Тұтынушылар құқығы қорғалуда

3
0


Осы жылдың І тоқсанында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласына тұтынушылар тарапынан 117 өтініш келіп түскен. Оның басым көпшілігі- бөлшек сауда саласына байланысты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға жоғары.  Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов биылғы  алғашқы тоқсанда атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы баянадады.

– Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті есепті кезеңде сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғауда Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы»  және Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңдарына сәйкес өз өкілеттігі шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарды. Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 9 бабына сәйкес   ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын беру шартында көрсетілген, өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда арқылы берушінің сатып алу бағасының он бес пайызынан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін белгілейді. Бұл ретте ішкі сауда субъектілері әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерлерін арттырған кезде ішкі сауда субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады. Осыған сәйкес Департамент жүргізген жұмыстардың қорытындысымен  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерін сақтау бөлігінде кейбір нарық субъектілерінің сауда үстемесінің шекті мәнін асырып сатқан фактілер анықталды. Атап айтсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 19 кәсіпкерлік субъектісінен заң бұзушылықтар анықталып,  Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-4 бабының 1 тармақшасына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 Бізге келіп түскен 117 өтініштің 72-сі бөлшек сауда саласы бойынша болып отыр. Атап айтсақ, сапасыз тауарды айырбастаудан, қайтарудан бас тарту және 14 күн ішінде тиісті сападағы тауарды айырбастамай, тұтынушыларды алдап, сапасыз тауар ұсыну. Одан бөлек, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтері саласы мен электрондық сауда, қоғамдық тамақтану салалары бойынша да бірнеше құқық бұзушылық өтініш келіп түсті. Аталған өтініштерді заңға сәйкес қарау қорытындысымен 62 өтініш қанағаттандырылды. Ал, 3 өтініш түсіндіріліп, 44 өтініш басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Нәтижесінде, тұтынушыларға барлығы 6,4 млн теңгенің қаражаты қайтарылуына ықпал жасалды. Бұдан басқа, 2024 жылдың І тоқсанында "Сапалы өнім" жобасы қоғамдық тұжырымдамасы аясында ішкі нарықта отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қорғау мақсатында сапасыз және қауіпті тамақ өнімдеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Сараптама қорытындысы бойынша 5 өнімнен, атап айтқанда қаймақ, сүзбе және шикі ысталған шұжық өнімдерінен таңбалаудағы сәйкестіктер және мемлекеттік тілде ақпараттар жоқтығы анықталса, қалғандары талапқа сай келді, - деді Ерқасым Жайбергенұлы.

Сонымен қатар спикер заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп, қазіргі таңда Мәжілісте қаралып жатқанын жеткізді. Аталған заң жобасына сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылады. Омбудсмен мәртебесі Қазақстан тұтынушыларының құқықтарын қорғау саласындағы жүйелі проблемаларды мемлекеттік биліктің жоғары деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді. 


Сурет Өңірлік коммуникациялар қызметінен



Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: