Кейінгі жылдары жасыратыны жоқ электронды темекіні ермек еткен жасөспірімдер көбейді. Өрендер арасында «сәнге» айналған эелктронды темекінің зияны туралы аз айтылып жүрген жоқ. Денсаулыққа аса зиянды, өмірге қауіпті екенін мамандар жиі ескертіп келеді. Алайда «Снюс», «вейп» электронды темекілер мен паучтерді қолдану күн санап белең алып барады. Оларды қолданатындар негізінен кәмелет жасқа толмағандар, яғни, 12-13 жастағы жасөспірімдер.
Жалпы Қазақстан тұтынушылар лигасының ақпараты бойынша, Астана мен Алматыда соңғы 1 жылда вейп сатылымы бірден 372 пайызға өсіпті. Елімізде вейп сататын 6 мыңнан астам сауда нүктесі бар. Ал Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, никотинді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынудың электрондық жүйелерінің (ТЭЖ), вейптің нарығы Қазақстанда 2020 жылдан бері 300 есеге жуық артқан. Мұндай өсім елдегі бірде- бір нарықта жоқ. Мысалы, 2020 жылы елге 21 608 дана электронды темекі импортталыпты. 2022 жылы бұл импорт 6,3 миллион болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Қазақстанның балалары мен жасөспірімдерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қалыптастыратын факторлар» атты зерттеу жүргізген. Қорытындысында республикадағы 11-15 жастағы балалар арасында ұлдардың 14 пайызы және қыздардың 6 пайызы вейп қолданып жүргені анықталған. Оның жартысынан көбі тұрақты түрде тұтынады. Электронды сигарет бойынша 2014 жылмен салыстырғанда көрсеткіш ұлдар арасында үш есе, қыздар арасында екі есе өсіп отыр.
«Қазақстандық балалар вейптердің дәмін татумен шектелмейді. Үлкен бөлігі бұл өнімдерді күн сайын пайдаланады, яғни тұрақты тәуелділіктің дамығанының белгісі. Вейп индустриясының маркетингі агрессивті жүргізіледі. Олар жастарды вейп пакеттеріндегі түрлі-түсті суреттермен, заманауи дизайнмен өзіне тартады. Көптеген ТЭЖ, вейптердің сыртқы сипаты ерін далабын, маркерлерді, флэшканы имитациялайды. Балалар оны ұстау қызық көреді. Бұған қоса, компаниялар балалар аудиториясын еліктіру үшін әртүрлі хош иістендіргіштердің 16 мыңнан астам түрін ұсынады», – деп мәлім етті Денсаулық сақтау министрлігі.
Дегенмен баланың вейпті тұтынғанын білу қиын. Себебі түтінінің иісі білінбейді, сағыз шайнаған сияқты сезіледі. Өнімнің осы артықшылығы да жасөспірімдерді қатты ынтықтыратыны анық, яғни, ата-аналардан жасырып, никотин жұтады. Осы тұста мамандар тағы бір қауіпті жайтты айтқан. Мектептегі балалар бір вейпті бірлесіп қолданады. Содан бірінің әлдебір дертін біріне жұқтырады. Көбіне ТЭЖ, вейп және хош иісті сұйықтықтарды өндірушілер оның құрамында не барын жасырады. Никотиннің барын немесе қандай мөлшерде екенін нақты көрсетпейді.
Осы орайда айта кету керек, былтыр маусымда Түркістанда Ұлттық құрылтай өтті. Дәл осы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп және түрлі электронды темекілерді ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел ретінде атаған болатын. Мемлекет басшысының пікірінше, жас ұрпаққа қауіп төнді, өйткені аса зиянды вейптер есірткі тұтынуға алғашқы қадам болуы мүмкін. Сондықтан Үкіметке өршіп бара жатқан осы қауіпті құбылысқа қарсы пәрменді, жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Президент тапсырмасынан соң Үкімет вейп өнімдердің айналымына тыйым салу үшін нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізілетінін және оны қолданушы жасөспірімдерге де шара көру туралы заң енгізілетінін хабарлаған болатын. Көп ұзамай тиісті шаралар да қабылданды. Еліміз бойынша құқық қорғау органдары зиянды әрекеттің алдын алу бағытында түрлі ауқымды жұмыстар атқаруда. Оның ішінде біздің өңірімізде де түрлі іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылып келеді.
Осы бағытта Қызылорда қаласының полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері жасөспірімдер арасында күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, жыл басынан бері 20 рейдтік іс-шара, 3 жедел профилактикалық іс-шарасы, 1 республикалық акция өткізілді. Ал, ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері 620 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, әкімшілік шара көрген.
Күнделікті атқарылып жатқан шараларға қарамастан, ҚР ӘҚБтК 441 бабымен (Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салуды бұзу) 1 дерек, ҚР ӘҚБтК 434 бабының 2 бөлігімен (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) 153 дерек, ҚР ӘҚБтК 423-1- бабымен (Жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сату) 4 дерек анықталып, заңды шара көрілген.
Ең жаманы жоғарыда айтып өткеніміздей, ата-анасы баласының мұндай зиянды заттарды қолданып жүргенін білмей де қалады. Жаман әдет жылдам сіңеді емес пе? Сол себепті Полиция басқармасы ата-аналарға балалар өміріне бейжай қарамауды ескертеді.
Айнұр Сәрсенбайқызы, Insight-EL.kz
Сурет ашық дереккөзден алынды