Мемлекеттік қызметке кіру талаптары жеңілдетілді

11
0


Әлемдегі мемлекеттердің дамуына мемлекеттік қызметкердің қосар үлесі мен салмағы ерекше.

Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметке кіруді барынша жеңілдету мақсатында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындалу бойынша белгілі нормалар қабылданды.

Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант есебінен үздік аяқтаған түлектер диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына заңнамалардан ешқандай тест тапсырмастан конкурстан тыс тағайындала алады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, жас мамандардың аудандар мен ауылдық жерлерге оралуын ынталандыруға, сондай-ақ, өңірлердегі кәсіби кадрлар тапшылығын төмендетуге ықпал етіп, мемлекеттік қызметке кіру процесін айтарлықтай жеңілдетіп отыр.

Осы норма заңды күшіне енген уақыттан бері бүгінгі күнге дейін өңірімізде 9 түлек Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы аудандық және ауылдық деңгейдегі түрлі лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалды. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын үздік бітірген түлектерді оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде Астана қаласын қоспағанда, еліміздің барлық өңірлеріндегі мемлекеттік органдардағы жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау мүмкіндіктері қарастырылды. Осы жаңашылдық аясында, өңіріміз бойынша 2023 жылы 1 түлек, биыл 2 түлек конкурстық іріктеусіз бос лауазымдарға тағайындалды. Сонымен бірге, агенттіктің келісімі бойынша конкурстық іріктеусіз 

«Б» корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындау мүмкіндігі берілді. Бұл өз кезегінде бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейтеді. Мысалы, Қызылорда облысының мәдениет және спорт, қоғамдық даму, білім, экономика және қаржы, сонымен қатар денсаулық сақтау басқармаларының басшылары агенттікпен келісу арқылы конкурстан тыс тағайындалды.

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ əкімдері өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органның келісімі бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады. Мысалы, Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында былтыр өкілеттік мерзімі аяқталған 2 ауыл әкімі, биыл Қармақшы, Сырдария және Шиелі аудандарында 3 ауыл әкімі конкурс өткізілместен түрлі лауазымдарға орналасты.

Жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде биыл 1 наурыздан бастап Өңірлік кадр резервіне өткізілген іріктеудің нәтижесімен Қызылорда облысының Өңірлік кадр резервіне 25 резервші алынды. Өңірлік резервке алынған резервшілер сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады 

Бүгінгі күнге дейін, облыс бойынша Өңірлік кадр резервінің 

5 резервшісі Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Сырдария аудандарындағы жергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындалды.

Қазіргі кезде резервшілерге жергілікті атқарушы органдардағы 

«Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдары ұсынылуда.

Қызылорда облысының Өңірлік кадр резервіне алынған резевршілерді конкурстық іріктеусіз бос лауазымдарға тағайындау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Жоғарыда айтылған заңнамалық нормаларға сәйкес конкурстан тыс қабылданатын кандидаттардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын Үлгілік біліктілік талаптарына сәйкес келуі – басты шарт.

Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3348 бірлікті құраса, қазіргі таңда 3266 мемлекеттік қызметші нақты жұмыс істейді. Мемлекеттік органдардағы бос орындар саны 82 бірлікті құрайды. 

Кадрлардың тұрақтылығы мен бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды толықтыру бағытындағы шараларды қабылдау бойынша өңіріміз республикада көш басында.

Жыл басынан бері бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды толықтыру мақсатында өңірде барлығы 558 конкурс (оның 273-і ішкі конкурс, 285-і жалпы конкурс) өткізіліп, нәтижесінде 384 (оның 146-сы ішкі конкурс,238-і жалпы конкурс) үміткер бос лауазымдарға қабылданған. Өткізілген конкурстардың ішінде 174 конкурстың 141-де үміткерлер қатыспағандықтан, 10-да үміткерлердің біліктілік талаптарына сәйкес келмегендіктен, 18-де үміткерлердің конкурстық комиссияның оң шешімін алмағандықтан, 5-де конкурстық комиссияның оң шешімін алған үміткерлердің ұсынылған лауазымға орналасудан өз еріктерімен бас тартуы себепті өткізілмеген. 

Елімізде мемлекеттік қызметтің реформасы бастау алған алғашқы 

2016 жылы мансаптық өсу қағидаттарына сәйкес ішкі конкурстардың нәтижесімен жоғары лауазымдарға қабылданған үміткерлердің үлесі өңірімізде небәрі 59,6 %-ды  құраған болса, бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі кезде облыс бойынша мансаптық өсу қағидаттарына сәйкес ішкі конкурстардың нәтижесімен жоғары лауазымдарға қабылданған үміткерлердің үлесі 73,3% құрап отыр. 


Ерлеген Мендалиев,

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Қызылорда облысы бойынша 

департаментінің басшысы.

Сурет ашық дереккөзден алынды


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: