Дене шынықтырумен айналысатын балалар санын 2 есе арттыру қажет - Көлгінов

7
0

Дене шынықтырумен айналысатын балалар санын 2 есе арттыру қажет. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Спортты дамытуға арналған жаңа тұжырымдаманы жеделдетуіміз қажет. Бұл жаңа тұжырымдамада бүкіл көрсеткіштер, алдымызда тұрған мақсат-міндеттер көрсетілуі тиіс. Әсіресе, жасөспірімдер, жастарды спортқа баулу, оның ішінде кәсіби спортшыларымызды дамыту мәселелері қамтылуы қажет. 2023, 2024 жылдары, жалпы алдағы 7 жылдық мерзімде қандай нәтижеге қол жеткізуіміз керектігі тұжырымдамада белгіленуі керек», - деді Үкімет басшысының орынбасары Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Сонымен қатар вице-премьер спорт мәселесі бойынша әзірленетін заң жобасында балалар спортын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылуы тиістігін атап өтті.

«Алдымызда дене шынықтырумен айналысатын балалар санын 2 есеге арттыру міндеті тұр. Бұл біздің қолымыздан келетін міндет. Ол үшін бірлесіп жағдай жасауға тиіспіз. Мемлекеттік спорттық тапсырысты тиянақты іске асыру маңызды. Осында айтылған ұсыныстарды жан-жақты пысықтау қажет. Біреулер бәсекелестікке жол беру керектігін айтты. Ол да дұрыс. Кемшіліктер бар. оларды да шешу қажет. Мұның бәрін жергілікті атқарушы органдармен пысықтаңыздар. Содан кейін тиісті шешім қабылдау керек», - деді Алтай Көлгінов.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: