Қылмыс динамикасы

6
0


Биыл төрт айда Қызылордада ұрлық-қарлық сияқты кейбір қылмыс түрлері азайды. Оның ішінде ауыр дене жарақатын салу 20, тонау 6, қарақшылық 100, ұрлық 25, оның ішінде мал ұрлығы 14, есірткі қылмыстары 7 пайызға кеміді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров баяндады.

Қылмыстық құқықбұзушылық профилактикасы жылда назардан шет қалған емес. Қылмыстың алдын алу бағытында прокуратура, полиция және пробация қызметінің өкілдерін біріктіретін арнайы топтар құрылды. Қылмысқа бейімдердің тәуекел тобы анықталды. Олармен тиісті іс-шаралар жүргізіліп келеді. Биыл бірінші тоқсанда облыстық прокуратура тарапынан атқарылған жұмыстар нәтижесінің бір көрінісі осындай.

Қылмыс динамикасына мониторинг жүргізген аталған орган қасиетті Рамазан айында көрсеткіштің 40 пайызға азайғанын анықтады.

– Бұған адамдардың өз нәпсісін тізгіндеуі, мейірімді, сабырлы, кешірімді болуы және алкогольден арылуы себеп болғанын байқаймыз. Бүгінгі күні аймақтағы 144 ауылдық округтің 49-ында кейінгі екі жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Оның ішінде 18 ауылдың дүкендері арақ-шарап сатудан бас тартқан, – дейді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.

Ішімдік жамандық атаулының бастауы екенін осыдан-ақ көруге болатын сияқты. Арақ сатылмағаннан, жекелеген тұрғындардың жаман әдеттен тыйылғанынан ауыл да, отбасы да тыныш. Осыны ескерген облыстық прокуратура «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі» пилоттық жобасын қолға алып отыр. Бұл бастаманы жергілікті ақсақалдар, әкімдік, полиция, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер қолдады. Жеке кәсіпкерлердің де көзқарасы түзу.

– Тергеу саласына қатысты бағалау индикаторы сақталды. Азаптауды болдырмау, азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мақсатында барлық қылмыстық қудалау органына бейнебақылау камералары қойылды. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мекемелеріндегі жағдай тұрақты. Жаппай тәртіпсіздік фактілері орын алмаған, – дейді Р.Ожаров.

Есепті мерзімде мемлекет бюджетіне 500 млн теңгеден астам қаржы өндірілді. Осылайша 88 мың азаматтың құқықтарын қорғауға мүмкіндік туды. Коммуналдық салада тұтынушы құқығы аяқасты болған бірқатар жағдай анықталды.

Мысалы, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда филиалы тұтынушылардан негізсіз төлемақы талап еткен. 2021-2023 жылдар аралығында барлығы 31 мың тұтынушының қалтасынан басқан сома 194 млн теңге болып қордаланды.

Төлемақы есепке алу аспаптарын пломбалау, газ тарату желісіне бастапқы қосылу, тұтыну жабдықтарына газ жіберу үшін алынған. Ал «Табиғи монополиялар туралы» заңның талабына сәйкес табиғи монополия субъектісіне тұтынушыға техникалық шарттарды сақтаудан басқа талаптар қоюға тыйым салынады. Жергілікті қадағалаушы орган облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментіне заңдылықтың бұзылуын жоюды ұсынды. Қазіргі уақытта уәкілетті орган тарапынан тұтынушыларға төлемді қайтару бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Филиал табиғи монополия субъектісі ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының қоршаған ортаға эмиссияға төлемақы төлемеу дерегі анықталды. Филиал ластағыш заттардың төгінділері бойынша эмиссия үшін ұзақ жыл бойы есеп айырыспаған. Прокуратураның араласуымен 357 млн теңге бюджетке өндірілді.

Осы жылдың төрт айында 2300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, 17 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, 725 млрд теңгенің 10 инвестициялық жобасы бойынша кедергілер мен заңбұзушылықтар жойылды.

– Мысалы, «Сырдария ауданындағы сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт» жобасы бойынша инвесторға 3 гектар жер учаскесін табыстау мерзімі кемітіліп, құқығын шектеген. Қадағалау актісі негізінде шешім заңға сәйкестендірілді. Жаңақорған ауданындағы «Томат пастасы өндірісі» жобасы бойынша жер учаскесін табыстауда жердің санаты көрсетілмей, инвестор негізсіз шығындалуға мәжбүр болған. Әкімдіктің шешімі жер кодексіне сәйкестендірілді, – деп атап өтті облыс прокуроры.

Жер саласындағы заңбұзушылықтар бойынша 5 ұсыныс енгізіліп, 9 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Кадастрлық құны 23 млн теңге болатын 18 мың гектар 21 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.

Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу бағытында мемлекет және отбасы институттарын белсенді қатыстыру арқылы отбасы құндылықтарының сақталуын нығайту бойынша шаралар қабылданды.

    Ақсақалдардың, жергілікті атқарушы орган, қоғамдық бірлестіктер және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген отырыс ұйымдастырылды. Нәтижесінде ардагерлер және әйелдер кеңесімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.  Меморандум аясында отбасында жүйелі түрде жанжал шығаратын құқық бұзушылардың тізімі жасақталып (барлығы 336-адам), ардагерлерді қатыстыра отырып, олардың әрқайсысымен жеке-жеке профилактикалық жұмыстар жасалуда, оларға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік, медициналық көмектер көрсетілуде. Бүгінде оң серпін байқалып, отбасында жанжал шығаратын тұлғалардың қайта құқық бұзушылық жасау дерегі біршама төмендетілді. Бұдан бөлек, 136 тұлғаның алкогольден емделуге шаралар қабылданбағаны анықталып, олар прокуратураның сүйемелдеуімен мәжбүрлеп емдеуге жатқызылды, – деп атап өтті прокурор. 

Жуырда  облыс әкімдігімен бірлесіп өткізілген кеңейтілген отырыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың жазғы демалыста қауіпсіздігі мәселелері қаралды. Оның негізгі мақсаты – балалар қауіпсіздігі. Өкінішке орай балалармен жасалған ауыр қылмыстар және топтық төбелестер, өзге де құқық бұзушылықтар тыйылмауда. 

    Бала тәрбиесінде ең бірінші кезекте ата-ана рөлі ерекше. Сондықтан жиында ата-ана жауаптылығын күшейтуге аса мән беру қажеттігі айтылды. Полиция инспекторлары есепке алынған балалармен тиісті профилактикалық жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізбеуімен қатар, тәрбиелеу міндеттерін орындамаған ата-аналарды профилактикалық есепке алмағаны, есірткі сату, алаяқтық, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құқық бұзушылықтарын жасау әрекеттері де көтерілді. Прокуратурам Жол картасын әзірлеп Облыс әкімдігі, Полиция департаментімен бірлесіп үш жақты бекітіліп жүзеге асырылуда, – деді Р. Ожаров.


Сурет Өңірлік коммуникациялар қызметінен


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: