Фото:
Анаға тағзым
«Анаға тағзым» орталығы ұйытқы болған «Рух керуені» кешенді жобасының екінші кезеңі Жаңақорған ауданында жалғасын тапты. «Руханият» орталығының базасында «1 мамыр – Бірлік күніне» орай «Ынтымақ пен бірлік – елдің тұтастығы» атты мәдени-танымдық шара ұйымдастырылды.
Келелі кездесуде орыс, кәріс, татар, түрік, әзірбайжан және өзге де этнос өкілдері өнерлерін көрсетіп, бірлік, достық пен татулықтың маңызын дәріптеді. Ұлттар арасындағы сыйластық пен өзара құрметтің қоғам тұрақтылығындағы рөлін кеңінен насихаттады.
Мұнан соң, кітапхана, музей, АХАТ, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар ресурстық орталығы және архив қызметкерлеріне арналған оқыту семинары болды.
«Руханият» орталықтарындағы 7 мекемені орталықтандырылған жүйеге көшіру, олардың жұмысын жаңа деңгейге көтеру және тәжірибе алмасуды мақсат еткен кешенді жоба аясында «Анаға тағзым» орталығының қызметкерлері Феруза Оңталап пен Гүлсім Нұрланқызы «Руханият» брендін қалыптастыру, шараны ұйымдастыру мен ақпараттандырудың негізгі бағыттарын түсіндірді. Мобилограф Нұрмұхасан Әуезхан видео түсіру мен монтаждаудың негізгі қағидаларын тәжірибе жүзінде үйретсе, арт-тренер Айгерім Ізбанова ұжымдағы татулық мен ынтымақтастықты арттыруға бағытталған арт-терапия өткізді.
Кешенді жоба аясында оқыту семинарлары алдағы уақытта аймақтың солтүстік аудандарында жалғасын табады.