Қазіргі кездегі ең өзекті мәселенің бірі — қоғамдағы сыбайлас жемқорлық. Осы құбылыстың көбейіп бара жатқаны болашақ ұрпағымыздың тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді қынжылтады.
Сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізеді, яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екені айқын.
Сыбайлас жемқорлық – заман ағымымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құруда отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау қоғамның түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде, әсіресе, білім беру мекемелеріне жүктелетін жауапкершілік аса жоғары. Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал» делінген.
Мұнда өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірден бір ықпал ететін фактор. Еліміздің әрбір азаматы қандай да бір заңнаманы сәйкесінше қолдана білсе, мемлекеттік қызметкердің өз лауазымын заңсыз қолдануына жол бермесе, яғни заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді қолданса еліміз дерттен арылып, әлемдегі дамыған елдер қатарынан орын алуына үлкен үлес қосар еді. Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бастысы ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жеткізеді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру маңызды.
Жалпы айтқанда, егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың этностық ерекшелігі ретінде ұлттық мәдениетті мысалға алсақ, отбасында балаларды еңбекке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу дәстүрі әрқашан да болған. Сондықтан отбасында ұлттық тәрбиенің негізі, адамгершілік пен іс- әрекеттің өзегі ретінде адал еңбек басым болуы тиіс. Сонда ғана отбасы деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қоя аламыз. Бұл тосқауыл осы мәселені заңдық реттеуге қарағанда тиімдірек.
И.Әлішер,
Қызылорда облысыныңӘділет департаментінің бас маманы.
Сурет gov.kz