«ҚазАгроҚаржы»: шаруаларға қолдау

13
0

Баспасөз туры

Фото: "ҚазАгроҚаржы" облыстық филиалы

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымы – «ҚазАгроҚаржы» АҚ республика көлемінде, оның ішінде облыстың агроөнеркәсіптік кешенін техникалық жаңғыртуға жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. 2003 жылдан  бүгінге дейін өңірде 70,5 млрд теңгеге 2,7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы қаржыландырылған. Қыркүйектегі мәліметке сүйенсек, аймақта 4,1 млрд теңгеге 141  техника алынған. Облыстық филиалдың несие портфелі 17,3 млрд теңге, ал қолданыстағы қарыз алушылар саны – 291.

–    Биыл тоғыз айда филиалға  910,6 млн теңгеге 52 техника сатып алу бойынша өтінім түсті. Оның ішінде жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында 614 млн теңгеге 34 ауыл шаруашылығы техникасына,  егін жинау жұмыстарына арналған 18 техникаға 296,6 млн теңге сомасында өтінім берілген, – дейді облыстық филиал директоры Оразбек Қарақожаев. 

Осы орайда «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шара аясында журналистер ауыл шаруашылығы алқаптарына барып, егін жинау науқанының барысымен және компанияның қаржылық қолдауымен сатып алынған техникалар жұмысымен танысты.

Компания қолдауын көргендердің бірі – Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылындағы «Ақтөбе и К» ЖШС «Дөйт» шаруа қожалығы. 

Шаруа қожалығы 2005 жылдан бері жұмыс істейді және күріш пен жоңышқа өсіруге маманданған. Жер телімінің жалпы аумағы 2 958,5 гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісіне пайдаланылатын пайдалы аумақ 1 360,5 гектар. 

 «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен ұзақ жылдар бойы ынтымақтастық орнатып келеді. Компанияның қаржылық қолдауымен  күріш жинайтын комбайндар, тракторлар, жаткалар, пресс жинағыштар және басқа да ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алған.

Атап айтқанда, лизинг арқылы «CLAAS Tucano 580» күріш жинайтын комбайны, «Swath Up 450» жинағышы бар «Tucano 580», «Тucаnо 450» және «John Deere 9670 STS» комбайндары, тракторлар, жаткалар және өзге де техника. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, шаруашылықты қаржыландырудың жалпы көлемі 716 млн теңгеден асады. Сондай-ақ, күріш ақтау зауытын алған. Бүгінде жұмыс қарқынды жүргізілуде. 

–    Оңтүстік кореялық жартылай автоматтандырылған зауыттың қуаттылығы жоғары. Тәулігіне алпыс тонна күріш ақтайды. Мұнда қалдықсыз өнім шығарылады. Мәселен, кебегі мал азығы ретінде пайдаланылса, ұсақ немесе сынған түрі де кәдеге асырылады. Он екі адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 5-6 мемлекетке күріш тасымалдаймыз. Оның ішінде Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдері бар және республика көлеміне таратамыз. Қытай зауытына қарағанда өнімі әлдеқайда сапалы. Жалпы зауыт 2016 жылы іске қосылды содан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді.   «ҚазАгроҚаржы» ұйымы арқылы лизингке алдық. Құны –137 млн теңге. Он жыл бойы төледік, бүгінде қарызымыз жоқ, – дейді зауыт меңгерушісі Әбілхайыр Тұрғанбеков.  

Шаруа қожалығы биыл 1532 гектарға күріш, 160 гектарға жүгері, 160 гектарға соя және 500 гектарға жоңышқа еккен.  

–    Былтыр 1800 гектардан  орташа 70,1 центнерден жинағанбыз, биыл ауа райының қолайсыздығы, көктемнің салқын, дауылды болғаны, жаздың  қатты ысып кетуі егін шығымына әсер етпей қоймады, яки өнімді төмендетті. Бірақ соның өзінде егіннің жартысын жинап болдық,  60 центнерден келіп тұр. Су тапшылығына байланысты ауыл шаруашылығын әртараптандыру үшін жүгері мен соя ектік. Шығымы жаман емес.  Техникалардың барлығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы алынды. 2015 жылдан бері 2 млрд теңгеге 50-ден астам техника алыппыз.  Оның ішінде комбайн, трактор, жатка басқа да техника және күріш ақтау зауыты бар. Елдегі шаруашылықтар «ҚазАгроҚаржы» ұйымының арқасында шаруасын ширатып отыр деуге болады. Өйткені  техниканы өз қаржыңа сатып алу деген мүмкін емес, сондықтан ұйым арқылы 10 жылға төмен пайызбен алған өте тиімді.  Жаңа айтып өткенімдей, негізгі техникалардың барлығына алғашқы жылдары осы ұйым арқылы қол жеткіздік. Он жылдан асса да жұмыс істеп келеді. Сондықтан «ҚазАгроҚаржы» ұйымының қызметі – мемлекеттің шаруаларға жасап отырған қамқорлығы мен зор мүмкіндігі деп айтар едім, – дейді «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев. 

Баспасөз туры  барысында Жалағаш ауданы Мақпалкөл ауылындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығының жұмысымен  де таныстық.

«Ер-Әлі» шаруа қожалығы 2003 жылы құрылған. Негізгі  бағыты – өсімдік шаруашылығы, оның ішінде күріш пен жоңышқа өсіру және өткізу. 

Шаруашылықтың 1 559 гектар жерінің 1 265 гектары ауыл шаруашылығы өндірісіне пайдаланылады. Атап айтқанда, 1 084 гектары – егістік, 173 гектары – жайылым, 8 гектары – шабындық.

Өндірістік базаны жаңарту үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның лизингтік қаржыландыру құралдарын пайдаланып келеді. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес,  ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталған қаржыландырудың жалпы көлемі 543,9 млн теңгеге жуық.

Осы жылдар ішінде шаруашылық «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы күріш жинауға арналған «Case IH AF 5088», «Case IH Axial Flow 2366», «Lexion 750» комбайндарын Swath Up 450 жинағышымен, «Беларус» және Deutz-Fahr тракторларын, «MacDon M105» өздігінен жүретін жаткасын, пресс жинағыштарды, сепкіштерді және басқа да ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландырған. 

– 2003 жылы шағын отбасылық шаруашылық ретінде құрылдық. Сол кезде небәрі 20 гектар жер болатын, қазір 3500 гектарға жеткіздік. Әртараптандыру бойынша күріш, басқа да дақылдар, бау-бақша егеміз. Биыл 1500 гектарға күріш септік. 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Сұранысқа сай күріштің украиналық «Маршал» сортына басымдық беріп отырмыз. Болашақта су тапшылығына байланысты күріш көлемін қысқартып, Еуропа мемлекеттеріндегідей сапалы өнім шығаруға ұмтылып жатырмыз. «ҚазАгроҚаржы» арқылы алғашқыда бір трактор алдық, сосын үшеу болды, жалпы 30-ға жуық техникаға жеткіздік. Мемлекеттің ауыл шаруашылығын қолдау саясаты  өте тиімді. Қазіргі уақытта техникамен толықтай қамтылдық. Кейінгі үш-төрт жылда  қажетті техниканы өз қаржымызға сатып алуға жағдайымыз жетті, – дейді шаруа қожалық басшысы Әліби Бекжанов.

Баспасөз туры барысында «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның өңірдегі жұмысының нәтижесін нақты шаруашылықтар мысалында көрдік. 

Жалпы «ҚазАгроҚаржы» АҚ отандық ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері үшін заманауи техниканың қолжетімділігін арттыру және өңірлердегі машина-трактор паркін жаңартуға қолдау көрсету бағытындағы жұмысын жалғастыруда. 

–    Екі шаруашылық та он бес жылдан бері біздің ұйыммен ынтымақтаса жұмыс істеп, қарқынды дамып келеді. Жалпы біздің ұйымның қызметі – ауыл шаруашылығы құрылымдарын техникалық және технологиялық жабдықтау, жаңарту.  Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы техникаларын жылына 10-12 пайыз қарқынды   жаңарту  тапсырмасына сәйкес  жеңілдетілген лизинг береміз. Бірнеше бағытта жұмыс істейміз. Кейінгі жылдардағы су тапшылығына байланысты тамшылатып суаруға басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар суды аз қажет ететін дақылдар егу қолға алынып, ауылшаруашылығын әртараптандыруға көңіл бөлінуде. Осы орайда шаруаларға жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиясын да қаржыландыруға болады. Соған көмек беруге дайынбыз, – дейді «ҚазАгроҚаржы» облысық филиалының директоры Оразбек Қарақожаев.


Айнұр БАТТАЛОВА


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [✔] *:

[/available]