СҚО мектебінде оқушы балтамен жарақаттаған балалардың қазіргі жағдайы қалай

35
0

 Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы 9-сынып оқушысының қолынан зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен екі бала бүгін жарақат бөлімшесіне ауыстырылды.

«Қазір балалардың жағдайы орташа ауыр, бірқалыпты. Хал-жағдайлары да тұрақты, есін біледі, сұрақтарға жауап беріп жатыр. Жүйелік органдар бойынша ерекшеліктер жоқ. Гемодинамика тұрақты. Емдеу диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Балалар травматолог, невропатолог және нейрохирургтың бақылауында», - делінген хабарламада.

Естеріңізге салайық, Петропавлдағы №4 мектептің 9-сынып оқушысы сабаққа балта-пышақпен қаруланып келіп, үш баланы жарақаттаған еді.

Балалардың біріне емдеу мекемесінде көмек көрсетіліп, кейін амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілді. Ауыр жарақат алған екі балаға шұғыл түрде ота жасалып, жансақтау бөліміне жатқызылды.

Бұған дейін Петропавлда жұмыс тобының құрылғанын айтқан едік. Комиссия мектептердің қауіпсіздік құралдарымен қаншалықты қамтылғанын тексереді.

Бүгінде өңірде 465 мектеп болса, соның барлығы 12 мың бейнекамерамен қамтылған.

Алайда ережеге сай болуы тиіс турникеттер мен мамандандырылған күзет білім ордаларының тек жартысында ғана бар.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: