Асыл азаматтың айшықты жолы

84
0

Өзбекәлі Жәнібековке – 95 жыл

(Суретте А. Орынбаев)

Мемлекет қарайткері  Өзбекәлі Жәнібеков туралы кейінгі кезде жиі жазылып, ақпараттық кеңістікте көп айтылып жүр. Отыз жылдай ол кісінің есімі қоғамда айтылмай,  ақпараттық кеңістікте қозғалмады, оның себептері де  жоқ емес. Алайда соған  қарамастан біз 2011 жылы Өзбекәлі Жәнібековтың сексен жылдығын  Желкілдек батырдың  туғанына 295 жыл толу қарсаңындағы   тойымен бірге қосып  атап өтіп едік. Оның негізгі  себебі – Өзекеңнің  менің әкем Айтбайдың  қамқорлығындағы інісі  болғандығында  еді.  Осыған  байланысты  Өзекеңнің биыл  95 жылдығына орай   марқұм әкем  мемлекет және партия қайраткері Айтбай Орынбаевтың және басқа да кісілердің айтқан естеліктерінен    мақала жазуды жөн көрдім.                  

Әкем ( азан шақырып қойған аты- Айт-Мұхаммед)    Айтбай Орынбайұлы 1923 жылы 4 сәуірде Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Әкесі Сыр бойына белгілі керуен басшысы, сол заманның ірі тұлғасы Орынбай Мәмірайымұлы 1888-1925 жылдары өмір сүрген, ол кісі әкеміз екі жасында, өзі отыз жеті мүшел жасында өмірден озыпты. Өз заманында Орынбай ата елден қырық жігітті жиып, Қытай, Бұхара, Хорезмге мал айдап апарып сатып, қант-шай, мата тағы басқа тұрмысқа қажетті заттарды әкеледі екен. Барып келу жолына бірнеше ай кететін болған. Осы заттарды ауыл ортасына тігілген сегіз қанатты киіз үйге жинап, кіші бір рулы елді асырап отырған. Ел шабандоз, палуандығынан бөлек, сұлу Орынбай дейді екен.  Әкеміздің  анасы Жаңақорған өңірінде билік құрған божбан руынан шыққан Жаманқұл бидің қызы Бейсенкүл әжеміз. Әжеміз ұзын бойлы, бес уақыт намазын қаза қылмаған, иманы нұрында тұратын,  қасиет дарыған кісі еді. Баласының есімін  Пайғамбарымыздың  есімімен   Айт – Мұхаммед  деп қойуы да бекер болмаса керек. 

Айтбай әкеміз Жаңақорған ауданында он жылдықты бітіргеннен кейін, 1942 жылы 9 қыркүйкте Ұлы отан соғысына армияға шақырылып, Сталинград майданына қатысты. 1942 жылы 12 желтоқсанда аяғынан ауыр жараланып, алты айдай госпитальда емделеді. 1943 жылы мамыр айында емделіп шыққанан кейін Ригада әскери училищеге оқуға жіберіліп, 1944 жылы қараша айында литенант шенін алады. 1944 жылдың соңында взвод командирі болып Украйна майданына қайта соғысқа кіреді.1945 жылы қазан айында соғысты жеңіспен аяқтап елге оралады. Соғысты аға лейтанант шенінде аяқтайды. Немістің атақты Фельдмаршалы Паульстің армиясын тұтқындауға қатысты.Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», Кеңес одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен марапатталған. Бейбіт заманда «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығы» мекерекелік медалі берілген. Әкеміз соғыста орала сала 1945 жылдың 1 қараша айынан 1947 жылға дейінгі аралықта Шымкент облысы, Шорнақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады. Шорнақ ауданында қызмет атқарып жүргенде шешеміз Знаш Әлтенқызымен танысып отбасын 1947 жылы құрады. Анамыз Знаш Әлтенқызы 1929 жылы туған. Әкесі Әлтен Темірбайұлы Шорнақ ауданына қарасты  «Мир» колхозын құрып 1930-1946 жыл аралығында колхоз төрағасы болған. Шешесі Күләнда Қоңырат, Жауғашты руынан шыққан Сәрсенбай (Сәрсенбі деп те атайды екен) болыстың қызы. Күләндә әжеміз елге белгілі күйші екен.  «Атақты күйші Дина Нұрпейсова үйге келіп анаммен бірге күй тартып отырушы еді» деп анам Знаш еске алып отыратын. Баласын дәретсіз емізбеген қасиетті кісі болған. Ел ол кісіні аппақ ақ  киіміне, жүріс -тұрысына,  дуалы ауыздылығына орай  ақ әже атаған, ол атағы болыстың қызына лайықты болса керек. 

Әкеміз  Айтбай 1947-1949 жылы қазақтың  Абай атындағы мемлекеттік педагогигалық институтына түсіп, тарих мамандығы бойынша бітіріп шықты.  Қазақ ССР Жоғарғы партия мектебін бітірді. 1949-1952 жылы Мақтарал аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне жіберілді. Ал, 1952 жылдан Мақтарал, Келес, Қаратас, Жаңақорған аудандарында партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Билік пен парасаттың ара қатынасын ажырата білді. Креслоның күшіне емес, өзінің адал ісіне сенді. Қай жағдайда болсын кісіліктен кішілігі басым тұрды. Кесек пішін, мәрт мінез әкемізге тән қасиет еді. Барынша елмен араласып, үлкен-кіші пікіріне құлақ асты. Беделді басшы болғанын білетін ел айтып отыратын. 

  Айтбай әкеміз адам танығыштық ерекше бір қабілеті болған. Ол бойында дарыны бар, бірақ іште буырқанған таланты бүгіліп жатқан жастарды іріктей білген. Солардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековті алсақ аздық етпес. Әкем  Келес аудандық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жүрген Өзбекәлі Жәнібековты райкомға жұмысқа қабылдап, партияға өткізіп, тәрбиелеп, өміріне жолдама берген. Өзекең Ғалихан жеңгемізге үйленгенде басына орамал салып, келін қылып түсірген біздің анамыз Знаш Әлтенқызы болатын. 2011 жылы  «Желкілдек батыр» Қоғамдық қоры атынан  Отырар ауданында,  «Арыстанбаб» кесенесінің   жанында Желкілдек батырға,  Өзбекәлінің сексен жылдығына орай ас беріп,  мәдениет сарайында ақындар айтысын ұйымдастырып едік. Сол жерде сахнада Өзбекәлі Жәнібековтің жұбайы Ғалихан жеңгеміздің басына  анамыз Знаш Әлтенқызы орамал салып, бұрынғы келін болып  түскендегі оқиғаны қайталап едік. Ол бір халықтың қошеметіне бөленген көрініс болған.  Әкеміз Айтбайдың Өзекеңді қалай қызметке тартқаны,  ара қатынасы туралы «Тарихтан тартқан тағылым»  кітабында  жазушы- журналист Қаныбек Әбдуов жазған. Сонымен қатар, берілген ас туралы «Желкілдек батыр» кітабында жазушы Адырбек Сопыбеков  толық қамтыған.  

Мемлекет қайраткері  Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан компартиясының үшінші хатшылығына дейін жоғарлады.  Жалпы азаматтың қызметінің өсуіне бірінші Алла, содан кейін бір адамның себепші болатыны ақиқат.  Оған дәлел ретінде айта кетейін, «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының 323-бетінде Өзбекәлі және Нұрсұлтан бөлімінде Өзекең  Нұрекеңді Теміртауда жүргеннен қадағалап қызыметінің өсуіне себепкер болғанын жазады. Соның ішінде  Теміртау қалалық комиттетің хатшысы М.Катков Нұрекеңді бюроға салып, қатаң сөгіс жариялап, есеп карточкасына енгізген. Нұрекең  бірден Өзекеңе хабарласқан, ал Өзекең  обкомның бірінші хатшысы  К.Акулинцевке хабарласқан,  ол орнында болмаған соң екінші хатшы Сұлтан Досмағамбетовке хабарласып, сөгісті алдырып тастаған. «Кейін Нұрекең «Оң бағытпен де, сол бағытпенен де емес» деген кітабында Мәскеуге Павловқа телефон соғып едім депті, шындығында олай емес,  бәлкім Елбасы өзінің қазіргі тұғырының биігінен осындай ұсақ түйекте біз сияқтыларға «қарыздар» болып көрінуге қымсынғандықтан  Павловқа сілтеп отырған шығар» деп ренішін  жазады. Сонымен қатар, Нұрекеңнің бірулер туралы айтқан сөзін білесіздер,   қолынан жетектеп лауазымдық қызметіне  отырғыздым, сонда да  менің артымнан жағымсыз сөздер айтады деген. Ия, ол өмір шындығы, қамқорлық көрсеткен адамның  көзі, тағы  тайғасын өзім болдым, өзім толдым дейтін  ханға да, қараға да ортақ пендешілік екенін  естен шығармаймыз.  Мұндайда қазақта  «таспен ұрғанды аспен ұр» деген өте ұлағатты сөз бар. 

Ия сол «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының Астана қаласындағы тұсау кесеріне ұйымдастырушылардан шақырту алып қатысқанбыз. Қатысуышлар көп болды  Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ақсақал ардагерлер. Кітап авторлары С.Керімбай, Ә.Нәби және  Торғай облысында Өзекеңнің қызмет істеген жерінен  қонақтар келіп сөз сөйледі. Біткенде  Өзекеңнің баласымен танысып естелікке суретке түстім. (Өзекеңнің сексен жылдық асына келмеген еді) Осы жерде менің есіме түсіп отыр, менің үлкен ағам Келесбек Орынбаев Жамбылдағы институтты  бітірген соң Торғай облысы, Жақсы ауданына элеваторға жолдамамен қызметке барып мастерліктен  бастап, инжер қызметін атқарды. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков Торғай обылысында  басшылық қызыметте еді. Шешем марқұм ағам Келесбекке Өзбекәліге  кіріп сәлем беріп шық, біздің қамқорлығымызда болған өзіміздің  бала дейді, алайда ағамыз: «өз қызыметім өзіме жетеді,  барғанда не сұраймын» деп бармайды. Кейіннен   Келекең Қызылордадағы элеватордың он бес жылдай бастығы болды.

Мен  2022 жылдың жазында   Көкшетаудағы «Оқ жетпес» санаториясында филология ғылымдарының докторы,  ҚҒА академигі  марқұм  Сейіт Қасқабасов ағамызбен бірге демалып, көп сұхбат құрып едім. Ол кісі жеңгемізбен  және немере інісімен бірге демалып жатыр екен. Арбамен жүріп  қалған екен, алайда ойы сергек, көңіл күйі өте жақсы болатын.  Өзбекәлі Жәнібеков туралы әңгіме басталғанда,   оо .. деп әңгімені  қуана бастап, «мен ол кісінің көмекшісі (кеңесші) болдым ғой» деді. Ол былай болды деп ,әңгімесін жәй бастады. 

«Бір күні үйге кеш келдім, сол күні  үйге Өзбекәлі Жәнібеков телефонмен хабарласыпты. Қай уақытта келсе де маған телефонмен хабарлассын депті. Мен де кеш болса да телефонды алып хабарластым, ар жағынан телефонды Өзекеңнің өзі алды. – Мен ғой  Сейіт Қасқабасов, –дедім. – Ой, сен түнімен қыдырады  екенсің ғой, – деді. Сен ертең ЦК- ға  келші, –деді.  Мен сасқанымнан, «Қай ЦК ?» деппін. «Қанша ЦК бар еді? Маған соқ», – деді. Мен сасқанымнан, «Қай кабинет?» депппін. «Адаспайсың» деп телефонды қоя салды.» 

«Енді институттағы ғылыми қызметкердің Қазақстан компартиясының үшінші хатшысымен сөйлесу оңай емес қой» деп күліп алды Сейіт ағамыз, сөйтіп әңгімесін әрі қарай жалғады.

«Ертеңіне ЦК-ға Өзекеңе бардым, жақсы қабылдады. «Сен маған көмекшілікке жұмысқа кел» деді. Мен ғылыммен айналысып жүргенімді айтып едім, ол кісі: «Бұл жерде саған ешкім кедергі болмайды, қайта жолың ашық болады» деді. (Шынында да Сейіт ағамыз 1989 жылы Мәскеуде МГУ-де докторлығын қорғады. ) Мен осылай партия қызметкері болып жұмысқа ауыстым. Менің  Өзекеңмен   таныстығым  ҚҒА академигі  Өмірзақ Айтбаев досымның үйінде бір отырыста болып еді. Ол кісі Өзекеңнің  інісі болып араласатын.  Мені осы қызметке ұсынған да сол досым  болса керек. Бірде мені шақырып «Қазақстанның  КГБ- басшысына менің атымнан хат жаз, Алаш орда азаматтарын көтеруге рұқсат сұрап»,–  деді. Мен хатты жазып жібердім. Бір күні» әлі уақыты келген жоқ» деген КГБ -дан жауап келді. Өзекең қолын бір сілтеп маған «Алаш азаматтары Ахмет, Мағжан, Жүсібек, Мыржақып тағы басқа азаматтар туралы менің атымнан  баяндама дайында және конференция ұйымдастыр»,– деді. Сол жазушылар, ғалымдар, партия басшылығының қатысуымен өткен конференцияда өзі бірінші болып Алаш азаматтарын қорғап баяндама жасады. Осылайша Алаш азаматтарын жарыққа шығаруды бастаған бірінші  Өзекең еді. Ол кезде Одақ тарамаған кезең  ондай бастама көтеру оңай емес еді. Соңғы жылдары Өзекең көп кісілермен араласпады маған естеліктер жазып жүргенде көп ақпарат сұрап хабарласып тұратын, ауырып жүрді»  

Шәкірті, мемлекет қайраткері  Қырымбек Көшербаев ағамыздың Өзекең туралы бір естелігін тыңдап едім, сонда: «больницада жатқанда барып едім мені Арыстанбаб әулиенің қасына қойыңдар» деп соңғы тілегін айтты.  «Уайымдамаңыз арқалап апарсам да өзім сол жерге апарамын деп айттым», – деді. Арыстанбаб әулие жатқан жер мемлекеттің қарауында, ол жерге ешкімді жерлетпейді менің білуімше,  Қырымбек ағамыздың пәрменімен сол жерге жерленген болуы керек. Қырымбек ағамыз нағыз азаматтық, кісілік келбетін көрсетті. Өзекең ана дүние мен бұл дүниені қатар ойлаған ойшыл азамат ғой. Арыстанбабқа келген қаншама халық  маған да құран бағыштап тұрсын деген арманы орындалған. Өзекеңнің жұбайы Ғалихан жеңгеміз: «Жанарбек- ау, көкең дүние жинамаған, бірақ абырой жинаған ғой» деп айтып еді бірде.                 Жоғарыда  өмірден озып аты аталған азаматтардың  жатқан жерлері жәннәттән болсын! Біліп , білмей істеген күнәләрін Алла кешсін. 


ЖАНАРБЕК  ОРЫНБАЕВ, 

«Желкілдек батыр», «Перзент Парызы» Қоғамдық қорлар президенті   

16.08.2026ж.

Фото автордан


    

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

[/available]