Алаяққа алданғандар азаймай тұр

19
0

Сараптама

Жуырда ауылдағы бір ағайынымыз хабарласты. Басына іс түсіпті. Іс түскенде қалай дейсіз ғой, жағдай былай болған. Біреулер хабарласып, «Каспий банк арқылы 24 айға тауар алған болып рәсімдейсіз, бірақ сізге зат емес, ақшасын алуға мүмкіндік бар, яғни тауардың құнын ақшаға айналдырып береміз»  дейді. Содан әлгі байғұстар сол ақшаны алып, мойындарындағы бұрынғы алған несиелерін жаппақ болады. Солайша банктің мобильді қосымшасынан құны 2 млн теңгеге тауарды рәсімдетеді. Айтуларынша 2 млн теңгеге жеткізу үшін «алмаған» заттары жоқ. Қоңырау шалған «жанашырының» айтуымен, несиені рәсімдейді. Екі жылға 2 млн-ны бөле беріңіз. Содан  не керек, ақша да жоқ, зат та жоқ, есесіне екі млн теңге несие мойындарында. Банкке қоңырау шалса «біз оған жауап бермейміз» депті. Осылайша тұрақты жұмысы жоқ, шеттей бала-шағасы бар ағамыздың шарадай басы шақшадай болып, сан соғып отыр. «Бұған не істеуге болады, жөнін айтсай» деп хабарласқаны екен. Ел болып алдын кесе алмай отырған алаяқтыққа мен не істей алайын?!

 Интернет кеңістікті қолданушылар санының артуына байланысты кибералаяқтық бойынша қылмыстың түрлері күнен-күнге белең алып отырғаны жасырын емес. Қызылорда қалалық полиция басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда “CyberPol” жедел - тергеу тобы кибералаяқтық қылмысын ашу бағытында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Апта көлемінде 4 жәбірленуші Қызылорда қалалық Полиция басқармасына жүгініп, олардың шағымдары бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190 – бабы 2 - бөлігі 4 - тармағымен сотқа дейінгі тергеп - тексеру әрекеттері жүргізілуде. Осы орайда құқық қорғаушылар тұрғындарға  алаяқтардың арбауына түспеу үшін өздерінің жеке мәліметтерін ешкімге жарияламауды ескертеді. Егер алаяқтардың құрбаны  болса, дереу полицияға хабарласуды сұрайды.

Иә, кейінгі кезде оңай жолмен табысқа кенелемін деп, артынан сан соғып қалғандар қатары көбеймесе, азаймай тұр. Жоғарыда мен айтқан көрініс соның бір ғана мысалы. Жылдан жылға жаңа түрлері белең алып барады. Елімізде ғаламторда отырып, жұрттың жылдар бойы жинағанын әп-сәтте соқыр тиынына дейін қалдырмай қағып алатын алаяқтарға қарсы шаралар күшеюде. Соған қарамастан опық жегендер қатары толастамай тұр. Мәліметтерге сүйенсек, елімізде былтыр алаяқтыққа байланысты 40,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл – біз білетіні ғана. Білмейтініміз қаншама?! «Өлімнен ұят күшті» деп «жұрттың алдында масқара болмайын», «алданғанымды ағайын білмесін», «арыздансам қайта-қайта құқық қорғау органы шақырып, мазамды алады» деген оймен құқық қорғаушылардан жасырғандар да жетіп артылады. Егер олардың бәрін тізбектесек, ресми санның шарықтап шығары анық. Осы ретте  «Неге алаяқтар көбейді? Мұның себебі неде? Неге халық арбауға жиі түсіп жүр?» деген  заңды сұрақтардың туындайтыны белгілі.

Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында ҚР Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде «Алаяқтық» бабы бойынша жоғарыда айтқанымыздай 40,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6%-ға өсіп отыр.

Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтық, яғни 19,9 мың жағдай орын алып, жылдық өсім  5,8%-ды көрсеткен. Сондай-ақ, төлем карталарын пайдалану бойынша 267 жағдай, кредит беру саласында 53 жағдай, ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен 41 жағдай және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.

«Алаяқтық» бабы бойынша ең көп қылмыстық құқық бұзушылықтар Алматыда (8,5 мың жағдай),  төмен көрсеткіш біздің өңірде  (615 жағдай) тіркеліп отыр.

Өткен жылдың он бір айының қорытындысы бойынша алаяқтық құқық бұзушылық жолымен келтірілген залал 96,5 млрд теңгені құраған. Оның басым бөлігі 54,2 млрд теңге мемлекетке,  3,7 млрд теңге заңды тұлғаларға, 38,5 млрд теңге жеке тұлғаларға залал келтірілген. Бұл алаяқтар айылын әлі де жимай тұрғанын көрсетеді.

Қазақстандағы, Орталық Азиядағы және Моңғолиядағы Kaspersky зертханасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр еліміздегі қолданушылардың үштен біріне жуығы телефон алаяқтығына тап болған. «Kaspersky Who Calls» мәліметтері бойынша, 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында спам-қоңыраулар алған еліміздегі пайдаланушылардың үлесі 76,2%-ды құраған. Сонымен бірге шамамен үштен бірі яғни, 30,3%-ы алаяқтарға тап болған. Жыл өткен сайын мұндай қоңыраулардың саны артып келеді. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында 74,7%-ы спамға тап болса, екінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 85,8%-ға жеткен. Жыл аяғына қарай алаяқтар белсенді бола бастаған. Олар қоңырау шалған пайдаланушылар үлесі 23,2%-дан 42%-ға дейін өскен.

Зертхана сарапшылары алаяқтардың дәлелденген схемаларды пайдаланатынын айтады. Олардың алаяқтық айласының ішінде құқық қорғау қызметкерлері ретінде хабарласатын қоңыраулар да бар. Шабуыл жасаушылар ондайда адамды тергеумен айналысып, әңгіме барысында оның жеке ақпаратын немесе банк картасының деректемелеріне қол жеткізеді.

−Алаяқтарды тану қиын емес. Ондайлар өзімізге де хабарласады. Мынаны ескерген жөн, банк қызметкерлері ешқашан карта номері, құпия сөздер туралы ақпаратты сұрамайды. Біз тек акция немесе қызметтік шарттар өзгерген жағдайда, пайыздық өзгерістер орын алғанда ғана хабарласамыз. Дегенмен оның барлығын біле тұра алданып қалатындар да баршылық. Егер бөгде адамдар хабарласып, сіздің шотыңыз арқылы аударымдар жүріп жатқанын айтса, қандай да бір сілтемеге кіруді ұсынса, шұғыл түрде банкке бару немесе жедел түрде анықтамалық телефон желісіне қоңырау шалу қажет. Ешқашан бейтаныс қоңырау шалушының айтқанын орындауға болмайды. Сондай-ақ көбіне банк қызметкері сұрақ қойғанда таңдауды тұтынушының өзіне қалдырады. Ал кредит рәсімдеу тұтынушының өзін суретке түсіру арқылы жүзеге асады, − дейді банк қызметкерлері.

Сонымен бірге танымал алаяқтықтың бірі – жүлде ұтып алу. Бұл схемаға сәйкес пайдаланушыларға автокөлік не одан бөлек бағалы сыйлық ұтып алғаны туралы хабарланады. Содан кейін олар өз деректерін енгізуді талап ететін фишинг сайтына бағытталады. Нәтижесінде олардың деректері алаяқтың қолына түседі. Сондай-ақ алаяқтар жүлдені өңдеу үшін пайдаланушылардан шағын комиссия төлеуді сұрауы да мүмкін.

Алаяқтықтың енді бір кең тараған түрі – Іnstagram  желісі арқылы тауар сату. Ол күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар, косметика, киім-кешек болуы мүмкін. Олар мүлдем жоқ тауарды жеткізіп береміз деп халықты алдайды. Сондай-ақ,  елімізде жиһаз, төсеніштер береміз деген желеуге сеніп сан соғып жатқандар да кездеседі. Сол үшін тауарға тапсырыс бермес бұрын интернет дүкені туралы мәліметті толық тексеріп алған жөн.

− Телефондағы алаяқтық тек Қазақстанда емес, сонымен бірге басқа елдерде де негізгі киберқауіптердің бірі болып қала береді. Мұндай жағдайлардың көбеюі шабуылдаушылар схемаларының әлі де тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Олардың арбауына алданып жатқандар әлі де көп. Алаяқтар енді мессенджерлер арқылы қоңырау шала бастаған. Айта кететін жайт, шабуылдаушылар өздерінің схемаларын күн тәртібіне бейімдей алады, – деп ескертеді Kaspersky зертханасының Қазақстандағы, Орталық Азиядағы және Моңғолиядағы басқарушы директоры Валерий Зубанов.

Өзінің жұмысын әртараптандырып үлгерген алаяқтықтың бірі – қаржы пирамидасы. Олар да әлеуметтік желіге көшті. Өздерін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде береді. Мәселен, өткен жылы «Chia-Tai» қаржы пирамидасының Қызылорда қаласындағы құрылымдық бөлімшесін басқарған күдікті ұсталды. 1992 жылы туған қызылордалық азаматша Қызылорда қаласы аумағында 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың сәуірі аралығында, қаржылық пирамида құрып, тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбаған. Түрлі бағадағы дәрілік препараттар пакетіне инвестиция жасау арқылы күнделікті табыс табуға болатынына халықты сендірген. Осылайша 26 салымшыға жалпы көлемі 26 130 190 теңге болатын аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтірген.

Сонымен қатар түрлі сағаттар, алқалар, сақиналар және басқа зергерлік бұйымдарды, сондай-ақ шетелге тегін саяхат сапарлары мен құны шамамен 2000 доллар тұратын басқа да тұрмыстық тауарларды сатып алу арқылы тұтынушыны өзіне тартатын «Qnet» компаниясына алданғандар да өңірімізден табылады. Осыған байланысты 3 күдікті қамауға алынды. Қызылорда қаласының аумағында «Qnet» компаниясының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырған азаматтар желілік маркетинг және электрондық коммерция деген желеумен Қызылорда қаласының 35 тұрғынынан 2019-2022 жылдар аралығында 44 млн теңгеге жуық ақша тартқан. Тергеу барысында жәбірленушілердің компанияға 840 мыңнан 1 млн 200 мың теңге көлемінде қаржы салғаны анықталды.

Міне, бұл біздің білетініміз ғана. 

P.S. Әлемнің кез келген жерінде отырып алаяқтар өз ойларын іске асыруда. Түрлі әдіс-тәсілдерді ойлап туып, қолданатын олардың айласына құрық бойламайды. Қаржы пирамидасының қаупі жайлы, әлеуметтік желілерде жаппай ұйымдастырылып кеткен ұтыстардың зияны, бейтаныс нөмірлерден түсетін қоңыраулардың қауіпі туралы құқық қорғау органдары тарапынан қаншама айтылып, ескертулер жасалып жүрсе де   ескермейтініміз өкінішті. Бұрынғылар: «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегенде, оңай олжаның жоқ екенін, оңай нәрсенің артында тек кесір жататынын ескертсе керек.  Олай болса, оңай олжаны көздеп, алаяқтың арбауына түсіп, сан соғып қалудан сақ болайық!

Суреттер ашық дереккөзден алынды


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: