Енді Энергетика министрлігіне стационарлық жанармай құю станциялары арқылы бөлшек саудада өткізуге арналған дизель отынының шекті бағасын реттеу құзыреті берілмек. Бұл туралы аталған ведомство ашық талқыға шығарған Үкімет қаулысының жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Энергетика министрлігі бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін стационарлық автожанармай құю станциялары арқылы бөлшек, көтерме саудада өткізуге шекті бағаларды белгілейді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызды мәні бар және Қазақстан Республикасының экономикасына елеулі ықпал ететін мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізу бағаларына мемлекеттік реттеу тәртібін әзірлейді және бекітеді», - делінген қаулы жобасында.
Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде көрсетілгендей, министрлікке мұндай қосымша құзырет беру дизель отынының тапшылығын тежеуге мүмкіндік бермек.
«Күтілетін нәтиже - бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін стационарлық автожанармай құю станциялары үшін көтерме және бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу жолымен дизель отынының тапшылығын тежеу. Қаулы жобасын қабылдау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге мүмкіндік береді», - деп көрсетілген түсіндірмеде.
Айта кетейік, аталған қаулы жобасы 30 қаңтарға дейін ашық талқылауда болады.