Мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттарды орындау тәртібі

12
0

Мүліктік емес сипаттағы талаптар бұл – мүлік, ақша немесе қандай да бір бағалы құндылықтар емес, тек белгілі бір әрекеттерді жасаудан немесе оларды жасаудан бас тарту сияқты әрекеттерден тұрады. Оның басты белгісі – эквиваленті болмайды және  бағалауға жатпайды. 

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 10-тарауы «Мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттарды орындауға» арналады. Олар осы Заңның 104-107 баптарымен қамтылған. 

Заңның 104-бабында борышкерді белгілі бір әрекеттер жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға міндеттейтін атқарушылық құжаттарды орындау тәртібі мен орындамаудың салдары көрсетілген. Онда борышкердi тек өзi ғана жасай алатын әрекеттi жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға мiндеттейтiн атқарушылық құжатты орындау кезiнде сот орындаушысы борышкерге мерзiм белгiлей отырып, осындай әрекет жасау туралы немесе оларды жасаудан тартыну қажеттiгi туралы хабарлама жiбередi. Борышкер сот орындаушысының талаптарын белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкерден мемлекет кірісіне мерзімі өткен әрбір күн үшін жеке адамдардан екі айлық есептік көрсеткіш және заңды тұлғалардан он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өсімпұл өндіріп алу туралы ұсыныспен сотқа жүгінеді. Мысалы, мұндай санаттағы атқару құжаттарына құрлыстарды бұзу, құрлыс жұмыстарын аяқтау, баланы ата-анасымен кездестіру, сот шешіміне сәйкес жария түрде кешірім сұрау сол сияты т.б. атқару құжаттарын жатқызуға болады. Сонымен қаттар, соттың талапты қамтамасыз ету мақсатында қабылданған ұйғарымдарын да мүліктік емес сипаттағы атқару құжаттары қатарына жатқызуға болады. Борышкер сот орындаушының белгіленген мерзімінде талапты орындамаған жағдайда сот орындаушысы әрбір кешіктірілген күні үшін заңға сәйкес өсімпұл өндіру жөнінде сотқа ұсыныспен жүгінеді.

Сонымен қатар, Заңның 105-бабында жұмысқа қайта қабылдау туралы атқарушылық құжатты орындау тәртібі мен орындамаудың салдары көрсетілген. Онда ұйымның басшысы, яғни, жұмыс берушi жұмысқа қайта қабылдау туралы атқарушылық құжатты орындамаған жағдайда, сот орындаушысы қызметкерге орташа жалақысын немесе қызметкердi жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiм шығарылған күннен бастап оны орындаған күнге дейiнгi бүкіл уақыт үшін жалақысының айырмасын төлеу туралы, сондай-ақ, ұйым басшысынан, яки, жұмыс берушіден мемлекет кірісіне мерзімі өткен әрбір күн үшін жеке адамдардан бес айлық есептік көрсеткіш және заңды тұлғалардан он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өсімпұл өндіріп алу туралы қаулы шығару жөнiндегі ұсыныспен сотқа жүгінеді. Бұл баптың ерекшелігі, оның дереу орындалу санатымен байланысты. Яғни, жұмысқа қайта орналастыру бұл – дереу орындауға жататын атқару құжаты болып табылады. Егер борышкер мекеме, ұйым басшысы сот шешімін дереу орындамаған жағдайда заңға сәйкес мемлекет пайдасына өсімпұл өндіру қарастырылған.

Сол сияқты, Заңның 106-бабында борышкердi үйден шығару туралы атқарушылық құжатты орындау тәртібі көрсетілген. Борышкердi тұрғынжайдан шығару туралы атқарушылық құжат сот орындаушысы белгiлеген мерзiмде орындалмаған жағдайда, тұрғынжайдан шығару  куәгерлердiң, ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен, ал кәмелетке толмаған балалары бар меншік иесін, сондай-ақ, оның қорғаншылығында немесе қамқоршылығында кәмелетке толмағандар бар меншік иесін тұрғынжайдан шығарған жағдайда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің қатысуымен мәжбүрлеп жүзеге асырылады. Сот орындаушысы борышкерді үйден шығару уақыты туралы хабардар етеді. Үйден шығару уақыты туралы тиісінше хабардар етілген борышкердің болмауы атқарушылық құжатты орындауға кедергі болып табылмайды.      Үйден шығару атқарушылық құжатта көрсетiлген үй-жайды қоныс аударушыдан (аударушылардан), оның (олардың) мүлiктерiнен, үй жануарларынан босатудан және қоныс аударушының (аударушылардың) босатылған үй-жайды пайдалануына тыйым салудан тұрады. 

Үйден шығаруды жүргізу кезiнде босатылатын үй-жайдан шығарылатын мүлiктiң тiзiмдемесi жасалады  және қажет болған жағдайларда шыққан шығыс борышкерге жүктелiп, оны сақтау қамтамасыз етiледi. Борышкердiң мүлкiн сақтау екі айдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырылады, ол аяқталған соң аталған мүлiк осы Заңда белгiленген тәртiппен сатылады. Борышкердің мүлкін сатудан түскен және атқару санкциясын орындау жөнiндегi шығыстар өтелгеннен және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төленгеннен кейін қалған ақша борышкерге қайтарылады. Борышкер талап етпеген ақша аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотында немесе жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотында сақталады. Үш жыл өткеннен кейін аталған ақша республикалық бюджетке аударылады. Мүлік сатылмаған жағдайда ол куәгерлердің қатысуымен жойылуға жатады. Сот орындаушысы мүлікті жою туралы акт толтырып, оған өзі және куәгерлер қол қояды. Мемлекеттік сот орындаушысы жасаған актіні аумақтық орган басшысы бекітуге тиіс.

Заңның 107-бабы өндiрiп алушыны қоныстандыру туралы атқарушылық құжатты орындау тәртібі көрсетілген. Бұл жерде сот орындаушысы өндiрiп алушыны атқарушылық құжатта көрсетiлген үй-жайға қоныстандыруды қамтамасыз етедi.  Сот орындаушысы өндiрiп алушыны және борышкердi қоныстандыру уақыты туралы ресми түрде хабардар етедi. Қоныстандыру уақыты туралы тиiсiнше хабардар етiлген борышкердiң болмауы атқарушылық құжаттың орындалуына кедергi болып табылмайды. Өндiрiп алушыны қоныстандыру актiмен ресiмделедi және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiледi.

Ж. Нағашыбай,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы.


Сурет ашық дереккөзден алынды.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: