Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеуі аяқталған кезекті қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
Алматы қаласының тұрғыны У.А. Қызылорда қаласында интернет-казино ашып, заңсыз ойын бизнесін бастаған. 2022 жылдың мамыр айында қаладағы Қазыбек би көшесінің бойындағы көп қабатты үйден пәтер жалға алып, 8 дербес компьютер орнатып, оларды интернет желісіне қосқан. Өзінің бұрынғы екі танысын келушілерге қызмет көрсетуші ретінде жұмысқа тартқан. Сот компьютерлік-техникалық сараптамасы алынған компьютерлерге «Superomatic» бағдарламасын қосу арқылы онлайн ойындар сайтына қолжетімділік қамтамасыз етілгенін анықтады.
Оның заңсыз әрекетін Қызылорда облысы бойынша ЭТД қызметкерлері әшкере етіп, ойын орнынан 8 компьютерлік жүйе мониторымен, «Huawei», «TP-Link», «Altel» модельді 3 модем, «Ezviz» бейнекамерасы, 1 желілік хап және кассадағы 23000 теңге ақша алынған.
Заңсыз бизнестің жүргізілген айларындағы барлық кіріс-шығыс есеп құжаттарына жүргізілген «бухгалтерлік және қаржы бюджеттік зерттеу» сот сараптамалары бойынша сарапшы-маманның қорытындысына сәйкес, заңсыз қызметтен түскен табыс көлемі 8 млн 190 мың теңгені құрады. Бұл ірі мөлшерге жатады.
Сот барысында азаматша У.А. өз кінәсін толықтай мойындау туралы процессуалдық келісімге қол қойған.
Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен, ҚР ҚК-нің 307 бабы 2 бөлігі 3 тармағымен қарастырылған қылмыстық әрекеті үшін, азаматша У.А. 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Барлық мерзімге пробациялық бақылау және жыл сайын жүз сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарту тағайындалды.
Сондай-ақ, заңсыз ойын ұйымдастыру дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс аяқталып, сот үкімі шықты.
Қызылорда қаласының тұрғыны, 1984 жылы туған Н.М. 2022 жылдың қаңтар айында қаланың Панфилов көшесінен көп қабатты үйдің бірінші қабатынан келісім шарт негізінде ғимарат жалға алып, заңсыз ойын бизнесін бастаған. Ғимарат ішіне компьютерлік құрылғыларды құрып, оларға бәс тігу мөлшерлемелерін қабылдауға (есепке алуға) және бәс тігу бойынша ұтыс төлеуге қажетті «Зенит» бағдарламасын орнатып, букмекерлік кеңсенің кассасын ашқан. Екі күзетші және кассир-операторды күнделікті жалақымен жұмысқа алған. Осылайша, М.Н.-ның букмекерлік кеңсесі (букмекерлік кеңсенің кассасы) 2022 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында қолма-қол ақша қаражатқа бәс тігу мөлшерлемелерін қабылдау арқылы ұтыс төлеу жолымен жұмыс жасаған.
2022 жылдың қазан айында әшкереленген бұл заңсыз әрекет сот компьютер-технологиялық сараптама қорытындысымен, М.Н.-ның мойындап берген жауабымен, жасырын бақыланатын сатып алуды жүргізу хаттамасымен, беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.
Қызылорда қалалық №2 сотының шешімімен, ойын мекемесін заңсыз ашып, ойын бизнесі саласындағы қызметті заңсыз ұйымдастырған азамат М.Н. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 612 600 (алты жүз он екі мың алты жүз) теңге айыппұлға тартылды.
Ойын орнынан тәркіленген 12 телевизор, 24 монитор, 7 компьютер процессоры, 8 ноутбук, касса аппараты мен терминал аппараттары, 1 модем, 11 «TV» тюнинг және кассадан алынған 30 500 теңге ақша мемлекет кірісіне алынды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.