Оқу-ағарту министрлігінің шұғыл жиынында Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова балабақша мен мектептегі қауіпсіздігі осал өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жағдайын бөлек айта кетейін. Алматы, Жетісу, Түркістан облыстарының балабақшаларындағы қауіпсіздікке ерекше көңіл аударуды сұраймын! Атап айтқанда, бұл өңірлердегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында дабыл түймесін орнату қажет. Сонымен қатар, Алматы, Атырау және Жетісу облыстарындағы балабақшаларды лицензияланған күзетпен қамту маңызды. Астана қаласы, Ақмола және Абай облыстарындағы балабақшаларды турникеттермен қамтамасыз ету орынды. Жедел әрекет ортылықтарының назарын Алматы, Ұлытау және Абай облыстарындағы мектептерге аударын сұраймын! Қостанай, СҚО, Түркістан облыстарындағы білім ордаларына қажетті деңгейде лицензияланған күзет керек деп есептейміз. Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстары бойынша дабыл түймелері де жеткілікті болуы тиіс. Ал Түркістан, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарындағы мектептерде турникеттердің болуына ерекше назар аударуды сұраймын», - деп мәселе көтерді Насымжан Оспанова.
Сонымен қоса, жиын барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Орта білім комитетіне оқушылар үшін арнайы қауіпсіздік сабақтарының циклін әзірлеуді тапсырды. Бұған қоса, мектепке кіретін адамдар тобына бақылауды күшейтуды жүктеді.
Қоса кетсек, бұған дейін ведомствоның шұғыл жиынында Петропавл мектебінде болған оқиғаның мән-жайын баяндалып, тексеру нәтижесінде анықталған алдын ала деректерді жарияланған еді.
Еске салайық, кеше Петропавлда 9 сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ ала келіп, 3 оқушыны жарақаттады. Кейін зардап шеккен екі балаға ота жасалды.
Бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берген Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов аталған мектепте лицензиясы бар күзет қызметі болмағанын мәлім етті.