Тұрмыстық зорлық-зомбылық: бүгінгі қоғамның қорқынышты бейнесі

7
0

Сараптама

Қызылорда қаласы Полиция басқармасының жедел «102» арнасына 37 жастағы әйелден хабарлама түскен. Ол отбасында жанжал болып жатқанын және жолдасының қайнап тұрған шәйнекті үстіне төгіп жібергенін айтқан.

Аталған хабарлама бойынша полиция қызметкерлері мекен-жайға барып, зардап шеккен әйелді облыстық көпбейінді аурухананың травмотология бөліміне орналастырды.

Арыз-шағым қабылданып, заңды некедегі жолдасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі хаттама толтырылып,басқарманың профилактикалық тізімдік есебіне «қорғау нұсқамасына» алынды. Қазіргі кезде бұл отбасыны аймақтық учаскелік полиция инспекторлары апта сайын тексеруде.

Сондай-ақ, қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі әйелдерді зорлық- зомбылықтан қорғау тобы қызметкерлері «102» арнасына келіп түскен әрбір отбасы жанжалына талдау жұмыстарын жүргізіп, зәбір көрген азаматшалармен әңгімелесіп, отбасындағы ер азаматтарға заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіріп, профилактикалық жұмыстар жүргізуде. 

Қазақ – отбасы құндылықтарын қашан да биік ұстаған  халық. Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда отбасы құндылықтарының құлдырауы көңілге қаяу түсіреді. Әрине, үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Болмашы түсінбеушіліктен үлкен жанжал туындап кететіні де рас.  Кейінгі кезде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық белең алып отырғаны жасырын емес. Өз жақынынан зәбір көрушілердің артуы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заңның әзірленуіне түрткі болды. Өзекті мәселеге Мемлекет басшысы да бей-жай қарамайтынын байқатты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында:  «Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді» деген болатын.

Қоғамның өзекті мәселесі Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық құрылтай отырысында да талқыланды. Онда Президент қатыгездіктің күшейіп баратынына баса назар аударды.  Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындардың да  аз емес екенін баса айтты. 

–       Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Расында статистикалық деректер жаға ұстатарлықтай. Мәселен, отбасылық зорлық- зомбылық салдарынан 700-ге жуық қылмыс жасалып, жақындарына зорлық көрсетіп, әлімжеттік жасаушыларға 35 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған екен. Еліміздегі отбасылық зорлықшылардың құрбаны болатын көп жағдайда нәзікжандылар мен кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Әлемде әр сағат сайын бестен астам әйел немесе қыз өз отбасы мүшелерінің бірінің қолынан жасалған зорлық-зомбылықтың нәтижесінде қайтыс болады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден елімізде күн сайын 6 балаға қатысты қылмыс жасалып, 300-ден астам адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын айтады. Балалар арасында бір күнде 5 қылмыс жасалса, жылына 150 жеткіншек терезеден құлап кетіп немесе жазатайым жағдайға ұшырайды. Мына қорқынышты статистикаға зер салыңызшы, 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болған. Оған  қатысты 99 мыңнан астам арыз түсіп, балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалған.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірімізде мұндай санатындағы әрекеттер өсім алуда. Айталық, 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық санатында 3008 әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 1784-ке немесе 59,3% өскен. Оның ішінде қайталап жасағандар 2,5 есеге көбейген.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды уәкілетті органдар тиімді қолданбайтыны да белгілі болған. Талдау нәтижесінде полиция ауыр зардап келтірген зорлық-зомбылықты бұлтартпау бойынша уақытылы шаралар қабылдамаған.  Полиция қорғау нұсқамасын бұзған 17 құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-нің 461-бабымен әкімшілік шара көрмеген. Бұдан басқа, 51 әкімшілік жауапкершіліктен босатылуына жол берген. Мысалы, құқық бұзушы Т. отбасында жанжал шығарып, қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 461-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылғанымен оның тұрмыстық зорлық-зомбылық санатында жасаған әрекеті назардан тыс қалған. Осылайша ӘҚБтК-нің 73-бабымен әкімшілік шара көрілмей, жауаптан босатылуына жол берілген.

Жалпы облыста отбасында бірнеше рет ұдайы әкімшілік құқықбұзушылық жасайтын 437 адам бар көрінеді. Сондай-ақ құқықбұзушылықтың барлығы мас күйінде жасалса, оны учаскелік полиция инспекторы және нарколог дәрігерлері алкоголизмнен емдеуге шаралар қабылдамағаны анықталған. Жалпы құқықбұзушылықтарды мас күйде жасағандардың 190-ы мәжбүрлеп емдеуге жатқызылса, 147-сі жіберілмеген. Ал мәжбүрлі түрде емге жіберілген адамдар қайта ішімдікке салынып, құқықбұзушылық жасау фактілері де орын алған. Мәселен, емдеу мекемесінде соңғы екі жылда 15 адам екі реттен қайталап ем қабылдаған. Одан бөлек, қиын жағдайға душар болған азаматтармен оңалту жұмыстарын тек қоғамдық ұйымдар жүргізген.

Бүгінгі өмірдің боямасыз болмысы осындай деректерді алға тартуда. Халқымыздың сан ғасырлық тәрбиесі, әйел затына қол көтермеу, оны аялау, балаңның анасы ретінде құрмет тұту деген қарапайым қағидаларды естен шығарып алғандаймыз. Отбасындағы кикілжіңді табалдырықтан әріге асырмайтын даналығымыз қайда қалды? «Үй менікі деме, үй сыртында кісі бар» дегенді естен шығарып, барлық мәселені тек ашық айтуға көшкендейміз. Тіпті үйдегі болмашы мәселені жарияға жар салып, әлеуметтік желі арқылы өзгелерден ақыл-кеңес алып жүргендер де аз емес. Ошақ басында талқыланатын жағдайды дүйім елдің алдына шығарып, экраннан көрсететін бағдарламалар көбейді. Ал берекелі өмір сүріп жатқан әулеттердің өнегелі істерін насихаттау тек бір шара аясынан аспайды. Бұл ретте  «Өзекті мәселені шешуде нақты кезең-кезеңмен жұмыстар жасалуға тиіс», – дейді Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.

Осыдан 13 жыл бұрын қаламызда ашылған орталықтың бағыты – отбасынан, жақын жандарынан зәбір көрген жандарға көмек қолын созу. Бүгінде жұмыс аясы кеңейіп, әйелдерге 8 бағытта қызмет көрсетеді. Бастапқыда 8 орынға арналған болса, қазір 40 орынға ұлғайтылған. Бұл жылдан-жылға тұрмыстық зомбылыққа ұшырайтындардың артып келетінін  аңғартса керек. Айталық, 2022 жылы 315 адам орталықты уақытша паналаса, былтыр 331 әйел көмек сұраған. Бір қуанарлық жайт, мұнда келген әйелдердің 92 пайызы өз отбасына оралып, қазір толыққанды отбасында өмір сүруде. Ал 5 пайызы араға бірнеше жылдар салып мұнда қайта түседі. Оның себебін мамандар, асығыс шешім қабылдаудың салдары деп түсіндірді.

Орталық директорының айтуынша, жыл сайын өсім бар деуге келмейді. Мұның екінші жағын алып қарасақ, қазір әйелдер өз құқын қорғай алатындай дәрежеге жеткен. Жиырма жылға жуық азаматтық қоғам мәселесі бойынша жұмыс істегендіктен әрбір үшінші мәселе отбасындағы жағдайға тірелетінін көрсеткен. Сондықтан осындай орталықты ашу идеясы туып, оны іске асыруға бел буады. Алғашқыда мұндай орталықты жұртшылық дұрыс қабылдай қоймағаны рас. Не үшін керек, оның қажеттілігі қандай деген сұрақты жан-жақтан жаудырғандар да болды.

– Бұл орталықтың қажет екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Тіпті аудан орталықтарынан да ашу қажет. Бізге келетін әйелдер өте көп. Бірақ олардың барлығын қабылдай алмаймыз. Әрбір әйелдің өмірін жекелеп қарап, оның күрделілігіне мән береміз. Бізге сеніммен келді ма, ол әйелдің ішкі жан-дүниесіне үңіліп, сенімінен шыға алатындай жұмыс істеуге тырысамыз. Ол жайлы ақпараттардың барлығы жабық түрде болады. Хат алмасуларда қандай да бір ақпарат сыртқа шығып кететіндей болса, заң жүзінде жауапкершілігі қарастырылған. Өйткені ол бір адамның тағдыры, біз оны жариялауға құқымыз жоқ. Кейбір шоу бағдарламалар секілді әйелдің өмірімен хайп қуа алмаймыз. Ең бірінші құпия сақталып, бізге сенім болу керек. Сонда ғана жұмысымыз нәтижелі әрі ұтымды болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ешқандай әлеуметтік жағдайды таңдамайды. Ол ауқаттысыз ба, жағдайыңыз нашар ма оған қарамайды. Отбасындағы қызғаныштың салдары өте ауыр.  Бұл әлі де болса құқықтық мәртебеміздің, сауатымыздың әлсіздігін көрсетеді. Зорлық-зомбылықпен күресуде нақты методика мен стандарттардың жоқтығын көруге болады, – дейді Ж.Тұсмағамбетов.

Орталыққа көмек сұрап келетіндердің 80 пайызы өкінішке орай ауылдық елді мекендерден екен.  Ал жоғарыдағы жағдай қалалық жерде де жағдайдың жетісіп тұрмағанын білдірсе керек. Бұл қалалық полиция басқармасы көрсеткен бір ғана оқиға. Жарияланбағандары қаншама? Не болса да, бұл тақырып қоғамда ашық айтыла бастады. Үкімет те назар аударып, Заң жүзінде қатаң шаралар қабылдауға көшті. Бастысы, қозғалыс бар. 

Insight-el.kz

Сурет ашық дереккөзден алынды.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: