Қармақшы ауданының экономикалық дамуында оң серпін бар. Аудан бюджеті биылғы І жартыжылдықта 8,9 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек айтты.
Жыл басында аудан бюджеті 12 млрд 176 млн теңге көлемінде бекітілді. Бірінші жартыжылдықта екі мәрте нақтылау жүргізіліп, нәтижесінде 21 млрд 115 млн теңгеге жеткен. Ал ауданның өз кірістері биыл 2 млрд 283 млн теңге болып бекітіліп, 6 ай қорытындысымен 411,8 млн теңгеге ұлғайған. Бұл – аудан үшін үлкен көрсеткіш.
– Макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығында оң өзгерістер қалыптасып отыр. Атап айтар болсақ, өнеркәсіп өнімі 118,7, өңдеу өнеркәсібі 118,6, ауыл шаруашылығы өнімі 101,8, негізгі қорға салынған инвестиция 103,1, құрылыс жұмыстары 109,1, тұрғын үйді пайдалануға беру 119, бөлшек сауда көлемі 102,3 пайыз.
Жалпы ауданымызда әлеуметтік-эконо¬микалық өсім, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жоба іске асырылып, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға айрықша мән берілуде, – дейді аудан әкімі.
Қармақшы – ауыл шаруашылығы саласына бейімделген аудандардың бірі. Сондықтан макроэкономикалық көрсеткіштерінің басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге байланысты. Биыл ауданда 25654 гектар егін егілді. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 13097, жаздық бидай 1000, мақсары 1200, күнбағыс 2, жоңышқа 8950, сүрлем жүгері 39, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1180 гектар.
Алқаптарды сумен қамту мәселесі де ретімен шешімін табуда. Биыл ауданның су лимиті 509 млн текше метр болса, бүгінге дейін 329 млн текше метр су егістікке алынып, лимиттің 65 пайызы пайдаланылды.
– Егінді қажетті сумен қамтамасыз ету және жайылымдық жерді суландыру мақсатында биыл республикалық бюджеттен 27 млн теңге қаржы қаралып, «Қуаңдария» ауылдық округі аумағындағы «Таңатар» каналы тазалануда. Бұл жұмыстар қыркүйек айында аяқталады. Десе де, су деңгейі былтырғыға қарағанда аз. Су тапшылығының алдын алуда кезектілік кестесі жасалып бекітілген, – дейді Жандос Еркінбек.
Экономиканың алға жетелеуші күші кәсіпкерлік екені белгілі. Қармақшыда бұл сала қарқынды дамуда. Бүгінде тіркелген кәсіпкерлік субъектінің саны 3205-ке жетті. Оның 3051-і белсенді жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламалары арқылы 772,3 млн теңгеге 33 жоба несиелендірілді. Атап айтқанда, «Бірыңғай кешенді бағдарлама» шеңберінде екінші деңгейлі банктер арқылы сауда саласындағы 4 жобаға 95 млн теңге несие берілсе, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жүзеге асырылатын «Агробизнес» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығына бағытталған 9 жобаға 571,1 млн теңге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 20 жобаға 106,2 млн теңге қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында, өз кәсібін бастауға ниетті әлеуметтік осал топқа жататын 48 азаматқа (оның ішінде Байқоңыр қаласынан 11, Қармақшы ауданынан 37 адам) жалпы көлемі 75,5 млн теңге болатын қайтарымсыз грант беруге комиссия оң шешім қабылдады.
Бұл көрсеткіштер – Қармақшы ауданында кәсіпкерлік саласының жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі.
Газдандыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Қазіргі таңда Дүр Оңғар ауылына газ тартылуда. Оған өткен жылы облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлінсе, биыл шілде айында Ұлттық қордан 5,2 млрд теңге қаралып, мердігермен қосымша келісімшарт жасалуда. Жоба аясында 86,9 шақырым газ құбыры және 3 газ реттегіш шкафты пункт орнатылады.
Сонымен қатар, «Иіркөл» және Төребай би ауылдарына газ тартуға жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, облыстық бюджеттен 643,4 млн теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аудан халқының 78 пайызы табиғи газдың игілігін көруде.
Жалпы ауданның қай саласын алсаңыз да, оң өзгерістер анық байқалады. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдаудың, жергілікті биліктің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Инфрақұрылым, мәдениет, білім, денсаулық, спорт салалары да өрлеу жолына түскен. Алдағы уақытта бұл игі бастамалар жалғасын тауып, аудан экономикасы мен тұрғындардың әл-ауқаты одан әрі жақсара түсері сөзсіз.
Сурет Өңірлік коммуникациялар қызметінен