Азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру – басты мақсат

8
0

Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесінің тарихи негізі қазақтың әділ билерінің төрелік айту дәстүрінен бастау алады. Билер дәстүрі бүгінде сот жүйесінде татуластыру рәсімдерімен жалғасты десек болады. Қазіргі таңда сотқа дауласып келген азаматтарға татуластыру рәсімдерінің тиімділігі, дауды өзара ынтымақпен шешу, бітімгершілікке келу жөнінде түсіндіріледі. 

Уақыт алға озған сайын заманның сұранысы мен талаптары өзгеретіні анық.  Заманның ағымына сай, еліміздің сот жүйесіне жаңашылдықтар енгізу қажеттілігі туындады. 

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаменті Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі болып қайта құрылды. Ал, сот әкімшісінің аумақтық органдары Департамент болып өзгерді. Қазір республиканың барлық облысында сот әкімшілігінің Департаменттері деп аталатын аумақтық бөлімшелер жұмыс істеуде.

 Тиісінше, Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті, аудандық және оған теңестірілген соттардың кеңселері сот әкімшісі болып қайта құрылып, бір жылдың көлемінде осы құрылым бойынша қызмет атқарып келеміз. Департамент ережесі бекітіліп, қызметтің негізгі бағыты соттардағы ұйымдастырушылық, қаржылық және материалдық-техникалық қызметтерді атқару болып белгіленді.  

Әрине, сот жүйесінде сот төрелігін жүзеге асырумен қатар, соттардың қызметін ұйымдастыру да маңызды рөлге ие. Осы орайда, Департаменттің құзіреті кеңейді және жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. Қазіргі таңда сот процессін дайындау және ұйымдастыру, судьялардың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметін қамтамасыз ету, сот тәжірибесін талдау, сотқа түскен істер бойынша статистикалық есепті қалыптастыру, сот мұрағатының іс қағаздарын жүргізу және ақпараттандыру – қызметіміздің басты бағыты болып отыр. 

Азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан, бізге жүктелген жауапкершіліктің жүгі зор. Біз өз тарапымыздан сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді жүзеге асырамыз.

Бүгінгі таңда сотқа жүгінген азаматтарға электронды ақпараттық технологияларды қолдануға мүмкіндік беріп отырмыз. Тұрғындар сотқа өздерінің өтініштері мен арыз-шағымдарын «Сот кабинеті», «Е-өтініш» қызмет көрсету жүйелері арқылы жібере алады. Бұл сервистердің негізгі ерекшелігі  - әрбір азамат немесе оның өкілі өзіне ыңғайлы уақытта, үйінен шықпай-ақ, интернет желісі арқылы сотқа талап-тілектерін жолдай береді. Осы ретте «Сот кабинеті» сервисінің мүмкіндіктерін кеңінен айтып өткім келеді. Электронды сервис өте ыңғайлы, ол арқылы талап қою, шағымдар және өтінішхаттар беруге, мемлекеттік баж төлемін онлайн жүзеге асыруға болады. Сонымен бірге, электронды сот құжаттарын қарауға, сақтауға, жүктеуге болады және талап қою туралы ақпараттарды, істің қаралу динамикасын, бейнематериалдарды көруге, апелляциялық шағым, жеке шағым, қадағалау тәртібімен сот актісін қайта қарау туралы өтінішхат, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау және тағы басқа талап-өтініштермен жүгінуге болады. Бүгінде Қызылорда соттарында электронды сервисті қолдану тәжірибесі жолға қойылып, көпшілік арасында кең қолданысқа ие болып, азаматтардың уақытын үнемдеп, сот қызметіне қолжетімділікті арттыруда.

Баршаңызға белгілі, осыдан бірер жыл бұрын еліміздің аумағында коронавирус індетінің таралуы өмір сүру салтымызға өзінің өзгерістерін енгізді. Сол уақытта сот отырыстарына қашықтықтан қатысу тәжірибесі қалыптасты. Содан бері сот отырыстарына онлайн түрде қатысу мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жоймай, азаматтарға оңтайлы жағдай қалыптастыру мақсатында сот отырыстарына қашықтықтан қатысу мүмкіндігі берілген. Қазіргі таңда азаматтар сот отырысына келіп қатысады, сотқа келу мүмкіндігі болмаған жағдайда, мобильді қосымшалардың және басқа да электронды технологиялардың көмегімен онлайн түрде қатыса алады. 

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сот  отырыстары өткізілетін залдардың барлығы заман талабына сай келетін техникалармен жабдықталып, сот процестері түгелдей аудио-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізіледі. Бұл сот процестерінің ашық әрі әділ өтуіне және бұрмалаушылыққа жол берілмеуіне ықпал етеді. Осылайша,  жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті деп айта аламыз.

Сонымен қатар, бүгінде істердің көпшілігі сотқа электронды форматта түсуде. Негізінен әлемдегі дамыған елдердің көбінде істер сотқа қағаз жүзінде емес, электронды түрде түседі. Азаматтық істер бойынша сот бұйрығын шығару туралы арыздар, жеңілдетілген іс жүргізу бойынша арыздарды қарау электрондық нысанға көшірілген. Қылмыстық істер бойынша қазіргі күні «Төрелік» ақпараттық жүйесімен үйлестірілген «Электрондық қылмыстық іс» жүйесі жұмыс істеуде. Бұл қылмыстық істер бойынша сот өндірісінің барлық кезеңдерін, яғни қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеуден бастап, сот үкімінің шығарылуына дейін цифрландыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер де электронды форматта түсуде.

Істердің басым бөлігі электронды түрде түсуіне байланысты электронды сот залдары жасақталған. 

Сот жүйесіндегі электрондық нысанның ерекшелігі - ақпараттық жүйе істерді цифрлық нысанда сақтайды және жоғары деңгейлі қауіпсіздікке ие. Барлық процестік құжаттар электрондық карточкада сақталады, сот актілері соттың базасына дер кезінде салынады. Бұл жаңашылдық сот жүйесі мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз етуге жағдай жасап отыр.

Қызылорда соттарында судьялар мен мамандардың кедергісіз қызмет атқаруына барлық мүмкіндік қарастырылғанын айта кеткен жөн. Заманауи үлгідегі компьютерлер іске қосылып, сот ғимараттары қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етілген. Келушілер үшін күту залы, жұмыс жасау секторы, ақпарат орталығы, адвокаттар мен медиаторлар орны, соттардың кіріс кеңсесі жұмыс істеуде. Күту залында бейнероликтер көрсетіліп тұрады. Сол арқылы татуласу келісімдерінің маңыздылығы, мемлекеттік баж алымдары, облыстық және аудандық соттардың басшылығының жеке қабылдау күндері туралы мәліметтермен, талап қою үлгілерімен және сот жұмысын ұйымдастыруға қатысты ақпараттармен танысу мүмкіндігі бар. 

Бүгінде халықтың құқықтық сауатын арттыру мақсатында ақпараттандыру бағытына да ерекше көңіл бөліп отырмыз. Қазіргі таңда облыстық соттың ресми сайты қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеп тұр. Сайтта халыққа қажетті мәліметтер, заң нормалары, соттардың байланыс телефондары мен электронды поштаталары,  облыс соттарының қараған істері бойынша сот залынан берілетін ақпараттар орналастырылған. Сонымен қатар, құқықтық насихат жұмысын жүргізу, кері байланыс орнату мақсатында «Қызылорда соттары» атауымен facebook, instagram, telegram әлеуметтік желілері мен youtube арналары жүргізіліп отырады. Онда халықты сот жүйесінің жұмысымен таныстыру, заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бағытындағы ақпараттар жарияланып, аудандық және оған теңестірілген соттарда өткізілген іс-шаралар мен сот жүйесінің сан тармағын қамтитын замануи форматтағы бейнероликтер орналастырылады. 

Тарихқа құрметпен қарау – халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Өткен күнді қастерлеу ел бірлігін нығайтады, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырады. Біз де өз кезегімізде тарихқа, жүріп өткен жолымызға құрметпен, ізетпен қарап келеміз. 

Қазіргі күні қолданысқа енген қазақтың дау шешу өнерінің тамыры тереңде жатыр. Қазақ билерінің төрелік айту дәстүрін жалғастырушысы бүгінгі сот билігі азаматтарды татуластыру жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отыр. Осы орайда, тарихымыз ұмытылмасын деген ниетпен облыстық соттың ғимаратына билерден бастап, бүгінгі сот жүйесіне дейінгі тарихты қамтитын, тәрбиенің орталығы болатын мұражай ашып, оның да жұмысын жүргізіп отырмыз. 

Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті ұлттық құндылықтарға негізделген іс-шараларға ерекше көңіл бөліп келеді. Таңертең қызметкерлердің көңіл күйін көтеру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу  мақсатында ғимарат ішінде қазақтың күйлері күмбірлеп тұрады. «Жақсыны үйренбекке» - деген  халқымыз. Біз бұл идеяны қасиетті қара шаңырақ, көршілес орналасқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен алдық. 

Сот әкімшілігі департаменті әрқашан да қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Сот қызметкерлері арасында интеллектуалдық және шығармашылық сайыстарды ұдайы өткізіліп келеді. Өткен жылы Наурыз мерекесіне орай, «Тәрбие ұлттың қазығы» деген атаумен шығармашылық сайыс өтті. Қызылорда соттарынан жиырмаға жуық қызметкер қатысып, ұлттық дәстүр туралы эссе жазу,  өз өнерін көрсету және сұрақ-жауаптан тұратын үш турдан сайысты. Негізгі мақсат – ұлттық құндылықты дәріптеу болатын.

Сонымен қатар, судьялар мен сот қызметкерлері арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында спорттық шараларды тұрақты түрде өткізіп келеміз. Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық ойындардан спартакиада өткізіліп, асық ату, ләңгі тебу, қол күрес, арқан тарту сияқты ұлттық ойындарды жандандырып келеміз. 

Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті қызметте ұйымдастырушылығымен ерекшеленіп, ұлттық тәрбие мен құндылықтарға негізделген шараларды өткізіп, Республика бойынша алдыңғы лекте келе жатқан құрылымдардың бірі деп айта аламыз. Ендігі жерде бұл жетістіктермен шектеліп қалмай, алдымызда тұрған межелерімізді жүзеге асыруды мақсат етіп отырмыз. Оларды орындауға барлық тәжірибемізді, күш-жігер мен білімімізді арнаймыз. Себебі, ең бастысы  - азаматтардың сенімі және тәртіптің сақталуы болып қала береді.  

 

Сағатбек Сүлеймен,

Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы.

Сурет ашық дереккөзден алынды.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: