Қызылорда қаласындағы ауруханада екі айлық нәресте қайтыс болды.
Облыстық Полиция департаменті медицина қызметкерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын объективті әрі жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері басталды. Қылмыстық істі тергеу барысы департаменттің бақылауында, – делінген хабарламада.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бала жедел жәрдем бригадасы арқылы көпбейінді облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілген.
– Республикалық клиникалық орталық мамандары ем барысында балаға бірнеше рет телемедициналық кеңес өткізген. Аталған жағдай бойынша тексеру жұмысы жүріп жатыр, – делінген басқарма хабарламасында.
