«Алтын күз – 2026»: 1200 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды

3
0

Фото: облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Ақмаржан» агромәдени фестивалі аясында Қызылорда қаласында өткен «Алтын күз – 2026» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралады.

Жәрмеңкеде барлық аудандар мен Қызылорда қаласының шаруалары тұрғындарға 450 жүк көлігімен 1200 тоннадан астам өнім ұсынды. Өнімдер нарықтағыдан төмен бағамен сатылуда.

Сауда сөрелерінен Сырдың брендіне айналған ақ күріш, Аралдың балығы мен ас тұзы, табиғи сүт өнімдері, ет, көкөніс, жеміс-жидек және бақша өнімдері табылады.  Әсіресе, балық, құрт, ірімшік, күріш, көкөніс пен жеміс-жидекке тұтынушылар сұранысы жоғары болды.

 Қармақшы ауданынан 70 көлікпен 150 тоннаға жуық өнім жеткізілсе, Жалағаш ауданының шаруалары 200 тоннаға жуық өнім ұсынды. Сырдария ауданынан 50 көлікке тиелген 200 тонна өнім әкелінді.

Арал ауданынан 75 тоннаға жуық өнім, оның ішінде 15 тонна балық, 25 тонна көкөніс, 25 тонна жеміс-жидек, 3 тонна ас тұзы және 5 тонна ет өнімдері жеткізілді. Теңізді өлкенің балығына тұрғындар ерекше қызығушылық танытты. 

Қазалы ауданының шаруалары күріш, ет, балық, көкөніс, бақша өнімдерімен қатар,  Қазалы кәмпиттерін де ұсынды. Тұрғындар 10–15 пайыз төмен бағамен сатып алды.

Жаңақорған ауданынан 50 көлікпен 65 тонна картоп, 25 тонна асқабақ, 60 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек саудаға шықты. Сатылымда ет, балық және кондитерлік өнімдер де бар.

Қызылорда қаласының жәрмеңкесінен тұрғындар  күріш, ет пен балық, қауын-қарбыз, картоп, сәбіз, пияз, асқабақ, көкөніс, жеміс-жидек, сүт және кондитерлік өнімдер сатып алды. 

Ал Тасбөгет кентінің орталық алаңында Шиелі ауданының шаруалары 150 тоннадан астам өнімін  ұсынды. Тұрғындарға күріш, картоп, бақша өнімдері, асқабақ, ет, сүт, көкөніс және бакалея өнімдері,  сонымен қатар 30 бас тоқты әкелінді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [✔] *:

[/available]