Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты № 68 мемлекеттік мекемесіндегі кітапхананың сотталғандарды тәрбиелеуде маңызы зор. Мұнда кітапханашы болып Батыржан Сәруарұлы деген азамат жұмыс істейді. Жаңадан келген жас маманның айтуынша, жазасын өтеушілерді тәрбиелеуде кітапхананың, кітаптың маңызы зор.
–Тергеу мекемесіндегі кітапхананың басқа кітапханалардан ерекшелігі – мұндағы оқырмандар заңды бұзып, істі болған азаматтар. Сондықтан камераларға кітап тарату кезінде арнайы бақылаушы қызметкерлердің жол көрсетуімен бірге барамын. Ал, шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталғандар өздері келіп, қалаған тақырыптағы шығармаларды оқи алады. Кітапты оқуға алған сотталғандардың кітаптары арнайы тіркеу журналына аты-жөндерімен тіркеледі. Қазіргі кезде кітапханада 4000 мың дана кітап қоры бар. Жыл басында мекеме бастығының кестесіне сай жоспар жасалып, сол жоспар негізінде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Жазасын өтеушілер арасында көбіне әдеби кітаптарға сұраныс болғанымен, арасында танымдық, кейде діни кітаптарды сұрайтындар да бар. Сондықтан кез- келген кітаптар мен газет журналдар сөрелерге қойылардан бұрын, мекеме теологтары мен қызметкерлер тарапынан радикалдық бағыттағы және шытырман оқиғалы туындылар мен мекеме ішіне алып өтуге тыйым салынған заттардың бар жоқтығын анықтау мақсатында арнайы тексерістен өтіп, мөр басылады, – дейді кітапханашы.
Мекемеде жазасын өтеуші азаматтар арасында кітапхана қызметкерімен бірлесіп түрлі танымдық іс-шаралар өткізіліп отырады. Сондай-ақ, облыстық және қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің мамандарын арнайы шақырта отырып, кітаптар көрмесі де жүйелі түрде ұйымдастырылады. Осы ретте облыстық Ә.Тәжібаев атындағы кітапхана қызмекерлері тергеу мекемесіне жыл басында 45 дана кітап сыйласа, №1 қалалық орталықтандырылған кітапханасының қызметкерлері 20 кітап сыйға тартқан.
Кітапханашының айтуынша, мекеме кітапханасының сотталғандардың өмірге деген көзқарасын қайта бағыттау мен оң тәрбие берудегі маңызы зор.
Сурет ҚАЖ департаментінен