Балқаш көлі Аралға ұқсас экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған ҚР Су кодексі жобасының тұжырымдамасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қолайсыз климаттық және антропогендік су-ресурс жағдайының дамуы Қазақстанның басқа да бірқатар трансшекаралық өзен бассейндеріне, оның ішінде Іле-Балқаш өңірі мен Жайық-Каспий бассейніне қауіп төндіреді. Мамандардың бағалауынша, Балқаш көлі Аралға ұқсас экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін. Көл деңгейі тау мұздықтарының тез еруі арқылы қоректенеді, ал Қытай мұнай өнеркәсібінің қажеттілігі үшін Іле өзенінен алынатын суды көбейтуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, көлдің ауыр металдармен және өнеркәсіптік кәсіпорындар сульфидтерімен ластануы жалғасуда. Сондай-ақ, Ертіс өзені бойынша да қауіпті жағдай қалыптасқан. Қытай алдағы уақытта су алуды жылына төрт-бес текше метрге дейін ұлғайтады, бұған себеп - осы аумақтағы демографиялық процестер. ҚХР қоныс аудару бағдарламасын пайдалана отырып, округ халқын 100 млн адамға дейін жеткізуді және суармалы жерлер ауданын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін Қытай Қара Ертісте гидротехникалық құрылыстар салып жатыр», - делінген тұжырымдамада.
Сонымен қатар, құжатта 2030 жылға қарай трансшекаралық өзендердің ағыны шамамен 10-15%-ға қысқаруы ықтимал екені жазылған.
Оны шешу үшін ҚР Су кодексін қабылдап, ол арқылы ресурстарды пайдалануды реттеу мәселесін жетілдіруді қолға алмақ.
Сонымен қоса, суды үнемдеу шаралары қабылданып, жаңа технологияларды енгізу мүмкіндіктері қарастырылады.