Ұлыбритания соңғы он жылдағы ең ауыр тұмау маусымын бастан өткеріп жатыр

2
0

Ұлыбританияда кейінгі он жылда тіркелген ең күрделі тұмау маусымы өтіп жатыр. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік хатшысы Стив Барклай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

«Тұмау биылғы маусымды ерекше қиындатты. Кейінгі жылдарда болмаған тұмау маусымына тап болдық. Былтыр осы уақытта тұмаумен ауруханаға түскендер саны 50 адам болса, биыл 5100-ден асады. Тұмау ерте әрі тез басталып, қарашадан желтоқсанға дейін жеті есе көбейді», - деп атап өтті Стив Барклай британ парламентінде сөйлеген кезінде.

Оның айтуынша, тұмау эпидемиясы коронавирус пен А топты скарлатина, стрептококк сынды басқа да инфекцияларымен қатар жүріп жатыр.

«Тұмау мәселесі ковидтің орнын басты. 9 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырып, ауруханада жатыр. Ал А тобындағы скарлатина мен стрептококктың көбеюі шұғыл жәрдем қызметіне қосымша күш түсірді», - деп атап өтті британдық Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Бұл жағдайды еңбекақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен медицина қызметкерлерінің ереуілдері тіпті қиындатып жіберді.

Стив Барклайдың медицина қызметкерлерінің мүддесін қорғайтын кәсіподақ өкілдерімен келіссөзі дүйсенбі күні сәтсіз болды.

Енді Англия мен Уэльс жедел жәрдем қызметкерлері 11 және 23 қаңтар күндері, ал олардың Солтүстік Ирландиядағы әріптестері 26 қаңтарда ереуілге шығады.

Ал Англияда медбикелер 18-19 қаңтарда пикет ұйымдастырады. Шотландиялық медиктер де жақын арада ереуіл күнін белгілейді.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: