Референдум

Қызылордада сотталғандар «Жас Алаш. Шындық шырағы» драмалық қойылымын тамашалады

9
0

Заң мен тәртіп тұжырымдамасын тиімді іске асыру, сондай-ақ сотталған азаматтардың рухани және мәдени дамуына жағдай жасау мақсатында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 37 мекемесінде жазасын өтеушілерге арналған мәдени шара ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында жазасын өтеуші азаматтар қалалық жастар театрының «Жас Алаш. Шындық шырағы» атты драмалық қойылымын тамашалады. Қойылымның негізгі мазмұны – ел тарихындағы тағдырлы кезеңдерді, Алаш арыстарының ерлігі мен әділдік жолындағы күресін көрсету арқылы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мекеме әкімшілігінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл мәдени шара сотталған азаматтарды адамгершілікке, өз ісіне сын көзбен қарап, қоғамға қайта бейімделуге тәрбиелеуге бағытталды.

Іс-шара барысында сотталған азаматтар қойылымнан алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай шаралардың олардың рухани өсуіне зор ықпал ететінін атап өтті. 

«Бұл қойылым бізге ұлттың бірлігі мен әділдікке деген сенімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Әркімнің өмірінде қателік болуы мүмкін, бірақ бастысы – сол қателіктен сабақ алып, түзелу жолына түсу», – деді сотталған азамат.


Мекеме бастығының орынбасары Ернияз Жеңіс өз сөзінде: – Сотталған азаматтарды қоғамнан оқшаулай отырып, олардың сана-сезіміне оң ықпал ету – біздің басты міндетіміз. Рухани және мәдени іс-шаралар адам бойындағы ізгі қасиеттерді оятуға, оларды түзелу жолына ынталандыруға бағытталған. Осындай тәрбиелік бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деп атап өтті.




Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: