылап отырғаны есімде .  Марқұм отыз жеті жасында өмірден озып кетті. Ол  Қорқыт ата университетінің мұғалімі, ғалым  еді. Келесбек ағамыздың үй салайық деуінің бір себебі  – бірінші курста студенттік бригадамен құрлыста жұмыс істеп, құрылыстың қыр -сырын  біледі екен. Үшінші курсты бітіріп келгенде, асарлатып кесегін өріп,  төбесін жауып қойды, шипырлаған  әкеміздің інісі  Ерехан тәтеміз болған, өзі мұғалім болса да ұста болатын. Қыстай материалдарын дайындап, келесі жазда даңғыраған сол заманның хан сарайындай үйге кірдік. Алланың қалауымен, сол баспана құтты болып, бәріміз де сол үйден өсіп - өрбіп шықтық. Біз көшкенде сол тамды сатып алған жігіт – қазір ауылдың бақуатты азаматтарының бірі, қора толы түйе бітті, өсіп - өніп отыр, «құтты қоныс болды»  деп рахметтерін айтып жүреді. «Үй сатып аларда, үйдің киесіне қара» деп халық бекер айтпайды ғой.

     Келесбек ағамыз бес жыл оқып институтты бітіріп, жолдамамен Торғай облысы, Жақсы ауданындағы элеваторға  қызметке жіберіледі, директор қабылдауында  мастерліктен бастайын деп өзі сұрап алады. Бір жылдан кейін қызметі өсіп, инженер болып, партияға өтеді. Сол кезде Қазақстан компартиясы, Торғай облысы  комитетінің хатшысы болып Өзбекәлі Жәнібеков  қызмет атқарып жүреді. Шешеміз сол кісіге барып, сәлем бер дейді. Олай айтатын себебі, Келес ауданында әкеміз райкомның екінші хатшысы қызметінде жүргенде Өзбекәлі Жәнібековті мұғалімдіктен райкомға жұмысқа алып, партияға өткізіп, көп қамқорлық көрсеткен   екен. Үйленгенде шешеміз Ғалихан жеңгеміздің басына орамал салып, өмірге жолдама берген  кісі  ғой. Сол өзіміздің қомқорлығымызда  болған бала сәлем беріп шық дегені, алайда Келесбек ағамыз ол кісінің алдына барғанда қандай қызмет сұраймын, өз қызметім өзіме жетеді  деп бармайды. Мүмкін, барғанда әкеміздің жолын қуып партия қызметкері болып кетер ме еді? Арыстанбай қажы көкеміз бізге ренжитін, «біреуің де көкемнің жолын қумадыңдар» деп, сол райком болмадыңдар немесе қазіргі тілмен  айтқанда әкім болмадыңдар дегені ғой. 

   Өзбекәлі Жәнібековтің сексен жылдығын өткізіп,  Өзекеңнің жұбайы Ғалихан жеңгемізді шақырып, сахнада шешеміз орамал салған көріністі қайталағанбыз, ол бір ерекше халықтың қошеметіне бөленген тірлік болған, ол туралы  «Желкілдек батыр», «Тарихтан тартқан тағылым» кітаптарында  жазылған, ютуб каналында да бар, сондықтан оған тоқталмаймыз. 

    Шешеміз елге қайт деп қоймай Келесбек ағамызды шақырып алады, Ауылға келгенде үлкен қызметті бермей кішкене қызмет берген, үш-төрт ай жүрді де, Жаңақорған аудандық эловатордың инженері қызметіне ауысты, бас инженер болып біраз жыл қызмет істеді.  Сол кезеңде элеватордың бастығы Еденбаев Бимен деген кісі Келесбек ағамызды Төменарық стациясындағы элеватордың бастығы қызметіне жібереді. Еденбаев Бибен деген кісі Қосайұлы Жаманқұл бимен  шөбере.   (Қосайұлы Жаманқұл  1854-1915 ж. Божбан Қараторғай атасынан шыққан би , Жаңақорған аумағында билік құрған , әкеміз Айтбайдың шешесі  Бейсенкүл  әжеміздің  әкесі) Мен  Жаманқұл биді зерттеп, ұрпақтарымен сұхбат құрып, шежірелер көтеріп жүргенде білдім. Бимен көкеміз ол жақындықты білмесе керек, ол заманда ру сұрасып жатпайтын кез.  Жаманқұл бидің жерленген  жері – Жаңақорған ауданы, Құттықожа әулиесінде, бізге жерленген жерін әкеміздің інісі Ерехан көкеміздің әйелі, жеңгеміз Бибіш көрсетіп еді.  Басында  арабша жазылған  көктасы  бар екен. Жаманқұл би туралы газеттерге мақала жазылды, қазақ рулары туралы ғылым академиясы баспасының ұйымдастыруымен жазылып,  қоңырат бөлімінің төрт  томдығына, «қоңырат тарихы шежресі» кітабына   енгізілді.   

     Келесбек ағамыз Төменарық элеваторында  басшы болып жүргенде бұрынғы бастығы  тамырын жайған кісі екен, қайта орнына таласып,  ағамның армияға бармағанын алға тартқан болуы керек, бір түнде Қызылорда облыстық военкоматтың бастығы Шангеев деген орыс  кісі өзі келіп,  армияға жиырма жеті жасқа толуға екі-үш ай қалғанда алып кетті,  жиырма жеті жасқа толғанда ол кезде армиядан босатылатын заң бар еді. Армияда Москва түбінде бір жыл қызметін атқарып қайтты.  Ол кезде институт бітіргендер армияда бір жыл болады. Ол жақта да  құрылыс жағын басқарып, азаматтық киіммен,  еркін тәртіппен, офицерлермен бірге жүрген екен. Шешеміз марқұм бәріміздің армияда жүрген суретімізді сұратып алып, үлкейтіп іліп қоятын, Келесбек ағамыздың армияда түскен суреті азаматтық киіммен үлкейтілген, формамен түсіп жібер десе, менде армиялық форма жоқ депті. Ол кезде    фотогрофтар қаладан келіп үй-үйді  аралап, сурет үлкейтетін. Қайтарында Москвада армияда жүрген меніменен тетелес  ағам Қорғанбекке соғып,  жағдайын біліп қайтыпты. Армияда ескі бір машина берген екен, бәрімізде армияда жеңіл болады деп ДОСААФ бітіріп барғанбыз ғой, сол машинаның астында жөндеу жұмыстарымен айналысып  айқайлап өлең айтып жатыр екен,  жағдайы жақсы деп келген. Қорғанбек ағамыз Қызылорда обкомының бірінші хатшысы  Сейлбек Шаухамановтың туған апасының  Жамила деген қызын алып, қожаның күйеу баласы болып шыға келген. Сол заманда қатарынан  Қызылорда облысын отыз  жылдай  қожалар басқарған – Исатай Әбдікарімов, Такей  Есетов,  Сейлбек Шаухаманов. Сол кезде  жігіттер қожадан қыз алсам, қызметім өсетін деп жүрген кез болса керек, алайда қожалар қараға қыз бермейтін заман болатын. Қорғанбек ағамыз белден басып алған ғой, басы дау болып басылған, шүкір Алтынбек, Гүлнара деген іні-қарындастарымыз бар, өсіп жатырмыз.

   Армиядан келе Келесбек ағамыз   бірден Қызылорда қаласындағы үлкен күріш  зауыты  «Элеваторға» инженер болып жұмысқа орналасады, содан үйленді  Шәркүл деген жеңгемізді әкелді. Шәркүл жеңгеміз бізге  бөтен емес, шөбере апамыздың қызы, Божбан руынан. Апамыз біздің әкемізден де үлкен, жездеміз Сансызбай көкеміз  біздің әкемізбен қатты ойнайды екен. Ол заманның адамдарының ойындары ерекше болған ғой. 

 Біздің бір апамыз ертеректе жоғары жаққа тұрмысқа шыққан екен, елге төркіндетіп жездемізбен бірге келеді,  жайлауда әйелдер   киіз басып жатыр екен, жездеміз келгенде  қайнылары бас салып, жездемізбен ойнап, киізге орап жібереді ғой, ол кісі ыстық киізге тұншығып өмірден озып кетіпті. Сонда апамыз тұрып: - Ешкімге мұны айтпаңдар, өзінің денсаулығы жоқ ауырып жүр еді  дейміз, – депті. Елінен ағайынын шақырып, бауырларың ауырып қайтыс болды деген екен, міне сол кездегі жезде мен қайнының ойындары..                                                                                                                           Келесбек ағамыз  бас инженер  қызметінен  өсіп, кейіннен он бес  жылдай     «Элеватордың» бастығы қызметін  атқарды. Жай сөзге оңай болғанмен,  Қазақстандағы ең үлкен жалғыз күріш зауытын басқару оңай емес,  жылына   500-600 мың күрішті  бүкіл ауданнан қабылдап алу, оны сақтау, өндіріске жіберу, сату деген үлкен бір күш қуатты, білімді  талап ететіні ақиқат. Студент  кезімде үйінде жатқанда көретінмін нақты өнім қабылдайтын кезде кабинетіне  демалатын бөлме жасап, сонда қонатын. Қарапайымдылығы өз алдына бір ғибрат, бірде вагоннан күріш түсіріп болып есігін жаба алмай жатқан жұмысшыларды көріп, көмектесіп көтеріскенде ағамыздың үстіне вагонның есігі құлап кетіп бір өлімнен қалған, сонда қарамағында бес жүз адам бар, бастық адам кабинетте отырса болады ғой, жоқ ол кісі міндетті түрде барлық жерде араласып өзі жүретін. Сол алған еңбек жарақатын  жаздырмай өзі жауып тастады. Нағыз өз жұмысына берілген кісі болатын, дүние жинамаған нағыз партияның азаматы еді. Қызылордада Коммунизм деген аудан бар, барлығы сол элеваторда жұмыс жасайды, көбісі әйелдер қаппен күріш ұрлайтын көрінеді, Келебек ағамыз көріп қалса, көрмегенсіп теріс айналып кетеді екен, оны сонда жұмыс істеген кісілер кейіннен айтып отыратын. Келесбек ағамыз « ана элеваторда қанша күріш барын  ешкімде біле алмайды,  ондағыны  өзім ғана білемін себебі,  оны тек формуламен есептеп шығарасың, сол әйелдердің қаптап алған күріші мәселе шешпейді, бала- шағасын асырасын дейтінмін» деген бір сұрағанымда. Сол уақыттарда Қызылорда облыстық нан өнімдері басқармасының бастығы Жәлел Қизатов деген кісі болған,Ұлы Отан  соғысына  қатысқан   «Кеңес одағының  батыры» деген  атағы бар Одаққа  белгілі  кісі еді. Сол кісіні Алматыда Қазақстан қонақүйінде қонақ қылып, жақсы сұхбат құрғанбыз деп отыратын. Жәлел көкеміз соғыста офицерлік оқып, литенант шенінде взвод басқарған, біздің әкеміз де Айтбай Орынбайұлы офицерлік оқып ол кісі де литенант шенінде взвод басқарған, елге келгенде партия қызметкері болған  ғой, ол да әңгімеге жақсы арқау болса керек. Сонымен қатар, ол кісі қазіргі Ақмола облысы, Есіл ауданының тумасы, Келесбек ағамыз да  солтүстікте қызмет жасағаны бар, жалпы Жәлел көкемізді  жақсы бағалайтын. Ол кісіден кейін Қарақожаев  Файзулла деген кісі болды, ол кісімен де қызметтес болды, елдің кісісі болатын  інісі біздің ауылда совхоз директоры, Жаңақорған аудандық партияның комитетінің  екінші хатшысы болған Шайзында Қарақожаев ағамызбен кейіннен  құда болдық, біздің аталас ағамыз жазушы, ақын, компазитор  Асылбек Қыраубаев келін алды, Жошыхан ініміз  бен Рысты келініміз қазір Қытайда тұрады.  Ініміз бас консул қызметінде, Мемлекеттік қайраткер  өсіп- өніп жатыр.  

 

                                                                                         Кейіннен Келесбек ағамыз денсаулығына байланысты жұмысын үзіп алған кезде жаңадан күріш заутының бас директоры болып келген Мұсабеков Сайлау ағамыз  Келесбек ағамызды жұмысқа шақырып алып, мекеменің дүние мүлкін басқартып қойды.   Егемендік алғаннан кейін зауыт тарап, бүкіл дүние мүлкін қарызды басқару комитеті алып сатуға кірісті,  сонда инспектор болып  ауысып, кейіннен  зейнетке шықты. Сайлау ағамыз бізге жиен болатын, «менің нағашым Айтбай көкем мен сол кісіге  тартқанмын» деп отыратын. Шиелі ауданында элеватордың бастығы, соңғы жылдары Жалағаш ауданындағы элеватордың бастығы болған кісі еді. Келесбек ағамыз бүкіл ауданның күрішін қабылдаған, барлық элеватор басшыларымен қоян -қолтық жұмыс істеген, жақсы біледі. Сайлау ағамыз елден  сыртта жүрсе де арасында арнайы үйге келіп, папама сәлем беріп  кететін. Бірде Сайлау ағамыз  Қызылордада тұрғанымызда үйге шешеме сәлем бере келіпті, шай ішіп отырмыз: – Жеңеше нешеге келдіңіз ? –дейді. Шешем: – Сексен алтыдамын, Ашок немерем үйленсе соны көрсем кетемін ғой,– деді. 

Ашок – менің балам, ол кезде  студент. Сонда Сайлау ағамыз «жеңеше, оның барлығы өлмеудің сылтауы ғой» деп әзілдеп жатыр. Шешем «жоқ тоқсаны құрсын» дейді. Шешем марқұм сексен жеті жасында екі-ақ ай ауырып, өмірден озды, төсек тартып жатқанда Сайлау ағамыз тағы келіп қолын ұста , қоштасып кетіп еді. Қазақта әкең өлсе де, әкеңнің көзін  көрген өлмесін деген сөзі бар ғой, әке-шешеміздің көзін көрген кісілер аман болсын. 

Келесбек ағамыз зейнетке шықаннан кейін намазға жығылып, нағыз тақуалық дәрежеге жетті. Аптасына екі рет ораза ұстау, мешітке барып намаз оқу ол кісінің өмірлік қағидасына айналды. Немерелерін жүгіріп жүріп өзі қарайтын. Жеңгеміз Шәркүл Алматыдағы ҚАЗМУ -дың  филология факультетін бітірген, қазақ тілі әдебиеті мамандығымен мұғалімдіктен зйнетке шықты. Аға-бауырлары, сіңлілері шүкір баршылық. Соның ішінде марқұм Серік құдамыз ерекше жан еді. Сарағаш ауданының мәдениетін басқарған, сол елдің божбан руының биі еді. Бізді Жетісай қаласындағы нағашыларымызға  барарда міндетті түрде жолда күтіп шығарып салатын, жеңгеміз Дәне ерекше дастарқаны кең кісі, біздің шешеміз өте жақсы көретін «Дәне емес, Дана»  деп мақтап отыратын. 

Келесбек ағамыз бен Шәркүл жеңгемізден Қабылбек, Бейбіт, Жансая деген іні- қарындастарымыз бар. Қабылбек – «Айдан  мұнай» компаниясында бухгалтер, Бейбіт – жер комитетінде бас маман, Жансая – жоғары дәрежелі  дәрігер. Қызылордада қызметтерінде. Қабылбек пен Айдана  келінімізден Ерасыл,   Мансұр,    Жанғабыл, Раяна, Асылым деген тәтті немерелері өсіп келе жатыр. Құдамыз Шерхан қыпшақ руынан, құдағиымыз   Күләш     педагог,  қазір туысқандай болдық. Келесбек ағамыз алпыс тоғыз жасында аяқ астынан шай ішіп отырып жүрегі қысыла, өмірден  озып кетті. Тақуалардың өмірден жаны қиналмай өтеді деген сөз рас болса керек.      Тірі болғанда  биыл 4 ақпанда жетпіс  екі жасқа толар еді. Жаны  фердауси жәннәтынан болсын!


ЖАНАРБЕК ОРЫНБАЕВ,  бауыры, «Желкілдек батыр»  «Перзент парызы» Қоғамдық қорларының Президенті                                                                                                                                       25.01.2026 ж Астана қаласы


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: