Интернет кеңістікті қолданушылар санының артуына байланысты кибералаяқтық бойынша қылмыстың түрлері күнен- күнге өсім алуда.
Қазіргі кезде Қызылорда қалалық полиция басқармасы тарапынан «CyberPol» жедел - тергеу тобы кибералаяқтық қылмысын ашу бағытында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Олардың мәліметінше, апта көлемінде 3 жәбірленуші қалалық полиция басқармасына жүгінген. Олардың шағымдары бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Осы орайда полиция басқармасының мамандары тұрғындарға алаяқтардың арбауына түспеу үшін жеке мәліметтерін ешкімге жарияламауды, егер алаяқтардың құрбаны болған жағдайда дереу полицияға хабарласуды ескертеді.
Шынында кейінгі кезде интернет алаяқтар туралы, оларға алданғандар жайында жиі естіп, көріп-біліп жүрміз. Бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселе осы – кибершабуыл, интернет алаяқтық. Осы орайда құқықтық сауаттылық пен ақпараттық қауіпсіздікті егіз ұғым ретінде сараптаған жөн.
Қазір әлеуметтік желілердің дамыған кезеңі, жастан кәріге дейін қолданады. Десек те онда құқық пен қауіпсіздік мәселесі жатқанын көп адам біле бермесі анық. Сондықтан ғаламторды тиімді пайдалану мәселесі де құқықтық сауаттылықты талап етеді. Көрінген сілтемеге өтіп кету немесе оқып қалған ақпараттың рас-өтірігін ажырата алмау жеке бастың дерегін өзгелер үшін олжаға айналдыруы мүмкін. Президенттің әр Жолдауда құқықтық сауаттылық жайлы айтып, былтыр желтоқсанда толықтырылған «Ақпараттық қауіпсіздік туралы» заңға қол қоюы да бекер емес.
Қазір ғаламторды, түрлі бағдарламаларды, әлеуметтік желілерді жөнді қолданбаудың кесірінен ірі мәселелер туындауда. Мысалы, ақпанның басында Америкалық GitHub платформасында әлемдегі мыңдаған азаматпен бірге қазақстандықтардың да жеке бас дерегі тарап кеткені анықталды. Деректер базасын қытайлық компания шпиондық қосымшасы арқылы екі жыл бойы жинаған. Шетелдік басылымдар «компанияның азаматтар туралы ақпарат жинауына тікелей Қытай билігі тапсырыс берген» деп жазды. Пекин бұл айыптауларға әлі де жария жауап бермей отыр.
2021 жылы 3 миллионнан астам қазақстандықтың дерегі Facebook желісі арқылы ұрланғанын білеміз. Әлеуметтік желідегі парақшаға жеке ақпараттарды бөлісе бермеу керегі, көрінген ойын сілтемелеріне өте берудің зардабы сонда көрінген. Жалпы, ел тарихында дербес деректердің алғашқы рет ауқымды түрде жария болып кетуі 2019 жылы болған. Сол кезде 12 миллионға жуық адамның мәліметі тараған. Онда адамдардың толық аты-жөні мен тұрғылықты жері көрсетілген. Бұдан бөлек, Ресейге қарасты «Яндекс.Еда» сервисі арқылы да қазақстандықтар туралы ақпарат тарады. Міне, кез келген қосымшаны қолданудың қолайсыз екеніне тағы бір дәлел.
Былтырдан бастап Қазақстан хакерлерді қатаң жазалауға кірісті. Оның аясында сайттарды бұзатын бұзақылар бас бостандығынан айырылатын болды. Еліміз кейінгі екі жылда хакерлердің зардабын қатты сезе бастады. Құзырлы органдар интернет бұғатталып, мемлекеттік сайттардың жұмысы уақытша тоқтап, тіпті, авиарейстердің кешіккенінің себебін интернет бұзақыларымен байланыстырады. Сондықтан кибершабуылдардың аясы адамдардың жеке дерегін ұрлаумен шектелмейді.
Кей кездері ел интернеттің нашарлағанын, әлеуметтік желілердің жиі тұралап қалатынын айтып жатады. Оның да түп себебінде осындай дүниелер жатуы мүмкін. Интернеттің нашарлауы деген мәселе елімізде 2022 жылдың күзінен басталды. Сонда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ «1 айдың ішінде 20 миллионға жуық кибершабуыл болғанын» мәлімдеген. Ал одан біраз бұрын ҰҚК 295 миллион кибершабуыл мен 2 мың DDoS шабуылды тойтарғанын хабарлапты.
Әйтеуір былтырдан бастап елімізде киберқылмыстарға қатысты айыппұл мөлшері артып, әрісі 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралатын болды. Салыстырып қарасақ, Грузияның Қылмыстық кодексінде «компьютерлік жүйеге өз бетінше рұқсатсыз бірнеше рет ену» деген қылмыс түріне 2 жылдан 5 жылға дейін түрмеге қамауды қарастырады. Өзбекстан «компьютерлік ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізу» қылмысы үшін 1 жылдан 3 жылға дейін темір торға отырғызып, қудалайды. Латвияда, Түрікменстанда, Украинада хакерлерге және олардың сыбайластарына 2 жылға дейін, Германияда, Молдовада 3 жылға дейін, Әзербайжанда 4-тен 6 жылға дейін, Қытайда, Арменияда 5 жылға дейін, Беларусьте 7 жылға дейін соттайды. Ал АҚШ-тың қылмыстық заңнамасына сәйкес, соттар осыған ұқсас қылмыстарға қолы мен арын былғаған қылмыскерлерді 10 жылға дейін бостандығынан айырады. Демек, бұл тұрғыда еліміз халықаралық тәжірибелерге сүйене бастағанын аңғарамыз.
Бүгінде Ішкі істер министрлігі, полиция департаменттері интернет алаяқтармен күресті қарқынды түрде жүргізуде. Одан бөлек, тұрғындарға интернет алаяқтардан сақ болуға шақырып, алдын алу үшін іс-шаралар өткізуді жолға қойған. Сонымен қатар тұрғындарға жеке деректерін бөтен адамдарға бермеу керектігін үнемі естертіп келеді. Әйтсе де адамнан айла артылған ба, интернет алаяқтар да күннен-күнге түрлі әдіс-тәсіл ойлап тауып, бой бермеуде. Бұрын олар тек орыс тілінде тілдесетін болса, кейінгі кезде мемлекеттік тілде сөйлеп-ақ, көпшілікті сан соқтыруда. Оған жоғарыда келтірген деректеріміз куә. «Сақтансаң сақтармын» демекші, интернет алаяқтарының құрбаны болмас үшін полиция қызметкерлері ескерткен сақтық шараларына құлақ асқан жөн.
Insight-el.kz
Сурет ашық дереккөзден алынды.