Облыстық перинаталдық орталығында қуанышты оқиға орын алды. Жүктіліктің 23 аптасында дүниеге келген кішкентай Айдана үйіне шықты. Баланың салмағы туған кезде 740 гр, бойы қағаз парағының көлеміндей, 34 см болған.
Босанғаннан кейін олар ауруханада жалпы 75 күн жатқан. Оның 51 күні - нәрестелер жансақтау бөлімінде, қалғаны нәрестелер патологиясы бөлімінде болған.
«Қыз күтетінімді білгенде біз үшін үлкен қуаныш болды. Жүктілік асқынусыз жақсы өтті. Бірақ 23 аптада су кетіп, мерзімінен бұрын толғақ басталып кетті. Салмағы 740 грамм болып Айданамыз дүниеге келді. Білікті мамандардың, тәжірибелі дәрігерлердің арқасында менің қызым аман қалды», - дейді сәбидің анасы Назерке Жаппасбаева
2 ай ішінде дәрігерлер мен медбикелер нәрестеге үйренісіп, оны жақсы көріп кетті. Бұл уақыт ішінде ол өсіп, денсаулығы шыныға түсті. Перинаталдық орталықтан шығару кезінде оның салмағы 2000 граммды құрады.
«Бала экстремалды өте төмен дене салмағымен дүниеге келгендіктен, оның жағдайы, тыныс алуы ауыр болды. Анасының құдіретті сезім-махаббаты мен мықты неанотологтар, білікті мамандардың ерекше күтімінің арқасында баланың денсаулығында қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - деді нәрестелер патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Шынар Дастанқызы.
Жыл сайын Облыстық перинаталдық орталығында 990 граммға дейін шамамен 70 сәби дүниеге келеді.