Бүгін Қызылорда облыстық сотында «Қылмыстық құқық және процесс», «Әкімшілік құқық бұзушылық және процесс» секциялары бойынша семинар сабағы өтті.
Семинарға қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Бекжанов, облыстық соттың судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.
Алқа төрағасы Ж.Бекжанов семинарды ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, көтеріліп отырған мәселелердің өзектілігіне тоқталды.
Шарада Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Ғ.Шыңғысов «Тергеу судьясының өкілеттіктері» тақырыбында баяндама жасап, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тергеу судьясы күзетпен ұстауды, үйқамақты, лауазымынан уақытша шеттетуді, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімдерін ұзартуды санкциялау және заңнамада көзделген өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асыратынын атап өтті.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А.Ізтілеуова жеке адамға қарсы қылмыстар бойынша мәселелерге тоқталып, аталған санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды және қылмыстық заңнамада көзделген жаза тағайындау ерекшеліктерін тілге тиек етті.
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы О.Абдуқалықов «Қоғамдық қауіпсіздікке және халықтың денсаулығына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар» тақырыбында баяндама жасап, сотта қаралған істер бойынша сот тәжірибесіне тоқталып өтті.
Семинар соңында көтерілген тақырыптар аясында қатысушылар өзара пікір алмасты.
Сурет Қызылорда облыстық сотынан