«Сапа керуені»: БАҚ өкілдері асфальт-бетон зауыттарының жұмысымен танысты

0
0


Қызылорда облысында жол жөндеу жұмыстары қарқын алып келеді. Осы орайда қала мен елді мекен көшелеріне сапалы асфальт төселуіне баса назар аударылып, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары өңірдегі асфальт-бетон зауыттарына тексеру жұмыстарын жүргізуде. 

Бірқатар нысанға филиал қызметкерлерімен бірге жергілікті БАҚ өкілдері де арнайы шығып, өндіріс орындарының тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтты.

Пресс-тур аймақтағы белді жол салушы компаниялардың бірі – «УАД» серіктестігінің асфальт-бетон зауытынан басталды. Ұзақ жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан іргелі кәсіпорынның өндіріс аумағында екі асфальт шығаратын заманауи зауыт бар. Мұнда жол құрылыс материалдары италияндық технологиямен өңделеді. Әр асфальт жабындысының өзіндік қоспалары, нормативтік талаптары болады.

    Асфальт әртүрлі фракциялық қиыршықтастан құралады. Маңызды компаненттің бірі ол – битум. Мынау қиыршық тас иленген үлкен қазандыққа 150 градуста қыздырылған битум құйылады және ол автоматтандырылған басқарумен тиісті мөлшерде беріліп отырады. Шамамен бір сағаттың ішінде біз қажетті шикізатты аламыз. Бізде қазір екі асфальт-бетон зауыт бар. Біреуі сағатына 210 тонна, екіншісі 180 тоннаға дейін асфальт шығарады. Өндіріс Еуропаның озық технологиясына негізделген. Ең бастысы сапаға баса мән береміз,– дейді «УАД» ЖШС директорының орынбасары Мұрат Сәрсенбаев.

Бүгінде кәсіпорында 200-ден аса адам еңбек етеді. Қиындығы мен ауыртпалығы мол жол саласында ерлермен бірге иық тіресіп нәзік жандар да жұмыс істеп жүр. Солардың бірі – зертхана инженері  Жұлдыз Сағындықова. Ол зауыттан шығатын асфальт құрамын күнделікті жіті қадағалап, материалдардың сапасын ұдайы тексеріп отырады.

    Осы салада еңбек етіп жатқаныма 15 жылдай уақыт болды. Шаң-тозаң, қайнаған өндірістің ортасында жүру қыз бала үшін оңай шаруа емес әрине. Бірақ, маған өз жұмысым ұнайды. Әріптестерімнің көбі ер азаматтар болған соң маған ауыртпалық салмайды. Қажет кезде үнемі көмектесіп отырады. Зауытта асфальтқа қосылатын құмнан бастап, қиыршық тасқа дейін зертханалық тексеруден өтеді. Кейде жолға шығып, асфальт жабындысынан сынамалар аламыз. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олқылық анықталса дереу  қалпына келтіреміз,– дейді  Жұлдыз Сағындықова.

Облыста бетке ұстар жол салушы тағы бір компания ол –  «Қыран» ЖШС. «Қызылорда-Жезқазған» республикалық автожолын қайта жаңғырту жобасына қатысқан аймақтағы жалғыз кәсіпорын. Мекеменің қала іргесіндегі асфальт-бетон зауытының жұмысы да жолға қойылған. Өндірісте украиндық технологияны пайдаланып отыр. Мұнда қазір күніне мың тоннаның көлемінде асфальт шығарса,  маусым ортасында бұл көрсеткіш екі мың тоннаға дейін ұлғаяды. 

    Қиыршық тасты Жаңақорғанның Шалқиясынан әкелеміз. Өйткені, ол асфальттің сапасына бірден-бір әсер ететін шикізат. Мәселен, Шиеліден келетін тас көбіне бізге жарамайды. Жалпы кез-келген материалдың сапасын тексеріп барып, өндіріске пайдаланамыз. Қазір барынша қажетті шикізат қорын жинап алып жатырмыз. Өйткені  маусым қызған шақта жаңадан салынып жатқан жолдарға асфальтты үзбей жеткізуіміз қажет. Қазіргі кезде қаланың өзінде бірнеше жобамыз бар. Алдағы уақытта Ақтөбе облысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізін кеңейту жұмыстарына қатысуды көздеп отырмыз. Бергі жағы Түркістан облысында күре жолды жөндеу жұмыстары бар. Біздің мекеменің әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары. 300-ге жуық адам осы кәсіпорынның арқасында отбасын асырап отыр. Сондықтан әрбір жолымызды талапқа сай, сапалы жасауға ұмтыламыз,– дейді «Қыран» ЖШС асфальт-бетон зауытының басшысы.

Бүгінде облыс аумағында 23 асфальт-бетон зауыты жұмыс істейді. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары жыл сайын бұл кәсіпорындардың техникалық мүмкіндіктері мен қондырғыларының талапқа сәйкестігін тексеріп, ұдайы бақылау жүргізеді.

    Бірінші сәуірден бастап аймақтағы асфальт-бетон зауыттарына тексеру жүргізіп келеміз. Әзірге 15-інің тиісті сертификат құжаттары мен материалдық-техникалық базасын бағалап шықтық. Жалпы АБЗ-ға қойылатын міндетті 16 талап бар. Соның әрқайыссын тексеріп, нормтивтік талаптар бойынша қорытынды береміз. Егер кемшіліктер болса, тиісті сын-ескертпе беріп қайта түзетуге уақыт беріледі. Одан бөлек зауыттан шыққан асфальт құрамы өзіміздің зертханада тексеріледі. Ең басты мақсатымыз аймақ жолдарына сапалы асфальт жабындыларын салу,– деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ инженері Асылбек Қаппазов.

«Сапа керуені» пресс-туры аясында БАҚ өкілдері асфальт-зауыттарының қайнаған тіршілігін таспаға түсіріп, мамандардан жан-жақты ақпарат алды.


Сурет облыстық Қоғамдық даму басқармасынан

Тағы да оқыңыздар
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: