9 миллион теңге моральдық зиян өндірілді

9
0


Қызылордада автобус жүргізушісі таңғы уақытта көлік жүргізіп келе жатып,  жолдан өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан әйел ауыр дене жарақаттарын алып, ауруханада қайтыс болды.  

Әйелдің артында студент қызы және кәмелетке толмаған 2 кішкентай баласы қалған. Некесі сот шешімімен бұзылған. Балалардың әкесі қандай да бір көмек көрсетпейдіктен, әйел қайтыс болғаннан кейін кәмелетке толмаған балаларға қамқоршы тағайындалды.

Жол-көлік оқиғасы әйел жаяу жүргіншілерге арналған жолақпен өтіп бара жатқан кезде орын алған. Яғни, қайтыс болған қала тұрғынының тарапынан заң бұзушылық орын алмаған.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, автобус жүргізушісі сот үкімімен кінәлі деп танылып, 5 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық Кодекстің 63-бабы қолданыла отырып, жаза шартты деп есептеліп, пробациялық бақылау белгіленген.

Қоғамдық көлік «Қызылорда автобус паркі» серіктестігіне тиесілі болған. Автобус жүргізушісі жұмысқа жақында қабылданып, сынақ мерзімінде жүрген. Оқиға орын алған кезде сынақ мерзімі аяқталмаған.

 Жүргізуші жұмысқа толық қабылданбағандықтан, автобус иесі серіктестік болғандықтан, жол-көлік оқиғасынан келген моральдық зиянға серіктестік жауапты болып табылады.

Қайтыс болған әйелдің үлкен қызы өзіне және кәмелетке толмаған інісі мен сіңілісіне моральдық зиянды серіктестіктен өндіру туралы талап қоюмен Қызылорда қалалық сотына жүгінген. «Автобус паркі» моральдық зиянды өндіру туралы талаппен келіспей,  сақтандыру төлемдерін толығымен жүргізгенін көрсеткен.

          Жол-көлік оқиғасынан балалардың анасы қайтыс болған, марқұмның үлкен қыз баласы  күндізгі жоғарғы оқу орнында оқиды. Кәмелетке толмаған балалар анасынан айырылып, жан күйзелісін бастан кешіріп, психологтың көмегіне жүгінген, оларға моральдық зиян келген. Осы негіздерге байланысты, Қызылорда қалалық сотының шешімімен марқұмның үлкен қызының талабы ішінара қанағаттандырылып, серіктестіктен студент қызға 3 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді.  Сонымен қатар, кәмелетке толмаған 2 баланың әрқайсысына 3 000 000 теңгеден моральдық зиян өндірілді. 

Осылайша, анасынан айырылған үш балаға жалпы сомасы 9 миллион теңге моральдық зиян өндіру туралы сот шешімі шығарылған. 

  Серіктестік сот шешімімен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым берген. Дегенмен, азаматтық істер бойынша сот алқасы шағымды қанағаттандырусыз, шешімді өзгеріссіз қалдырды.  


Сурет ашық дереккөзден алынды.



Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: