Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің талаптарына сәйкес азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу үшін көрсетілетін қызметті алушы кез келген тіркеуші органға, Мемлекеттік корпорацияға қалауы бойынша жазбаша түрде немесе портал арқылы электронды түрде өтініш береді.
Өтініш 5 (бес) жұмыс күніне дейінгі мерзімде қаралуға жатады.
Азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу мынадай негіздерде жүргізіледі:
1) баланың тегі ата-анасының жалпы тегіне немесе ата-анасының біреуінің тегіне өзгерген кезде;
2) некені (ерлі-зайыптылықты) қиюға немесе бұзуға немесе некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тануға байланысты жұбайының (зайыбының) тегі өзгерген кезде;
3) ата-анасының арасындағы некені (ерлі-зайыптылықты) тоқтатуға немесе некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тануға байланысты кәмелетке толмаған баланың аты, тегі, әкесінің аты өзгерген кезде;
4) дәрігерлік-біліктілік комиссияның қорытындысына сәйкес баланың жынысы өзгерген кезде;
5) некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) анасының баланың туу туралы акт жазбасына баланың әкесі туралы мәліметтерді енгізу, сондай-ақ оның өтініші бойынша көрсетілген (көрсетіледі) баланың атын өзгерту (бұл баланың мүдделерінен туындаған кезде), әкесі туралы мәліметтерді өзгерту, толықтыру және алып тастау туралы өтініші келіп түскен кезде;
6) бала асырап алудың күшін жою немесе жарамсыз деп тану, сондай-ақ некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану туралы сот шешіміне байланысты;
7) туу туралы акт жазбасынан баланың әкесі немесе анасы туралы мәліметтерді алып тастау туралы сот шешіміне байланысты;
8) атын, әкесінің атын (егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілсе), тегін ауыстырған кезде;
9) ата-анасының тегі мен әкесінің атын ауыстыруына байланысты кәмелетке толмаған баланың әкесінің аты мен тегі өзгерген кезде;
10) азаматтық хал актiлерi жазбаларындағы қате мәліметтер сот тәртiбiмен анықталғанда;
11) әке болуды белгілеу туралы сот шешiмi күшiн жойғанда;
12) егер баланың туғанын тiркеу кезiнде оған тегi немесе есімі ата-анасының, немесе ата-анасының біреуінің тiлегiн ескермей берiлсе (дау болмаған жағдайда);
13) егер туу туралы акт жазбасында баланың аты толық көрсетiлмесе (кiшiрейтiлiп, еркелетiп, қысқартылып көрсетiлсе);
14) жынысының өзгеруіне байланысты атын, әкесінің атын (егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілсе), тегін ауыстырған кезде;
15) тегі ұлттық дәстүрлер бойынша әкесінің немесе атасының атынан шыққан тегіне өзгерген кезде;
16) ұлты, азаматтығы өзгерген кезде;
17) егер азаматтық хал актісі жазбасында ата-анасының аты, әкесінің аты, тегі немесе ұлты көрсетілмесе;
18) егер азаматтық хал актілері жазбасында дұрыс емес мәліметтер көрсетілсе;
19) егер баланың мүдделерінен туындаған кезде, баланың туу туралы акт жазбасында көрсетiлгеннен өзге есімі болса;
20) егер азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде қателер (бұрмалаулар, мәліметтерді немесе жеке сөздерді жіберу) жіберілсе;
21) егер неке қиылғаннан (ерлі-зайыпты болған) кейін жұбайының (зайыбының) тегін алса, туу туралы акт жазбасында әкесінің атын толықтыру және әкесінің аты бойынша берілген тегін өзгерту, түзету қажет болған кезде жүргiзiледi.
Азаматтық хал актiлерi жазбаларына өзгерiстер, толықтырулар мен түзетулер енгiзу тіркеуші орган жасаған өзгерістерді, қосымшаларды және түзетулерді енгізу не бас тарту туралы қорытынды негізінде жүргізіледі.
Қорытынды бір данада жасалады және тіркеуші органның елтаңбалық мөрімен және лауазымды тұлғасының қолымен бекітіледі.
Азаматтық хал акт жазбасына сот арқылы өзгеріс, толықтыру, түзету енгізу фактісі белгілен кезде, тіркеуші орган азаматтық хал акт жазбасына сот шешімінің негізінде қорытынды шығармай өзгеріс, толықтыру, түзету енгізеді.
А.Жақсылық,
Қызылорда облысы әділет департаментінің
бас маманы
Сурет gov.kz