Қызылордадағы лицензиясы тоқтатылған университет студенттері мен оқытушылары мәселесі назарда

281
0
Қызылордадағы «Болашақ» университетінің білім беру лицензиясының тоқтатылуына байланысты соңғы күндері ата-аналар мен студенттер тарапынан алаңдаушылықтар бар. Бес мыңнан аса студенттің оқу жағдайына қатысты мәселе кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында қаралды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселеге орай Сыр еліне іссапармен келген Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Артур Еділханов университет лицензиясын тоқтату туралы ұйғарым  бірнеше мәрте бақылау жүргізілгеннен кейін, сот шешімімен қабылданғанын атап өтті. Бұл ретте министрлік өкілі университеттің оқытушылары және студенттерімен кездесіп, заңнамаға сәйкес түсіндірме ұсынды. Білім алушылардың оқуын басқа оқу орнында жалғастыра алатынын және маңыздысы төлемақысын бұрын төлеп келген деңгейде осы оқу жылына сақталатынын тілге тиек етті.
Жиында облыс әкімі білім алушыларды заң шеңберінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне және басқа облыстар мен қалаларда орналасқан жоғары оқу орындарына ауыстыру жұмыстарын үйлестіру маңызды екенін алға тартып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Министрлік үшін басымдыққа ие мәселе – бұл студенттердің заңды мүдделерінің сақталуы, олардың өз оқуларын жалғастыруға мүмкіндік қалыптастыру.
Сондықтан да, «заң бойынша білім алушыларды басқа оқу орындарына орналастыру бұл құрылтайшының міндеті» деген ұстаным жоқ. Оның орнына, лицензиясынан айырылған Университеттің білім алушыларын мамандықтары бойынша көршілес оқу орындарына ауыстыру мүмкіндіктері зерделенді.
Отырыста Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова «Болашақ» университетінің студенттері мен мұғалімдерін заңға сай қабылдап, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досманбетов сөз алып, жағдайға қатысты пікір білдірді.
Жиын соңында облыс әкімі білім ордасы басшылығының уәжі мен ата-ана, студенттерінің өтініштеріне сай жұмысты үйлестіру үшін нақты шаралар қабылдауға тиіспіз деді. Ең алдымен университетте білім алатын 5491 студенттің әрі қарай білім алуын жалғастыруын және 176 оқытушы-профессор, 43 техникалық персоналдың жұмыссыз қалмауын заңдылықтар аясында қарап, тиісті әрі оңтайлы шешілуіне жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Бірлескен талқылау нәтижесінде білім алушылар үшін де, ата-аналар үшін де барынша оңтайлы шешім қабылданады.
Қорқыт ата университеті тарапынан студенттер үшін оқу ақысы бұрынғы төлеп келген деңгейде осы оқу жылына сақталады.
Ауысып келген білім алушылар үшін жаңа оқу топтары ашылып, барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етіледі.
Оқу жүктемелерінің көлеміне қарай, профессорлық-оқытушылық құрам үшін арнайы конкурс рәсімдері өткізіліп, нәтижесі бойынша еңбек шарттары жасалады.
Егер Жоғарғы сотта Универистеттің шағымы қанағаттандырылса, онда Министрліктің лицензияны кері рәсімдеп беруі заңмен міндеттелген. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: