«Менің атам – майдангер» облыстық байқауы

Фото: ардагерлер кеңесі

Ұлы Отан соғысының 81 жылдығына орай Қызылорда да  облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен  «Менің атам – майдангер» атты танымдық кеш форматындағы облыстық байқау өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдангер аға буынның ерлігін жас ұрпаққа үлгі ету, олардың отаншылдық рухын насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру, патриоттық тәрбиені күшейту және жалпыадамзаттық әрі рухани құндылықтарды дәріптеу.

Байқау қаладағы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновациялық академиясының мәжіліс залында өтті. Іс-шараға қала, аудандардан 20 жоғары сынып оқушысы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Екі кезеңнен тұратын сайысқа  облыстық білім басқармасының «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығының бөлім басшысы  Жұлдыз Асқарова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, Филология ғылымдарының кандидаты  Сара Бақтиярова, қалалық  жастар театрының директоры, айтыскер ақын Нұрмат Мансұр қазылық етті. 

Шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп ашып, өнерпаз өрендерге сәттілік тіледі. 

Алғашқы кезеңде қатысушылар «Менің атам – майдангер» тақырыбында эссе жазып, онлайн форматта бақ сынады. Ал,  екінші кезеңде «Есімдерін ұлықтап жыр жазамыз» атты мүшәйрада өз шығармашылықтарын көрсетіп, майдангер аталарына арнаған өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар қатысушылар өзін-өзі таныстыру арқылы патриоттық рухтағы жыр шумақтарын ұсынды.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар облыстық ардагерлер кеңесінің арнайы дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталады.





Тағы да оқыңыздар
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: