Адамзат баласының, әсіресе қазақтың санасында «Әке» ұғымы қасиетті hәм қадірлі. Жеңіс мерекесіне орай мен де асыл да ардақты әкем, соғыс ардагері Айтбай Орынбайұлы туралы естелік жазуды жөн көріп отырмын.
Әкем Айтбай (азан шақырып қойған аты Айт-Мұхаммед) Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында 1923 жылы 3 сәуірде дүниеге келген.
Әкесі Сыр бойына белгілі керуен басшысы, сол заманның ірі тұлғасы Орынбай Мәмірайымұлы 1888-1925 жылдары өмір сүрген, ол кісі әкеміз екі жасында, өзі отыз жеті мүшел жасында өмірден озыпты. Өз заманында Орынбай ата елден қырық жігіт жиып, Қытай, Бұхара, Хорезмге мал айдап апарып сатып, қант-шай, киім - кешек, мата тағы басқа тұрмысқа қажетті заттарды әкеледі екен. Барып келу жолына бірнеше ай кететін болған. Ол заттарды ауыл ортасына тігілген сегіз қанатты үйге жинап, кіші бір рулы елді асыраған. Ел шабандоз, палуандығынан бөлек, сұлу Орынбай дейді екен. Анасы Жаңақорған өңірінде билік құрған божбан руынан шыққан Жаманқұл бидің қызы Бейсенкүл деген әжеміз. Әжеміз ұзын бойлы, бес уақыт намазын қаза қылмаған, иманы нұрында тұратын, қасиет дарыған кісі еді. Баласының есімін Пайғамбарымыздың есімімен Айт-Мұхаммед деп қоюуы да бекер болмаса керек.
Айтбай әкеміз Жаңақорған ауданында он жылдықты бітіргеннен кейін, 1942 жылы 9 қыркүйкте Ұлы Отан соғысына армияға шақырылып, Сталинград майданына қатысқан. 1942 жылы 12 желтоқсанда аяғынан ауыр жараланып, алты айдай госпитальда емделеді. 1943 жылы мамыр айында емделіп шыққанан кейін Ригада әскери учелищеге оқуға жіберіліп,1944 жылы қараша айында литенант шенін алған. 1944 жылдың соңында взвод командирі болып Украина майданына қайта соғысқа кіреді. 1945 жылы қазан айында соғысты жеңіспен аяқтап, лейтанант шенінде елге оралады. Немістің атақты Фельдмаршалы Паульстің армиясын тұтқындауға қатысқан. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен марапатталған. Бейбіт заманда «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығы» мекерекелік медалі берілген.
Әкеміз соғыстан орала сала 1945 жылдың қараша айынан 1947 жылға дейінгі аралықта Шымкент облысы, Шорнақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Шорнақ ауданында қызмет атқарып жүргенде шешеміз Знаш Әлтенқызымен танысып, 1947 жылы отбасын құрады.
Анамыз Знаш Әлтенқызы 1929 жылы туылған. Әкесі Әлтен Темірбайұлы Шорнақ ауданына қарасты «Мир» колхозын құрып, 1930-1946 жыл аралығында колхоз төрағасы болған. Шешесі Күләнда Қоңырат, Жауғашты руынан шыққан Сәрсенбай болыстың қызы. Күләндә әжеміз елге белгілі күйші екен. «Атақты күйші Дина Нұрпейсова үйге келіп анаммен бірге күй тартып отырушы еді»,– деп анам еске алып отыратын. Баласын дәретсіз емізбеген қасиетті кісі болған. Ел ол кісіні аппақ ақ киіміне, жүріс -тұрысына, аузының дуалылығына орай «ақ әже» атаған, ол атағы болыстың қызына лайықты болса керек.
Әкеміз кешегі аудандық комсомол ұйымының жетекшісі ретінде отанға берілу бір бөлек, ел тағдырына, халықтың қамына айрықша қатысқан қайраткер болмысында ерекше танылды. Ақиқаттан айнымаған коммунист 22 жасында аудандық комсомол комитетін басқару арқылы партиялық қызметке де өз үлесін қосты. Ол кезде ел аш-жалаңаш, колхоз құрлысы баяу жүрді, шаруашылық жүргізетін техника жоқ-жұтаң еді. Осындай сылбыр тіршілікті ояту үшін аудандық басшыларды 2-3 колхозға уәкіл етіп бекітеді.Тиісті шаруны тындырып, халықтың бетін жұмысқа бұрып, жұмысты жайлаған соң ілінген астан ауыз тиіп, келесі іске көшетін. Бір күні ауыткомның орынбасары бір колхозға, әкем сол жерге жақын бір колхозға уәкіл болып барады. Уәкіл келеді деген соң колхоз бастығы мал сойыпты. Шама шарқынша дастархан дайындаған. Колхоз төрағасы жақын колхоз төрағаларын уәкілдерді қосып қонақ қылады. Төрге ең кіші болса да әкемізді шығарады. Өйткені мұнысы бәрімізде жас болдық, бірақ бұл кісідей бас болған жоқпыз деген құрметі еді. Сонымен дастарханға тағам кәдесінің ең үлкені – қойдың басы келеді. Егделі кісіден кейін бас ысырылып, кезегімен әкемізге ұсынылады. Бақса, бастың бір көзі желінген, екіншісі әкемізге бұйырды. Сөйтіп басты әрі қарай жылжытты. Бірақ оған ешкім ықылас танытпады. Сөйтсе бастың көзі болмаса оны басқаға ұсынбайды екен. Дәстүрдің осындай жайын білмеген әкеміз қатты қысылады. Оны қасындағы үлкен кісілер құтқарып, ауыл қарияларынан жас жігіттің қылығы үшін кешірім сұрады. «Мен жастықпен осындай білместік жіберген едім. Қазіргі жиырмадан жаңа асқан жігіттер осындай ел дәстүрін біле ме екен?» -деп анда-сонда осы жәйт есіне түскенде күліп қоятын.
1947-1949 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогигалық институтына түсіп, тарих мамандығы бойынша бітіріп шықты. Қазақ ССР Жоғарғы партия мектебін бітіргеннен кейін 1949-1952 жылы Мақтарал аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне жіберілді. Ал, 1952 жылдан Мақтарал, Келес, Қаратас, Жаңақорған аудандарында партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды. Билік пен парасаттың ара- қатынасын ажырата білді. Креслоның күшіне емес, өзінің адал ісіне сенді. Қандай жағдайда болсын кісіліктің кішілігі басым тұрды. Кесек пішін, мәрт мінез әкемізге тән қасиет еді. Барынша елмен араласып, үлкен-кіші пікіріне құлақ асты. Беделді басшы болғанын білетін ел айтып отыратын.
Айтбай әкеміз адам танығыштық ерекше бір қабілеті – бойында дарыны бар, бірақ іште буырқанған талант бүгіліп жатқан жастарды іріктей білген. Солардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековті алсақ аздық етпес. Әкеміз Айтбай Келес аудандық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жүрген Өзбекәлі Жәнібековті райкомға жұмысқа шақырып, қабылдап, партияға өткізіп, тәрбиелеп өміріне жолдама берген кісі еді. Өзекең Ғалихан жеңгемізге үйленгенде басына орамал салып, келін қылып түсірген біздің анамыз Знаш Әлтен қызы болатын. 2011 жылы «Желкілдек батыр» Қоғамдық қоры атынан Отырар ауданында, «Арыстанбаб» кесенесінің жанында Желкілдек батырға, Өзбекәлінің сексен жылдығына орай ас беріп, мәдениет сарайында ақындар айтысын ұйымдастырып едік. Сол жерде сахнада Өзбекәлі Жәнібековтың жұбайы Ғалихан жеңгеміздің басына біздің анамыз Знаш Әлтенқызы орамал салып, бұрынғы келін болып түскендегі оқиғаны қайталап едік. Ол бір халықтың қошеметіне бөленген көрініс болған. Мемлекеттік қайраткер Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан компартиясының үшінші хатшылығына дейін жоғарлады.
Әкеміз 1949 жылы Фрунзе ауданында комсомол комитетінің бірінші хатшы қызметінде жүргенде Рахманқұл Бердібаевпен етене қатысты. Рахманқұл ағамыз мектеп директоры еді, жас жігіттің білімдарлығы мен өнерпаздық шеберлігін әкеміз жоғары бағалады. Анамыз қайнысын Роман дейтін. Домбыраны нақышына келтіріп тартып, күйді керемет орындаған екен, оның осы қабілетіне қарап, ұлтты не білімімен, не күйшілік дарынымен асқақтатады деп дәріптеген. Айтса айтқандай, Рахманқұл Бердібаев филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым акедемиясың академигі болды. Әкеміз інісінен ағалық қомқорлығын аямай, ғылымға бет бұрғанда көмегі көп тиген. Түркістан қаласындағы Ахмет Иассауй атындағы Түрік - Қазақ унверситетінде қызметте жүргенде үйіне жолдасым Мәдина, балам Асылбек, інім Нұржігіт бар сәлем беріп барып едік, жақсы қарсы алып, дастархан басында ауырыңқырап жүргеніне қарамастан екі күй тартып берді. Мен баспаға басып алдым, ол да бір тарих. «Ғалым мұраты» кітабына былай деп қол таңба қойып беріп еді:- «Жанарбек балама! Бір кезде елге қызмет етіп, білім мен ақылды халық жолына жұмсаймыз дегенді мұрат еткен дәуірде табысқан, көп қызықты бірге көрген Айтбай досымның үрім- бұтағына ескерткіш ретінде ұсынамын. Академик Рахманқұл Бердібай.8.08.2009жыл».
Бірде Айтбай әкеміз Мәскеуде тұратын Қазақстан үкіметі басшыларының бірі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібекұлы Оңдасыновқа арнайы сәлем бере барады. Ойы – ардақты ақсақалды елге шақырып, дәм-тұз таттыру болды. Қазақ үшін қаншама қызмет еткен қайраткердің елден жырақта жүргені жанына бататын. Оның елге деген сағынышын бір басып, аунап-қунап қайтсын деп шешкен сапары еді. Сұңғақ бойлы Нұртас қария мен Валентина Васильевна жеңгей шын ықыласымен қарсы алып, төрге отырғызды. Нұрекең елдің жағдайын сұрастырып, жақсы жаңалықтарға кәдімгідей арқа-жарқа болып қуанып қалды. Дастархан басында өзінің бос отырмай күнделікті істеп жүрген жұмыстарымен таныстырды. Қазақ үшін аса қажет арабша-қазақша, парсыша-қазақша сөздіктерінің дайын нұсқаларын көрсетіп, әлі де көптеген шаруаның барын айтты. Сөз мәйегі қазақтың мақал – мәтелдерін жинастырып, оны елге тапсырам деген ниетін жеткізді. Кейіннен де Нұртас көкеміз бен әкеміздің арадағы аға-іні құрметі өшкен емес.
Әкеміз Айтбай дүниеге келген перзенттерінің есімін ерекше таңдаған. Ұмытылмас үшін өзі жүріп өткен жолдарымен сабақтаған. Мысалы, Мақтаарал ауданында туған әпкемізді Мақтагүл, Келес ауданында дүниеге келген ағамызды Келесбек қойған. Қазығұрт ауданында туған ағамыздың есімін Қазыбек, Жаңақорған ауданында туған ағам мен менің есімімді Қорғанбек, Жанарбек қойыпты. Үш қызын өміріміз гүлдей көркем болсын деп Алмагүл, Раушан, Райхан, дүниенің сәні мен мәні болсын деп інілеріміздің есімін Мәңгібек, Сәндібек қойыпты. Шәркүл, Раушан, Жәмила, Мәдина, Қаракөз, Айнұр деген келіндері түсіп, Айтбай әкеміздің шаңырағының түтіні түзу шығып, ұрпақ жалғасып жатыр. Мағымар, Есен жезделеріміз отбасымыздың мүшесі болып, жиендер өсті. Қазір Айтбай әкеміздің жолын қуып, Ақмарал немересі мемлекеттік қызметті жалғастырса, әскери атасының шеніндей литанант шенін таққан Жансая немересі жоғары дәрежелі дәрігер, офицер. Шөбересі Рамазан да әскери коледжді бітіріп, үлкен атасының жолын қуып әскери офицерлік дәрежесін алуға жақын.
Осы ұрпақтарының жақсы өмір сүруі үшін қан кешкен әкеміз Айтбай Орынбайұлы 1997 жылы 4 сәуірде өмірден озды. Оған да отыз жылдай уақыт өтіпті. Аллаға шүкір қазір еліміз тыныш, бейбітшілік заман. Сыр елінен сыртта жүрсек те, туған жерміз Қызылорда, Жаңақорған төңірегіне құлағымызды түріп отырамыз, анда-санда барғанда туған жеріміздің көркейіп жатқанын көріп облыс, қала, аудан басшыларына алғысымызды айтамыз. Ұлы Отан соғысында өмірден озған шейіттер, ата-бабаларымыздың жатқан жерлері жәннәттән болсын. Елімізде бейбітшілік заман болсын!
Жанарбек Орынбаев,
«Желкілдек батыр»,
«Перзент парызы» қоғамдық
қорларының төрағасы
Астана қаласы