Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Департаментке Шиелі ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкерден «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметін алу барысында құқықтарының бұзылғаны туралы шағым түсті.
Аталған шағым негізінде Шиелі ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Тексеру барысында жеке кәсіпкердің мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу мақсатында геоақпараттық портал арқылы бірнеше рет өтініш бергені анықталды. Алғашқы өтініші «мемлекеттік қызмет көрсетуден эскиздік жобада объектінің мекенжайы дұрыс көрсетілмеген» деген негізбен кері қайтарылған. Жеке кәсіпкер көрсетілген кемшіліктерді түзетіп, құжаттарын бөлімге қайта ұсынған. Алайда екінші өтінішті қарау барысында құрылыс объектісіне қатысты өзге де мән-жайлар негізге алынып, мемлекеттік қызмет көрсетуден қайта бас тартылған.
Департамент жүргізген тексеру нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту кезінде заңнама талаптарының толық сақталмағаны анықталды. Атап айтқанда, бірінші өтініш бойынша бас тарту туралы жауапта кейіннен екінші өтінішті қарау кезінде негізге алынған бірқатар мән-жайлар көрсетілмеген. Сонымен қатар, жеке кәсіпкердің сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмағаны туралы уәж де негізсіз деп танылды.
Құжаттарды зерделеу барысында азаматтың «Сәулет-жоспарлау тапсырмасын, инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосуға арналған техникалық шарттарды ұсыну» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша оң қорытынды алғаны анықталды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту заңнамада көзделген нақты негіздер болған жағдайда ғана жүзеге асырылуы тиіс. Осыған байланысты құрылыс объектісіне қатысты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органының тексеру қорытындысы мен ресми жауабын күту «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметін көрсетуден бас тарту үшін заңнамада көзделген негіз болып табылмайтыны анықталды. Осылайша бөлім тарапынан азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылғаны және оны көрсету барысында заңнама талаптарының толық сақталмағаны анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша бөлімге қызмет алушының өтініші мен ұсынылған құжаттарын заңнама талаптарына сәйкес қайта қарап, оның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар, заң бұзушылыққа жол берген жауапты қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарау және мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнама талаптарын сақтау бойынша қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Департамент қабылдаған шаралардың нәтижесінде жеке кәсіпкердің мемлекеттік қызмет алу барысында бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Оның өтініші қайта қаралып, мемлекеттік қызметке оң қорытынды алу мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру – мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңдылықты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру – департамент жұмысының басым бағытының бірі. Сол себепті, егер сіздің мемлекеттік қызметті алу барысында құқығыңыз бұзылса, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне шағымдануға болатынын хабарлаймыз.
Мекенжайымыз: Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 1. Байланыс телефондары: 8 (7242) 70-56-36, 70-00-40.
Әміржан Сәкен,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті
мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының бас маманы