Қызылордалық полицейлер демалыс күндері күшейтілген тәртіпте қызмет етуде

20
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.» деп құқық қорғау органдарының қызметін сынға алып, кемшілікті жою, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында  нақты тапсырмалар берген болатын.  

Президент тапсырмаларын орындау барысында құқық қорғау органдары ауқымды шаралар қабылдап, нақты іс-қимыл жоспарын бекітіп, қызу жұмысқа кірісіп кеткені белгілі. Соның ішінде қызылордалық полицейлер де  құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында қауырт әрі нәтижелі жұмыстар атқарып келеді.  Мәселен, бүгінде қызылордалық полицейлер демалыс күндері күшейтілген тәртіпте қызмет етуде. 

Нақтырақ атқанда, Қызылорда қалалық Полиция басқармасы бастығының нұсқауына сәйкес демалыс күндері қызметкерлер күшейтілген тәртіпте рейдтік жұмыстар ұйымдастырды. Нәтижесінде, барлығы 1464 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде жол қозғалысы саласы бойынша 1322, қоғамдық қауіпсіздік бойынша 142 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Жалпы, бір апталық рейдтік іс шара барысында 918 хабарлама тіркелген.

Жол қозғалысы бойынша 1322 хаттама толтырылып, бірқатар  автокөлік айып алаңына қойылған. Оның ішінде,  алкогольді масаң күйінде - 7, көлік құралын басқару құқығынан айырылған - 28, басқару құқығы жоқ адамдардың көлік құралын басқарған –14 құқық бұзушылық бар.

Қоғамдық қауіпсіздікке байланысты 142 хаттама толтырылған, оның ішінде алкоголь өнімін белгіленбеген уақытта сатқан 6 дүкен сатушысына ҚР ӘҚБтК- нің 200 бабымен шара көрілді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүргені үшін 40 ата- анаға ҚР ӘҚБтК - нің 442 бабы 2 бөлігімен шара көрілді.

Қалалық Полиция басқармасы бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатынын айтады. 

Кейінгі жылдары халық арасында қоғам тыныштығын күзетушілерге, яғни, полиция қызметкерлеріне деген құрметтің азайып, керісінше, олардың қызметіне көңіл толмаушылық пікірлердің жиілеп кеткені жасырын емес. Осы орайда сала басшылығы мен қызметкерлері тиісті жұмыстарды қолға алуда. Дәлірек айтқанда, халық арасында ішкі істер органдарының имиджі мен беделін арттыру, азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнату, сондай-ақ, құқық бұзушылықтардың алдын алу және оның жолын кесу мақсатында түрлі шаралар атқарылып келеді. Соның бірі - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес,12 ақпаннан - 30 наурыз аралығында халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша тұрғындарды ақпараттандыруға және құқықтық білімдерін жетілдіруге, полицияның имиджі мен оған сенімін арттыру мақсатында республика көлемінде «Аулада қабылдау» акциясы өткізілуде. Аталған шара біздің өңірімізде де белсенді жүргізіліп жатыр.

Акция шеңберінде мемлекет саясатын, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткізіліп, халыққа Қазақстан Республикасының құқықтық-нормативтік актілері кеңінен түсіндірілуде.

Акция барысында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары тұрғындарды қабылдады. Тұрғындардың арыз-шағымдарын, ұсыныстарын тыңдап, шешу жолдары қарастырылып, бірқатар кеңестер беріліп, заңға сәйкес көмек көрсетілуде. Сонымен қатар, қазіргі коғамда белең алып отырған алаяқтық қылмысын алдын-алу мақсатында түсіндірме жұмыстары мен жадынамалар таратылып, аймаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторының визиткалары таратылды.

Аталған шара аудандарда да белсенді атқарылуда. 

Бұл қоғам тыныштығын күзетуші полиция қызметкерлерінің атқарып жатқан ауқымды жұмыстарының бір ғана мысалы.  Әділетті, жаңа Қазақстандағы халықтың құқығы мен қауіпсіздігін күзетуде құқық қорғау қызметкерлерінің алдында тұрған жауапкершілік жүгі ауыр әрі қызметі қауырт екені сөзсіз. 

Сурет Қызылорда қалалық Полиция басқармасының фейсбук парақшасынан алынды


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: