Фото: Қоғамдық даму басқармасы
Бүгін Қызылорда қаласындағы «Отбасы» орталығында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бар мейірім – балаларға» тақырыбында ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Балаларды қорғау күні – өскелең ұрпақтың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды мереке. Бүгінгі ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсаты – ерекше балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсету, сондай-ақ ата-аналарға құрмет білдіру және инклюзивті қоғам құндылықтарын дәріптеу.
Мерекелік жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов қатысып, балалар мен олардың ата-аналарын айтулы мерекемен құттықтады.
– Жаздың алғашқы күніндегі бұл жарқын мереке – балаларымыз үшін мейірім мен қамқорлықты ұлықтайтын ерекше күн.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкендердің қолдауын сезінуі өте маңызды», – деп атап өткен болатын. Бұл – ел ертеңіне деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Бүгінде өңірімізде жас ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбие алуына, шығармашылық және зияткерлік тұрғыдан дамуына қажетті жағдай жасалуда. Мемлекет тарапынан ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беріліп келеді. Сіздер әрдайым қоғам мен мемлекеттің басты назарындасыздар. Сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасала береді. Біздің басты міндетіміз – әрбір баланың өз қабілетін толық ашуына мүмкіндік жасап, олардың бақытты өмір сүруіне жағдай қалыптастыру», – деді Руслан Мұхамедәліұлы.
Іс-шара аясында балаларға арналған мазмұнды мәдени-танымдық және ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған әсерлі музыкалық және хореографиялық қойылымдар көрсетілді. Сонымен қатар түрлі ойындар мен шығармашылық бағыттағы белсенді сергітулер өткізіліп, қатысушылар мерекелік атмосфераға бөленді.
Шара соңында ерекше балаларға арнайы дайындалған сыйлықтар табысталып, олардың жүздеріне қуаныш сыйлады. Ата-аналар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай іс-шаралардың балалардың қоғамнан шет қалмай, өздерін еркін әрі сенімді сезінуіне үлкен ықпал ететінін атап өтті.