Референдум

Арал ауданының айшықты тірлігі

12
0


Бірінші жартыжылдықта ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім бар. Жыл басынан бері ауданға 16,5 млрд-тан астам инвестиция тартылып, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен өсім 1,8 есеге жетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникацилар қызметінде өткен бриифнгте аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев баяндады. 

Ауданның кірісі осы жылдың 6 айында 7,6 млрд теңгеге орындалып, болжам 102 пайызға артты. Оның ішінде, өз түсімдері 2,6 млрд теңге болып, 114,4 пайызға артық орындалды. 

- Өнеркәсіп орындары 18,2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 5,1 пайызға жетті. Оның 70 пайызы өңдеу саласына тиесілі болып, 11,6 млрд теңгенің өнімі шығарылды. 2025 жылы аудан көлемінде жалпы құны 13,1 млрд. теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде «Ase Invest» ЖШС-нің «Тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру» жобасы мамыр айында жұмысын бастады. Жоба құны 300 млн. теңгені құрап, 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Қалған 5 жоба жыл соңына дейін іске қосылады.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4853-ті құрап, оның 96,3 пайызы тұрақты жұмыс істеуде. Мемлекеттік бағдарламалармен қаржы институттары арқылы 739,6  млн теңгенің 56 жобасы несиелендірілді. Сондай-ақ, 114,8 млн теңге болатын 73 жоба грантқа ие болды,- деді аудан әкімі.  

Ауыл шаруашылығы саласында 3,5 млрд теңгенің өнімі өңделіп, өсім 101,8 пайызды құрады. Алты айда аудандағы мал басы 249,1 мың басқа  жетті. 983 гектар жерге егін егілді. 

Қазіргі таңда ауданда жылдық қуаттылығы 23900 тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның ішінде, 2 кәсіпорында Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісі бар. Бұдан бөлек 15-ке жуық балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехтары жұмыс істеп тұр.

- Бүгінгі күні, ауданда тауарлы балық өсіру шаруашылығын дамыту -басты міндеттердің бірі. Қазіргі таңда тауарлы балық өсірумен 16 шаруашылық айналысуда. Оның ішінде 7 көл тауарлы балық өсіру шаруашылығы, 8 тоған және 1 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы балық өсіру шаруашылықтары жұмыс жүргізіп келеді. 

Қосымша жыл соңына дейін тағы 2 тоған шаруашылығын іске қосу жоспарлануда.

Ауданымыздың 5 ауылдық округте (Қарақұм, Сазды, Аққұм, Жіңішкеқұм, Қосаман) жайылымдылық және шабындық жерлерге біріншіден киіктер зиян тигізсе, жаппай шегіртке басып мал шаруашылығына айтарлықтай қиындық келтірді. Біз қазіргі таңда осы жағдайлардың салдарымен күресіп жатырмыз. Осыған байланысты аудан бойынша 2025-2026 жылдардың мал қыстату науқанына, 181,5 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланды. Қазіргі кезде қалдық шөп 94,5 мың тонна мал азығы бар. Бүгінгі күнге 3865 тонна шөп дайындалса, оның ішінде, 529 тонна жоңышқа пресі сатып алынды. Бұл жұмыстар жыл көлемінде жүргізіледі,- деді Аманжол Сақыпұлы. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, үкіметке экологиялық ақуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға тапсырма берген болатын. Тапсырмаға сәйкес Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 5 жыл ішінде 1,1 млн. га сексеуіл егу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Арал теңізі құрғаған ұлтанының көлемі 4,5 млн. га құраса, оның 2,2 млн. га жері Қазақстан Республикасына тиесілі. Осыған сәйкес елімізде биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөнінде ұзақ мерзімді кешенді жоспар бекітілді. 2021 жылдан бастап, 2025 жылдың көктем мезгіліне дейін Арал теңізінің құрғаған табанындағы 790,9 мың гектарға сексеуіл көшеттері мен тұқымдары егілді. Жоспар бойынша осы жылдың күз айында 15 мың га жерге сексеуіл көшетін отырғызу, 85 мың гектер жерге тұқым себу жұмыстары жүргізіледі.

    - Арал теңізі мәселесіне шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назарын аудару, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды жобалар ел Үкіметінің және аймақ басшысының тікелей назарында екенін айта кеткен жөн. Осы мәселелер бойынша ауданға бірнеше мәрте үкіметтік делегация өкілдері келді. Тіпті әлемдік, халықаралық банктер мен қорлардың өкілдері экологиялық апат аймағында болып, теңізге деген жанашырлықтан туындаған әр бастамаға қаржылай қолдау беріп, жобаға жан бітіруге ынталы, - деп атап өтті аудан әкімі.    

Ауданда құрылыс саласында да айтарлықтай өсім бар. Жыл басынан бері 6,3 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 2,2 млрд теңге болатын 15 мың 525 шаршы  метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Халықты  сапалы  ауыз  сумен  қамтамасыз  ету  мақсатында биылға барлығы 8,3 млрд теңге (12,8 млрд. теңге) қаржы бөлінді. Бұл қаржыға жалпы 318 шақырым ауыз су желілері жүргізіледі. Қазіргі таңда Ақбасты (125 шқ) елді мекені толықтай орталықтандырылған  ауыз  су  желісіне қосылса (жоба құны – 2,4 млрд.тг.), Тоқабай, Абай (138,6 шқ) елді мекеніне ауыз су жеткізуді мерзімінде аяқтауға күш салынуда (жоба құны - 8,0 млрд.тг.). Сонымен қатар Ерімбетжаға (23,7 шқ.), Тастүбек (30,7 шқ.),  елді мекендеріне ауыз су желісін тарту жобасына барлығы 2,2 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде. Аудан әкімінің айтуынша, осы бастамалардың нәтижесінде ауданды таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 95,9 пайызға жетеді.

Халықты баспанамен қамту - мемлекет үшін қашан да басым бағыттардың бірі. Ұлттық жобалар аясында кейінгі 3 жылда ауданда 3,6 млрд теңгеге 286 пәтер салынып, пайдалануға берілді. Өткен жылдың өзінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген 2,2 млрд теңгеге салынған 150 пәтерге жыл басында тұрғындар қоныстанды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады. Ағымдағы жылы 100 пәтер сатып алуға 1,5 млрд теңге қаражат қаралды. 

- Өздеріңіз білесіздер жақында құны 1,7 млрд теңге болатын «Руханият» орталығы ел игілігіне пайдалануға берілді. Ғимаратқа аудандық орталық және балалар кітапханалары, аудандық тарихи-өлкетану музейі, аудандық архив филиалы, хал актілерін тіркеу бөлімі, жастар ресурстық орталығы, үкіметтік емес ұйымдар орналастырылды.

«Ауыл – Eл бесігі» бағдарламасы аясында Шижаға елді  мекенінде денешынықтыру - сауықтыру кешенінің (жоба құны – 454,867 млн. теңге) және Аманөткел ауылында 150 орындық клубтың (жоба құны – 611,763 млн. теңге) құрылысы жалғасуда.

Ауданды газдандыру бойынша кейінгі 3 жылда 6,8 млрд теңгеге 228,3 шақырым газ желісі жүргізілді. Бүгінде аудан халқының 71,2 пайызы газбен қамтылған. Оның ішінде, Арал қаласындағы №4, №5, №6 мөлтек аудандары және Сексеуіл кенті мен Шижаға елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды.

    Ауданның Сыр беткейіндегі жұртшылық үшін жағымды жаңалық - құны 6,3 млрд. теңгені құрайтын Қамыстыбас елді мекенін газдандырудың автоматты газ тарату стансасы құрылысы басталды. Бұл станса арқылы 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық халыққа кезең-кезеңімен көгілдір отын жеткізуге мүмкіндік туады.

Осы тұста айта кетерлік жақсы жаңалық, Қамыстыбас ауылында жеткізуші газ құбыры мен кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысы басталатын күн де алыс емес. Қазіргі таңда құрылысты жүргізетін мердігер мекеме анықталды («Сырэнергогазстрой» ЖШС мекемесі.  Жоба құны 1 млрд. 149, 630 млн теңге), - деді А.Оңғарбаев.

Жалпы аудан бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 783,4 шақырым болса, оның 421,1 шақырымы яғни 53,8 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 2025 жылға көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында барлығы 4,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Мамыр айында құны 2 млрд. 887 млн.теңгені құрайтын ірі жобаның бірі – темір жол үстінен өтетін аспалы көпір халық игілігіне пайдалануға берілді. 

    - «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Шөміш-Аралқұм (10,59 шқ)» автомобиль жолын салу, Хан елді мекені маңындағы Сырдария өзені арқылы өтетін қалқымалы көпірді реконструкциялау, «Самара-Шымкент-Бекбауыл (1,2-22,4 шқ)», «Арал-Жалаңаш (39-52; 52-62 шқ)» жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүруде.

    «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы арқылы өткен жылы бастау алған жоба құны 1 604,9 млн.теңге болатын Арал қаласы, Бақтыбай батыр көшесінің автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарына ағымдағы жылы 976,1 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, былтыр басталған Арал қаласындағы 7 көшенің автомобиль жолының құрылысына биыл 202,5 млн.теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жалғасуда. Жоба 2026 жылға өтпелі.

    «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы қолға алынған Жақсықылыш кентіндегі 12 көшенің автомобиль жолының құрылыс жұмыстарына биыл бюджеттен 316,5 млн.теңге бөлінді. Сонымен бірге, ағымдағы жылы жоба құны 506,5 млн. теңге болатын Жақсықылыш кентіндегі 3 көшенің, Қаратерең елді мекеніндегі 1 көшенің және Қосжар елді мекеніндегі 1 көшенің автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткізіліп, асфальт жабындысы толықтай төселсе, Сексеуіл кентіндегі 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жыл басында Арал қаласында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Сексеуіл кентінде де дәл осындай білім ордасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Тоқабай елді мекеніндегі №248 орта мектебінің негізгі оқу корпусы жыл басында пайдалануға берілген болатын. Биылғы жаңа оқу жылына дейін мектептің қосымша екі блогының құрылысы толықтай аяқталады.    

    Көптен бері көтеріліп келе жатқан Мергенсай ауылдық округіндегі мектеп мәселесі шешімін тапты, құны 2 млрд. 333 млн. теңге болатын 150 орындық жаңа мектептің құрылысы  басталды. Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінің көне ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарына 427,3 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде. Аудандағы №263, №62 және №177 орта мектептерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына 143 млн. 813 мың теңге бөлінді.

    Саладағы тағы бір жағымды жаңалық, Арал қаласындағы №220 орта мектебі Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің қатарына енсе, Жарасхан Әбдірашов атындағы №62 мектеп-лицейінің екі ұстазы Қазақстанның ТОП-50 финалисті қатарынан көрінді (Алтынбек Киікбаев-информатика пәні, Гүлсара Баймаханова-бастауыш сынып мұғалімі).

    Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Жыл басында Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухананы ел игілігіне табыстадық. Тоқабай ауылынан соңғы үлгідегі медициналық амбулатория салынып, қазіргі таңда халыққа сапалы қызмет көрсетуде. 

    «Ұлт саулығын нығайту» жобасы аясында орталық  аурухана жанынан 17 төсектік нейро-инсульт, 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржай (құны 2,3 млрд теңге) құрылысы басталды. Оған МРТ және ангиограф қондырғылары орнатылатын болады. Осы арқылы аудан тұрғындары өзге аймақтарға сандалмай өз жерінде тиісті ем алуына мүмкіндік туады. Сондай-ақ, тозығы жеткен жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Оған қоса, Арал қаласының Шанхай, Жаңауыл мөлтек аудандарынан тәулігіне 250 келушіге арналған емхана құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жоба құны – 6,6 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі таңда жобаны қаржыландыру бойынша тиісті салалық министрліктерге ұсыным жолданды.

    Арал қаласында орналасқан «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы қайта жаңғыртудан өтуде. Нысан жақын арада  ашылатын  болады. Оңалту орталығында Қазалы ауданының және Ақтөбе облысының Шалқар ауданының балаларына медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда орталықта ішкі жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр,- дейді аудан басшысы.

Сурет Өңірлік коммуникациялар қызметінен

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: