«Ғалымның аты өлсе де, хаты өлмейді» демекші, қасиетті Жаңақорған топырағында бүр жарып, гүл ашқан жауқазын гүлдің мезгілсіз қазасы бәріміздің өзегімізді өртеп, қабырғамызды қайыстырған еді. Аққан жұлдыздай болып, 2005 жылдың 5 ақпанында небәрі отыз жеті жасында өмірден өткен талантты жас ғалым Райхан Айтбайқызы Орынбаева аз ғана ғұмырында қаншама іс тындырды. Биыл тірі болғанда 58 жасқа толар еді.
Райхан Айтбайқызы 1968 жылы Жаңақорған ауданы, «Сүтті құдық» ауылында дүниеге келген. № 52 орта мектептің сегізінші сыныбын бітіріп, Қызылордадағы М.Мәмбетова атындағы педогогикалық учелищеде оқыды. Училищені қызыл дипломмен аяқтап, жолдамамен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түсті. Институтты қызыл дипломмен тәмәмдәп, Қазақстан Республикасының Білім министрлігінің жолдамасымен Қызылорда педагогигалық институтының педагогика-психология кафедрасына мұғалім болып қабылданды. Екі - үш жылдың ішінде ғылымға бет бұрып, зерттеуші ретінде Ұлттық Ғылым академиясының философия институтына жіберілді. Қысқа уақытта Қыздар педагогикалық институтының аспирантурасына түсті. Бір жылдан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу әдістемелік бөлімінің бас әдіскері қызметіне келді. Сөйтіп университеттің педагогика-психалогия кафедрасында оқытушы қызметін атқара жүріп, он бес жыл бойы ғылым мен тәжербиені ұштастырудың жолымен жүрді. Райхан өзі қалаған «Қазақстандық қайраткер әйелдердің педогогикалық идеялары мен ағартушылық қызметі» /1919-1939ж/ тақырыбы бойынша дайындалған диссертациясын алдын ала қорғаудан өткізіп, ғылыми кеңестің жоғары бағасын алып қойған еді. Соның негізінде Райханның тарихи деректер мен мұрағат материалдарына сүйеніп, төте жазудан аудара отырып алғаш рет үлкен ізденіспен жазылған қазақстандық қайраткер әйелдердің педагогикалық идеялары мен ағартушылық қызметі жайлы сыр шеріткен ғылыми еңбегі педагогтарға, жоғары оқу орындарының магистранттары мен студенттеріне, қалың оқырман қауымға арналған «Қазақстандық алғашқы қайраткер әйелдер» атты кітабы 2012 жылы жарыққа шықты. Ол туралы сол жылы «Әлем.Эколигия. Бизнес» журналына ақпарат ұсынылған. Сонымен қатар, осы кітаптың алғы сөзін жазған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Қалиев пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Хадиша Нұғманованың пікірлері жарияланды. Ол кезде марқұм Райханның қырық бес жасқа толуына орай журналға басылған еді, оған да жиырма жылға жуық уақыт өткен екен.
Бауырым, аяулы қарындасым Райхан Айтбайқызының 5 ақпанда дүниеден өткен күніне орай еске алып, сол алғы сөз материалдарды оқырман қауымға қайта ұсынуды жөн санадым.
Қоғамдық мәні зор еңбек
1998-2001 жылдар арасында менің басшылығыммен қазақтың қыздар педагогикалық институның аспиранты Райхан Орынбаева «Қазақстандық қайраткер әйелдердің педогогикалық идеялары мен ағартушылық қызметі» /1917-1939ж.ж/деген тақыры бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысты. Тақырыптың көкейкестілігіне келсек, кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында /1917-1939ж.ж аралығында/ қазақ әйелдерінің қоғамдық саяси –әлеуметік жұмысқа араласуы , халық шаруашылығының алуан саласына /колхоздандыру,ауылды кеңестендіру,қызыл отау ,дәрігерлік пункттер ашу, сауатсыздықты жою,өндіріс орындарының ісіне белсене кірісу, ауыл мәдениетін көтеру,т.б/ Ғасырлар бойы отбасында бала бағумен ғана айналысып келген ауыл әйелдерінің сауатын ашу, оқу оқып, ел билеу ісіне , халық шаруашылығының сан саласына белсене араласу, сөйтіп олардың қоғамдық қайраткерлік дәрежеге дейін көтерілуі қазақ педагогикасы тарихында бұрын-соңды арнайы зерттелмеген, қоғамдық,әлеуметтік мәні зор тақырып.Осы тақырыпты меңгеру үшін ізденуші Райхан Орынбаева кітапханалардан ,сирек кездесетін мерзімді басылымдар мен бұдан 60-80 жылдардағы бұрынғы архив материалдарын ақтарып,ерінбей еңбек етуге тура келді,Көп ізденудің нәтижесінде орасан бай және тың материалдарды жинақтап,диссертацияға негіз етті.Диссертация екі тарау,4 тармақша мен тұжырым , қорытындыдан тұрады.Диссертацияның ғылыми жаңалығы 1917-1939 жылдар арасындағы Н.Арықова, А.Оразбаева, С.Есева, Н.Құлжанова, Р.Ермекова,Ш.Шонанова, М.Бегалива, А.Досжанова, Н.Мананникова, М.Колодинова т.б партия кеңес, оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау, мерзімді баспасөз мекемелеріндегі әр түрлі мамандықтағы әйел-қайраткерлердің кеңес өкіметін орнату жылдарындағы бір мақсатта, бір майданда /оқу-ағарту саласында/ қызмет етуін тұңғыш ғылыми жүйеге келтіріп баяндауда.
Екіншіден, Қазан төңкерісіне дейін оттың басы, ошақтың қасында ғана болып келген қазақ әйелдерінің мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін өсу динамикасын дәлелді фактілермен айқындап бере білуінде.
Үшіншіден, Н.Құлжанова, А.Оразбаева, Н.Арықбаева, Ш.Шонанова ,С.Есова, Р.Ермекова сияқты мұғалім, саясаткер, журналист әйелдердің ел ісіне белсене араласуы, бұдан 60-80 жыл бұрынғы мерзімді басылымдарда жариаланған, бүгінде өте сирек кездесетін мақалаларын ғылыми жүйелеп талдауы.
Төртіншіден, қазақ әйелдерінің қазақтың ұлттық педогогика тарихына қосқан үлесін нақтылы фактілермен айқындап бере білуі.
Бесіншіден, Қазақстаннан тұңғыш шыққан педагог-ғалым әйелдер Н.Құлжанова мен Ш.Шонанновалардың ағартушылық идеяларының Н.К.Крупская,Цеткина,Коллантай сияқты орыстың атақты педагог әйелдерімен идеялық үндестігі ашылып көрсетілген.
Алтыншыдан, Н.Құлжанова, Ш.Шонанновалардың педагогикалық көзғарастарынан қазақтың 20-жылдарындағы шыққан алғашқы ағартушы қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың ықпалымен қалыптасуы нақтылы фактілермен педогогикалық салыстыра талдау арқылы ашылуы.
Жетіншіден, қазақтың тұңғыш қайраткер әйелдерінің бүгінгі оқыған интеллигент әйелдер тобын құраудағы ролінің айқындалуы.
Сегізіншіден, қазақтың тұңғыш қайраткер әйелдерінің мектепке дейінгі тәрбие мекемелері мен ана мен баланы қорғау мекемелерінің негізін салушылары бола білуі.
Тоғызыншы, қазақтың тұңғыш қайраткер әйелдерінің мектепке дейінгі педагогиканың теориясын да, тәжербиелік ұйымдастыру ісін де, әдістемелік жүйесін де жасаушылары болуы нақтылы фактілермен ғылыми нанымды дәлелденген.
Бұл еңбектің келешекте жазылуға тиісті ұлттық педагогика тарихының бір тарауына қажетті мол материалдар беретінін ереше атап өтуге тура келеді.
Сондай ақ, диссертациядағы қайраткер әйелдердің педагогикалық идеялары мен ағартушылық қызметі бойынша жасалған арнаулы курс бағдарламасын жоғары оқу орындарының магистранттары мен студенттері , білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау инстетуттары жанынан ашылатын мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің қысқа мерзімді курстарына пайдалануға әбден болады.
Серғазы ҚАЛИЕВ,
Педагогика ғылымдарының докторы,
Профессор
Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді
Педагогтар жұртшылығына, сондай-ақ, қалың оқырманға ұсынылып отырған бұл еңбектің авторы дүниеден ерте озған, талантты жас ғалым Райхан Айтбайқызы Орынбаева. Ол өзінің қысқа өмірінде Қазақ мемлекеттік қыздар педогогикалық институтын үздік дипломмен бітіріп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің педогогика және психология кафедрасына оқытушы қызметіне орналасты.
Кафедрада оқытушылық қызметті жоғары дәрежеде атқарып жүріп, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысты. Соның нәтижесінде Райхан Айтбайқызы Қазақ мемлекеттік қыздар институтының аспирантурасын бітіріп, «Қазақстандық қайраткер әйелдердің педогогикалық идеялары мен ағартушылық қызметі» атты кандидаттық диссертациясын аяқтады. «Қазақстандық қайраткер әйелдер педагогикалық идеялары мен ағартушылық қызметі» қазақ педагогикасы тарихында тың сала еді. Ізденуші- ғалым ретінде ол қазақстандық қайраткер әйелдердің ағартушылық қызметін ескі мерзімді баспасөз материалдарын пайдалана отырып, нақты құжаттармен айқындап, педагогикалық шығармасын талдап қана қоймай, олардың ағартушылық көзқарастарының ортақ желісін таба білген.
Екінші бір ерекшелігі – бұл ғылыми жұмыстың мазмұны нақты да дәйекті, дерек көздері мол. Бұл педагогтар қауымының ғана емес, жалпы оқырманның қызығушылығын, сондай-ақ, қазақ қайраткер әйелдердің мұраларын жинақтап, саралап, ұрпақ тәрбиесіне пайдалануға мүмкіндік туғызды. Оқырмандарға ұсынылып отырған еңбекте Қазақстанның бүгінгі жарқын күндерін жақындатуға өз ұлтының мүддесі үшін жан аямай қажырлы еңбек еткен Қазақстаннан шыққан зиялы қайраткер әйелдер Нәзипа Құлжанова, Шахзада Шонаннова, Нағима Арықова, Сара Есова, Рақия Ермекова, Мәдина Бегалиева, Аққағаз Досжановалардың қазақ балаларының денсаулығы және олардың тәрбиесінде ұлттың салт-дәстүрлер мен әдет -ғұрыптар негізінде дамыту жолындағы жұмыстары талқыланған. Ал кеңірек айтсақ, еліміздің тарихында кеңестік саясаттың әсерінен сынаржақты түсіндірілген жоғарыдағы жай ғалымның еңбегінде обьективті бағасын алды.Бұл қазақстандық қайраткер әйелдердің , қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті өкілдерінің есімдерін қайта жаңғырту , тарихта қалдыру деген сөз.Райхан Айтбайқызы алғашқы ғылыми еңбегінің өзінде кеңес үкіметінің 20 жылдығы педагогикалық ой-пікірдің дамуына жаңа көзқарас тұрғысынан сипатталған.Зерттеу жұмысы мұрағат құжаттарымен дәлелденген.
Автор аталмыш еңбегінде қайраткер әйелдердің балалар бағын ашып, балаларды тәрбиелеуге көңіл бөлуі туралы ой-пікірлерін орынды келтіреді. «Дұрыс тәлім-тәрбиені балалар бесігінен бастап қана алады, екінші балаларды бесікке, болмаса балалар бағына берумен әйелдер еркектермен бірдей қоғам жұмысына араласа алады»,– деп құнды пікір айтқан.
Райхан Айтбайқызы осы еңбегінде Европадан енген термин сөздерді қазақтың ұлттық табиғатына сабақтастырып, «Бесік орындары», «Балалар бағы», «Тәлім тәрбиесі» ұғымдарымен алмастырып, мектепке дейінгі қазақ педогогикасының ұғымдарына жақындата білгендігіне куә боламыз. Аталмыш еңбекте қазақстандық қайраткер әйелдер ғасырлар бойы армандаған еркіндік пен теңдікті баянды ету жолында өздері өмір сүріп отырған жаңа қоғамның мүддесі үшін жан аямай қызмет еткенін нақты дәйектермен дәлелденген.
Хадиша НҰҒМАНОВА,
Қорқыт атындағы Қызлорда мемлекеттік
Унверситеттің профессоры.
Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, жаның жаннаттың төрінде болсын, аяулы жан!
Жанарбек ОРЫНБАЕВ,
бауыры, «Желкілдек батыр», «Перзент парызы»
қоғамдық қорлардың президенті
02.02.2026 жыл.