Биыл «Құрбан ата» қайырымдылық қорының құрылып, Құрбан ата кесенесінің салынғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай Құрбан ата туралы, қор шеңберінде атқарылған жұмыстарға байланысты естеліктерді жазуды жөн санадым. Себебі қордың ақылдастар алқасының мүшесі ретінде көп жылдар елдің ішінде жүріп едім.
Жаманбайұлы Құрбан әулие бабамыз туралы энциклопедияда және көптеген тарихи кітаптарда жазылған. Құрбан ата - шамамен 1620-1710 жылдары Сыр өңірінде өмір сүрген Қоңырат тайпасынан шыққан діни қайраткер, әулие. Қожа Ахмет Яссауйдің сопылық ілімін меңгерген ясауийа тарихатының көрнекті өкілі. Жазушы Еркінбай Әкімқұлов ағамыздың «Құрман ата» романында Түркістандағы медреседе оқып, балаларға сабақ бергені туралы баяндалады. Біз бала күнімізден Құрбан ата туралы аңыздарды әке -шешемізден естіп өстік. Сол естіген аңыздар жазушының романында жазылған . Құрбан ата туралы аңыздарда, бірге туған бауырлары белін қыл шылбырмен буып алып, алыс ағайындардың малын барымталап жүріп «Қылбелбеу» деген атқа ие болса керек. Бауырларының барымталаған малын елге қай жерде жатқанын айтып қоя беретін болған. Сондықтанда «Жаманбайдың Құрбаны бір төбе, Қылбелбеуі бір төбе» деген сөз қалған. Бауырларының барымташылығын қойғыза алмаған Құрбан тау мен тасты сағалап, дәруіштер сияқты дүниенің қызығынан бас тартып, сопылық ағымды ұстанып, оқшауланып өмір сүрген екен.
Құрбан атаның жерленген зираты Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Қарабура әулиенің кесенесінің ішінде, Қарабура әулиемен қатар жатыр. Жалпы әулие дегеніміз кім? - деген сұрақтан бастасақ. Әулие – арабтың «уали» /дос,жақын/ сөзінен шыққан, ислам дінінде Алла Тағалаға өте жақын, күнәлардан бойын таза ұстаған, ерекше қасиеттерге /кәрамет/ ие, халық сүйіспеншілігіне бөленген, рухани кемелденген адам. Олар – Алланың сүйікті құлдары, діндарлық пен тақуалықтың шыңына жеткен тұлғалар. Олардың ерекше қасиеттері – кереметтер көрсету, болжау қабілеті немесе дұғаларының қабыл болуымен ерекшеленеді. Ел арасында әулиелерді жебеуші, жарылқаушы, рухани ұстаз ретінде қастерлейді. Құрбан әулие Қарабура әулиенің қасына қатар жерленуі сол замандағы рухани жақындығы, Алланың әулиелерге берген аяндарының әсері болар. Құрбан атаның Қарабура әулиенің қасына жерленуінде мынадай аңыз бар. Құрбан ата балдарын шақырып алып: - Ал қарақтарым, мен бейсенбі күні сәскеде жүремін. Сүйегімді ақыреттік досым Қарабура батырдың қасына жерлеңдер, - деп өсиеттеп түйіндеген сөзге таңырқаған балалары Созақтағы Қарабура мен ауыл арасы апталық жол екенін айтады. Бейсенбіде үзілсе, жұма күні қалай апарып жерлейтінін қиналып жеткізеді. - Несі бар, ақ киізге ора да атан түйге арт, тез жолға шық, түйені Киікші жетелесін, арғы жағын көре жатарсыңдар,- дейді. Айтқандай- ақ, бейсенбі күні таң алакейімде Құабан ата дүние салады. Әке өсиетіне берік ұлдары айтқанының бәрін орындайды. Мәйітті ақ киізге орап, атан түйге артып ұзақ жолға шығады. Жұма күні сәске түс дегенде бір топ атты кез болады. Сәлемдеседі жағдайларын айтып : - Құрбан әкеміз дүниеден көшті .Сүйегін өзі аманаттаған Қарабура бураның зиратына алып бара жатырмыз,- деп жөнін айтады. Бұлардың сөзіне жолаушылар таңырқап, Құрбан әулиенің жаназасын шығарып ақыреттік сапарға шығарып салған жоқпыз ба ,- дейді. Құрбан ата балалары жұмбақ жағдайға таң болады. Ақ киіздің арасында ақ кебін ғана, ал ардақтап әкеле жатқан сүйек ғайып болған. Балалары бір жұмадан кейін жетіп Қарабураның қасына жерленіп қойған әкесінің басына құран бағыштаған. Әулиелік тылсымды біз қайдан болжай аламыз, бәрі бір Алланың құзырында.
Осыдан он шақты жыл бұрын Қызылорда қаласында тұрғанымда Астанадан Медецина ғылымдарының докторы, академик Полат Қазымбетов ағамыздың ұйымдастыруымен Созақ ауданында Құрбан ата зиратына баруды жоспарлап, жол тарттық. Қасымда інім Сәндібек екеуміз жолай Жаңақорғаннан Арыстанбай қажы, Асылбек Анарбеков, Мейрамбек Орынбаев ағаларымды алып бір көлікпен Түркістан қаласына бардық. Ол жақтан бір көлікпен «Құрбан ата» қайырымдылық қорының төрағасы Үмбет Жүсіпбаев ағамыз, тарихшы, пофессор Ғазрет Тұрсын , Бақытжан Раманқұлов , Астанадан жазушы Көпен Әмірбек , Омар Жусанбаев, академик Полат Қазымбетов ағаларымыз басқа да Шымкент қаласынан шыққан азаматтар болып үш-төрт көлікпен Созақ ауданында орналасқан Қарабура әулиенің кесенесіне бардық. Кесене екі бөлмеден тұрады. Бірінші бөлмеде күмбезі бар төбесі жабық, екінші бөлме төбесі ашық Қарабура әулие мен Құрбан әулие қатар жерлгенген ортасына үлкен терек өсіп шыққан сондықта да теректі шаппай , төбесін жаппаған. «Құрбан ата» қорының бірінші төрағасы, ғалым Дүйсенбек Майсаров ағамыз өз атынан Құрбан атаға үлкен көк тас қойған. Кесененің қасында үлкен ас беретін жабық жайы бар екен. Полат ағамыз бір мал құрбандық шалып , тамақ дайындатып қойған , әулиелерге құран бағыштадық. Сол жерде ақылдасып кесененің кіре беріс жеріне Қарабура мен Құрбан ата кесенесі деп жазылып қойылса , қазіргі жаңа құрлыс материалдарымен өсіп тұрған талға кедергі келтірмейтіндей жауын - шашыннан қорғап төбесін жапсақ, кесененің басында екі әулие Қарабура мен Құрбан атаға ас берсек деген ойларымызды айтып, бір бәтуаға келіп қайттық. Көп ұзамай Жаңақорғанда марқұм академик Мұхтар Әлиев ағамыз салдырған мешітті жөндеп ас берілді. Сол жерге Тама ру басшылары келген екен, сол кісілерге мешітті жөндеп ас беріп отырған Сақтаған ініміздің үйінде Полат аға, Көпен ағамыз бар Қарабура кесенесінде келіскен ойларымызды айттық, ол кісілер толық келісті. Келесі жылы бизнесмен Сақтаған Әбіләзімов ініміз Қарабура мен Құрбан ата әулиелердің басында республикалық деңгейде ас берді. Жалпы ертеректе Созақ ауданындағы Құрбан ата зиратына елдің барып келу жол қиындығы туындағандықтан, әулие ата ұрпақтары, атамыздың басына кесене тұрғызу мәселелерін көтереді. Шешім 1989-1990 жылдары қабылданып, Құрбан ата кесенесі Арыстанбаб әулиенің кешенінің ішінде салынатын болып келіседі. 1990 жылы 0,15 га жер алынып , «Құрбан ата» қайырымдылық қоры құрылып, қаржы жинайды..
Менің есімде 1989 -1990 жылдары «Красная звезда» совхозында кассир едім, Жаңақорғанннан ағайынның басында жүретін Балғабай Жанаділов ағамыз келіп, «бабамызға кесене соғайын деп жатырмыз, пәлен қаржы бересің»,- деді. Ол кісі бересің бе, деп сұрап жатпайтын, тек тапсырма ретінде айтатын. -Көке айтқаныңызды орындаймыз болды,- дедім. Менен кейін ағам Қазыбек басқарма басшысы еді, ол кісіден барып қажетті қаржысын алып қайтыпты. Енді еске алсам, ол кезде жиырма бес жастан енді асқан жас кезім бабамыздың кесенесіне кішкене болса да үлесімізді қосқанымызға Аллаға шүкір деймін. Ол кезде халықтың жағдайы жақсы емес, көбісі базар жағалап кеткен заман еді. Арыстанбаб қасында 1991 жылы кесене бітіп ішіне мәңгілік жатқан жерінен топырағын әкеп, үлкен ас берілді, көптеген қараша үй тігілді, Истатай Топышов көкеміз үлкен бір машина жүзімді толтырып апарып қойғаны есімде.
Сол жылдан бері қарай мамыр айының соңғы аптасында жылда ас беріліп келеді. 2011 жылы Құрбан атаға, Желкілдек батырға, Өзбекәлі Жәнібековтың 80 жылдығына орай «Желкілдек батыр» қоғамдық қоры атынан үш жарым мың адамға Арыстанбабтың басында ас бердік. Республикалық деңгейде Отырар ауданы мәдениет сарайында ақындар айтысын ұйымдастырып едік. Ол туралы «Желкілдек батыр» кітабында жазылған. Ютуб каналында ақпараттар бар.
Арыстанбаб әулиенің кесенесіне жақын жерден «Құрбан ата» қайырымдылық қорының төрағасы Үмбет Жүсіпбаев ағамыз 2 гектар жер алып қоршап , мың жарым адамға ас беретін жай, демалатын қонақүй, басында қарауылдайытын отбасыға үй соғып, көгалдандырып көп қызмет жасады. Әрдайым ағамыз істейтін жұмысының жоспары туралы ақылдасып, атқарылған жұмыстары туралы жиналыс өткізіп, есебін беріп отыратын. Елге, ағайынға, бабаларға жасаған азаматтардың қызметтері бағаланып алғыс айтып отыру - біздің азаматтық парызымыз. Ағайынға, бабалар әруағына құран бағыштауға жасалған қызмет - айлық төленбейтін, жүрек қалауымен Алла ризалығы үшін жасалатын қызмет.
Жалпы кесененің Арыстанбаб әулиенің қасынан соғылуы өте құптарлық сол кездегі ағаларымыздың , әкелеріміздің көрегендігі еді. Себебі, Арыстанбаб әулиеге келген қаншама миллион халық Құрбан атаға да кіріп құран оқитыны ақиқат, әруаққа не қажет, әрина құран. Кейіннен Өзбекәлі Жәнібеков көкеміздің сүйегі сол Арыстанбаб әулиенің кесенесінің қасына жерленген, ақырет пен бұл дүниені қатар ойлаған ойшыл азаматтың қалауы солай болған. Құрбан ата кесенесі целикат кірпіштен салынған сол дәуірдегі ең сапалы, мықтысы болатын. Ол да оңайлықпен табылмай, Әмірхан Байжанов пен Амангелді Жұматаев ағаларымыз Қызылорда қаласынан жеткізіп бергенін елдің айтуымен білеміз.
Осыдан он шақты жыл бұрын академик Полат Қазымбетов ағамыз кесене ескірген, жаңадан шыққан кірпішпен қаптап, жаңа күмбез қойып , реканструкция жасайық деп бастама көтерді . Әрине халық Алланың бір аты деген, ол тарихи ескерткіш, ұлттық тарихты, мәдениетті сақтап ұрпаққа жеткізуіміз керек, өзгертуге болмайды деген кісілер де болды. Өзгертейік Арыстанбаб әулиге зират етуге шет елден де кісілер көп келеді, әдемі болғаны дұрыс деп қолдағандар да болды, біз қолдадық. Полат ағамыз Арыстанбаб әулиенің басына кесене соғу туралы ақылдасуға шақырды Қызылорда мен Түркістан қаласынан Құрбан ата қайырымдылық қорының төрағасы Үмбет аға , бизнесмен Шаяхмет аға, Астанадан Полат аға мен Көпен ағамыз , Құлыбаевтың жеке қонақүйінен бір бөлме алып сол жерде кездестік. Полат ағамыз қаржыны бүкіл ағайыннан жинамай, тек бір миллионнан, сол кездегі доллар бағамымен бес жарым мың доллар бере алатын жағдайы бар кісілерден жинайық деп ұсыныс айтты. Қаржыны жинап, Көпенге берейік деп еді, ешқайсымыз үндемедік , сонда Көпен ағамыз мен сері адаммын ақшаларыңды жаратып жіберіп жүрермін, басқа біреуің алыңдар деп күлдірді. Ақша жинаудан бәріміз қашып Полат ағаның өзіне қолқа салдық . Полат аға бірден бір миллон әкелгеннін көрсетті . Үмбет ағамыз бастамасы деп үш жүз елу мың бірден берді . Осылай кесенені реканструкция жасауға қаржы жинап, кәсіпкер жігіттерге хабарласып ұйымдастыру жұмыстарын бастадық. Мен бизнесмен Байқадам Әбласанов ағамыздан бір миллион теңге , доллар бағамымен есептегенде бес жарым мың доллор әкеліп Полат ағаға бердім. Содан кейін доллар бағамы 185 теңге ден 330 теңгеге көтеріліп , банкке долларлық депозитке жинаған қаржымыз екі есеге өскенін Полат ағамыз айтып еді. Бұл да болса Алланың, әулие бабабыздың біздің істеп жатқан ісімізге қолдауы болар. Ол кезде Түркістан қаласында Үмбет ағамыздың ресторанында немесе қонақүйлерінде жиі кездесіп тұрдық. Бизнесмен, құрылысшы Мұрат Бәйтілейев ағамыз құрылыс жұмыстарын бастан- аяқ алып шықты. Күмбезін Сақтаған ініміз әкеліп қойды. Өте керемет, архитектурасы әдемі кесене болып шықты. Ас берілді, елімізге белгілі көптеген қайраткер кісілер келіп қатысты. Біз академик Кенже Абдуллаев , тарих ғылымдарының докторы , профессор Жамбыл Артықбаев ағамызбен «Құрбан ата» қорының қонақүйінің бір бөлмесінде жатып сұхбат құрдық. Жамбыл ағамыз Құрбан атаның Қарабура кесенесіндегі көк тасында жазылған туған, қайтыс болған жылдары мен Арыстанбаб әулие қасындағы Құрбан ата кесенесіндегі жазылған жылдарында айырма бар екен, неге?- деп менен сұрады, мен оны тарих ғылымдарының докторы,профессор Ғазрет Тұрсын біледі,- деп құтылдым. Жалпы тарихта жиырма, он жыл деген көп айырма емес . Қарабура әулие 1103 жылы туған болса , Құрбан ата 1620 жылы туған . Өмір сүрген айырма уақыттары қаншама ғасыр, солай бола тұра жатқан зираттарының араларында талдан басқа бөліп тұрған ештеңе жоқ, ол да бір Алланың құдіреті болар. Сол жердің халқы «Құрбан қонақ зираты» деп атап келген екен. Сондықтанда , бабаларымыздың жатқан жерлері фердауси жәннәтінан болсын . Маңыздысы, артындағы ұрпақтары құран бағыштап тұруы. Жалпы пендешілікке салынып білместіктен , әулие бабаларымыздың рухына зиян келтіретіндей әрекеттерден аулақ болып, тек ислам дініне сәйкес діни мамандармен ақылдаса отырып әрекетімізді жасағанымыз дұрыс .
Жанарбек Айтбайұлы Орынбаев,
«Желкілдек батыр», «Перзент парызы»
қоғамдық қорларының президенті
06.04.2026 ж