«Ұлттық қор – балаларға» жобасы: Бір балаға аударылатын қаражат сомасы қанша

7
0

ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында аударылатын қаражат туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қаржы министрлігі 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу тәсілдерін әзірледі. Осы жоба бойынша ұсынылған тәсілдер Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте, сараптамалық қоғамдастықпен және басқа алаңдарда талқыланып жатыр. Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлінеді», - деді Дәурен Темірбеков Сенат депутаттарымен кездесу кезінде.

Оның айтуынша, жекелеген кезеңдерде инвестициялық табыс теріс мәнде қалыптасуы мүмкін. Осы орайда инвестициялық кірістің мөлшерлемесін өткен жылдардағы орташа жылдық шаманың негізінде айқындау жоспарланып отыр..

«Алдын ала бағалау бойынша мұндай тәсіл осы бағдарлама аясында туғаннан бастап қамтылатын балаға жыл сайын 150-160 АҚШ доллар көлемінде 18 төлем алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша көп жылдық тәжірибені ескере отырып, жоба операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы айқындалады», - деді вице-министр.

«Ұлттық банк осыған дейінгі жылдардағы Ұлттық қордың орташа табыстылығын ескере отырып, инвестициялық табыстың 50% есептейтін болады. Инвестициялық табыс мөлшерлемесін алдағы 18 жылдағы орташа жылдық мән деңгейінде айқындау ұсынылады. Бұл тұрғыда бала жинақтарының болжамды сомасы шамамен 3 500 АҚШ долларын құрауы мүмкін. 18 жасқа толғанға дейін ақша Ұлттық қорда қалады және инвестицияланады», - деді Дәурен Темірбеков.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылатынын айтқан болатын. Осы ретте жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын балалардың жеке шотына аударып отыруды ұсынды. Ауқымды жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылмақ.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: